Кофеиннің депрессияға қалай әсер ететіні анықталды
Кофеин созылмалы күйзелістен туындайтын депрессиямен күресте күтпеген одақтасқа айналуы мүмкін. Бұл жөнінде European Journal of Pharmacology журналында жарияланған зерттеуде айтылған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ғалымдардың тәжірибесі көрсеткендей, стресс алдында кофеин қабылдаған тышқандарда мінез-құлық өзгерістері мен «ішек–ми» өзара байланысындағы бұзылыстар байқалмаған.
Эксперимент барысында созылмалы әрі болжаусыз күйзеліске ұшыраған жануарларда депрессия мен мазасыздық белгілері байқалды: тәтті тағамға қызығушылық төмендеді, қозғалыс белсенділігі азайды, салмақ жоғалтты. Ал стресс басталғанға дейін кофеин қабылдаған топта бұл көрсеткіштер бақылау тобымен бірдей деңгейде қалды.
Ұлпа талдауы кофеиннің ішектің қорғаныс тосқауылын сақтап, пайдалы микробиотаның құрамын тұрақты ұстайтынын көрсетті. Сонымен қатар, гиппокамп аймағында нейроқабыну белгілері байқалмады. Қабынуға ықпал ететін цитокиндер мен күйзеліс маркерлерінің деңгейі қалыпты болды.
Зерттеу авторларының айтуынша, кофеинді алдын ала қабылдау — ішек пен миды қатар қолдай отырып, күйзеліс тудырған депрессияның алдын алуға бағытталған әлеуетті стратегия бола алады. Бұл механизмдердің адам ағзасында қалай жұмыс істейтіні алдағы зерттеулерде нақтыланады.
Айта кетейік, бұған дейін ғалымдар күніне 1–2 кесе қара кофе ішудің денсаулыққа ұзақ мерзімді пайдасы бар екенін дәлелдеген. Мұндай әдет мерзімінен бұрын өлім қаупін шамамен 14 пайызға төмендететіні анықталған.

