Жаңалықтар

Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кесенесі

Әлемге аты мәшһүр Қорқыт ата мемориалды кешені
Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кесенесі
22.05.2017 15:55 56844

Ерекше сәулетімен алыстан менмұндалап тұратын баба кесенесі рухани дүниенің есігі іспетті. Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кесенесі адамзатқа күйбең тірліктің шеңберінен шығуды, әрбір сәттің құнды екенін бағалай білуді еске салып тұрғандай. Қорқыттың мәңгілік өмір дегені де қайталанбас уақытты қадірлеп, келешекке өнер, руханият арқылы өшпес із қалдыру болса керек-ті. 

Әлемге аты мәшһүр Қорқыт ата мемориалды кешені Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт станциясына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Коммунистік партияның асқақтап тұрған шағында сол кезеңдегі аудан басшысы Елеу Көшербаев осы кешенді тұрғызуға ерекше ықпал жасаған еді. Соның нәтижесінде кешен құрылысы 1980 жылы архитектор Б.Ә.Ибраев пен физик-акустик С.И.Исатаевтың жобасымен басталған. 

1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалған. Ал 2000 жылы кешен жанынан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде Қорқыт ата музейі ашылды. Музей қорында Қорқыт ата туралы материалдармен қамтамасыз етілген 2500-ге жуық экспонат сақталған. Онда Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы ауқымды мәлімет қоры бар.

Кешеннің жаңа тынысы

2014 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Қорқыт ата мемориалды кешеніне көркемдік деңгейі жоғары, тарихи-мифологиялық мән-мазмұны терең, архитектуралық шешімі заманауи талаптарға сай соңғы үлгіде жасалған берік құрылыс материалдарынан қайта жаңғырту жұмыстары (реконструкция) жүргізілді. Кешеннің аумағы ұлғайтылып, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жасалған. Мұндағы ғимараттар қазіргі заман талабына сай үлкейтілген. Кешендегі басты ескерткіш – қобыз 8 метрден 12,1 метрге биіктеді. Кешенде жаңадан әкімшілік ғимараты салынып, қызметкерлер қатары да артқан. Бұл Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің әр түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға Түркі өркениетін кеңінен насихаттау үшін жасалған өзгерістер болатын.

Олжас Бегалиев, Қорқыт ата мемориалды музейінің ғылыми қызметкері:
– Кешен аумағында орнатылған қобыз ескерткіші төрт элементтен тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін көрсетеді. Оның түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылған тәрізді Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. 
Кешендегі ерекше ескерткіштің бірі – қошқар мүсіні. Қошқар ежелгі арии мен қазақ мифологиясында Көктәңірінің олжасы мен теріс күштерден қорғаушы символ болып саналады. Сондықтан мүсін қошқар бейнесі мен сақ грифінің – гриф басы, арқасындағы қанаты, аяғы сфинкске ұқсас жиынтығы күрделі сипаттамадан тұрады.
Ал кешендегі амфитеатр көне Рим дәуіріндегі архитектуралық құрылыс үлгісінде салынған. Ол түрлі ойындар мен сайыстарды тамашалайтын орын. Амфитеатрдың ортасында дөңгелек алаң бар. Көрермендерге арналған орындар тұйық шеңберленіп келіп, сатылап көтеріле береді. Бүкіл түркі тілдес елдер арасында өтетін «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты өнер фестивалі дәстүрлі түрде екі жылда бір рет кешеннің амфитеатрында өтеді. 

 «ЕХРО-2017» көрмесі – Қорқыт ата жерінде 

Бүкіл түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт атаның мемориалды кешені тек қазақстандықтардың ғана емес, шетел азаматтарының да қызығушылығын туғызған қасиетті орын. Әсіресе, қайта жаңғырту жұмыстарынан соң тарихи-мәдени мұраны көруге келетін шетел азаматтары толассыз көрінеді.

Олжас Бегалиев, Қорқыт ата мемориалды музейінің ғылыми қызметкері:
– Туристердің көпшілігі Германия, АҚШ, Қытай, Түркия, Франция елдерінен келеді. Соған сәйкес Қорқыт ата мемориалды музейінде шетел тілін білетін мамандар жұмыс істейді. Қайта жаңғыртуға дейін кешенге келушілер саны 12-13 мыңға жуық болса, 2014 жылдан бастап 20 мыңға дейін жетіп отыр. Қорқыт ата кесенесіне зиярат етушілер күннің ыстық-суығына қарамайды. Қасиетті мекен ешқашан меймансыз болмаған. Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолы ашылғаннан кейін көлікпен келушілер саны артты. Мұнда күніне шамамен 20-30 көлік аялдайды. Сонымен қатар, Қорқыт ата кешені «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне келетін меймандар аялдайтын нысандардың қатарына енді. Қорқыт ата жерұйық деп танып, мәңгілік тыныс тапқан мекен жер шарының әр аймағынан  келетін қонақтарды қарсы алуға әзір. «ЕХРО-2017» халықаралық мамандырылған көрмесіне орай облыстың қолөнер шеберлерімен бірлесе отырып, арнайы кәдесыйлар дайындалу үстінде. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында музей қорында сақталған этнографиялық экспонаттардан көрме ұйымдастырылады. Сонымен қатар, кешен жанынан этноауыл құрылмақ. 

Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт атаның  мұрасы – баға жетпес рухани қазына. Сыр бойында өмір сүрген ежелгі Оғыз тайпаларының ұзаны (жырау), «Кітаби дәдем Қорқыт» эпопеясын тудырған үлкен эпос орындаушысы Қорқыт атаның асқақ кесенесі қасиетті мекеннің кереметін осылайша әлемге паш етпек. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға