Денсаулық сақтау министрлігі

Көкшетауда ауылдан келген жүкті әйелдерге арналған пансионат ашылды

07.08.2025 07:36

Көкшетауда көпбейінді облыстық аурухананың перинаталдық орталық базасында «Дені сау ана» пансионаты ашылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен, Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ашылған жаңа нысан ана мен баланың денсаулығын сақтауға және перинаталдық нәтижелерді жақсартуға бағытталған. 

Пансионат облыстың шалғай және ауылдық аудандарынан асқыну қаупі жоғары жүкті әйелдерді жоспарлы емдеуге жатқызу үшін 10 төсекке есептелген. Қажет болған жағдайда төсек орын саны 20-ға дейін кеңейтілуі мүмкін.

Министрлік ақпаратынша, болашақ босанатын әйелдер мұнда босану алдында медицина қызметкерлерінің динамикалық бақылауында болады. Акушерлер жүкті әйелдер мен ұрықтың жағдайын тәулік бойы бақылайды. Босану басталғаннан бастап және қандай да бір шағымдар анықталғаннан кейін дәрігерлер жедел медициналық көмек көрсетеді.

Пансионат білікті медициналық көмектің ерте кезеңде қолжетімділігін қамтамасыз етуге, асқынуларды уақтылы анықтауға және жедел тәсілдік  шешімдер қабылдауға, сол арқылы жедел жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.