Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде кофенің зияны туралы видеолар кеңінен таралуда. Авторлар миллиондаған адамның сүйікті сусыны ағзада темір жетіспеушілігін тудырады деп мәлімдеуде. Бұл туралы «Спорт-Экспресс» басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Темір деген не және оның ағзаға қандай пайдасы бар?
Темір - ағзадағы маңызды процестерге қатысатын өмірлік маңызды микроэлемент. Ол эритроциттер мен гемоглобин құрамына кіріп, оттегіні тіндер мен ағза мүшелеріне тасымалдауға көмектеседі. Ағзада темір жетіспесе, дене «тұншыға» бастайды.
Темір жетіспеген жағдайда әлсіздік, бас айналу, иммунитеттің төмендеуі, жүрек қызметінің бұзылуы, шаштың, тырнақ пен терінің жағдайының нашарлауы байқалады.
Темір - «мінезді» элемент. Оның ағзада дұрыс сіңуі үшін бірқатар талаптарды сақтау қажет.
Кофе темірдің сіңуіне қалай әсер етеді?
Азық-түліктен темірдің бірнеше түрін алуға болады. Біріншісі - гемді темір, ол жануар тектес өнімдерден алынады және ағзаға жақсы сіңеді. Екіншісі - гемді емес темір, ол өсімдік тектес тағамда кездеседі және сіңуі сәл қиынырақ. Өйткені өсімдікте темірдің сіңуіне кедергі келтіретін кейбір заттар болады.
Ал кофе ше? Бұл сусындағы таниндер мен полифенолдар гемді емес темірдің сіңуіне кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті кофе бұл элементтің сіңуіне кері әсер етуі мүмкін, бірақ бұл барлық адамға емес, темір жетіспеушілігі диагнозы қойылған адамдар мен вегетариандар сияқты қауіп тобындағы жандарға қатысты.
Толыққанды әрі түрлі тағам тұтынатын, дені сау адамдар үшін кофенің темірге әсері айтарлықтай сезілмейді. Дегенмен тіпті олар үшін де бұл мәселені болдырмаудың жолдары бар.
Қауіпті қалай азайтуға болады?
Кофенің теріс әсерін азайту үшін, оны құрамында темір көп өсімдік тектес тағамдармен бірге тұтынбаған жөн. Сондай-ақ рационыңызға С витаминін қосуға болады - ол темірдің сіңуін жақсартады және кофенің кері әсерін төмендетеді.
Сонымен қатар, темір қоспаларын қабылдайтын болсаңыз, дәріні кофемен ішпеңіз. Бұл оның тиімділігін төмендетеді.

