Жаңалықтар

Көкпаршылар Көшпенділер ойындары ұйымдастырылатын алаңда алғашқы дайындықтарын өткізді

Көкпаршылар Көшпенділер ойындары ұйымдастырылатын алаңда алғашқы дайындықтарын өткізді
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы 28.08.2024 18:07 524

Көкпардан ұлттық құрама спортшылары елордадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін «Қазанат» ипподромында көкпар және көкбөрі спорттары бойынша дайындыққа кірісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көкпардан ұлттық құрама мүшелері сақадай сай. Біз Астанаға ертерек келіп, жылқылардың алаңға жылдам бейімделуіне жағдай жасап жатырмыз. Бүгін алаңмен таныстық. Сапасы өте жақсы. Әрине, дүбірлі дода өз жерімізде өтетін болғандықтан үлкен жауапкершілікті сезініп жатырмыз. Қолымыздан келгенін жасаймыз. Ең бастысы – көшпенділер ойындарында сәтті өнер көрсетіп, алтынға қол жеткізу, – деп атап өтті көкпардан ұлттық құрама капитаны Құрманбек Тұрғанбек.

Көкпар және көкбөрі спортынан сайыс қыркүйектің 9-ы мен 12-сі аралығында елордадағы «Қазанат» ипподромының аумағында өтеді. Әр спорт түрінен 12 қатысушы болады.

Еске сала кетейік, Республикалық «Көкпар» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.

Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға