El.kz

Көбейту кестесін шатастыратын оқушылар көбейді - Жұлдызай Мұсаева

05.02.2026 13:07

JUZ40 компаниясының негізін қалаушы Жұлдызай Мұсаева El-Women жобасына берген сұхбатында ҰБТ нәтижесіне әсер ететін негізгі мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, ұлттық тестілеуден қиналмай өту ең алдымен мектеп қабырғасындағы білім сапасына байланысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Кәсіпкердің сөзінше, мектептен берік база алған оқушы үшін ҰБТ - еңсеруге болатын кезең. Ал соңғы жылдары дайындық барысында білім деңгейіндегі алшақтық айқын сезіле бастаған.

Жұлдызай Мұсаева бүгінде Қазақстанның әр өңірінен, әсіресе ауылдық жерлерден келген талапкерлермен жұмыс істеп жатқанын айтады. Сол арқылы мектептегі білім сапасының нақты көрінісі байқалады. Оның айтуынша, қазір математикадан бастапқы негізі әлсіз, тіпті көбейту кестесін шатастыратын оқушылар көбейген. Бұл үрдіс биыл ерекше байқалған.

Қазіргі таңда біз ҰБТ-ға дайындық барысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен ауылдық балаларды жиналып алып, дайындап жатырмыз. Көп жерде мектептегі білім сапасының қандай деңгейде екенін біліп жатырмыз. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, көбейту кестесін де шатастыратын, математикадан бастапқы базаны үйретіңіздерші дейтін оқушылар көбейіп кетті. Осы жылы ерекше көбейді, өйткені, бізде математикадан мәселе болмайтын. Біз оны неліктен деп үңіліп қарасақ, қазір 11-сынып оқитын оқушылар кезінде карантин кезінде математиканың нағыз базасын қалыптастыратын кезде онлайн оқыған оқушылар екен, - дейді Жұлдызай Мұсаева.

Сонымен бірге, ол «мықты оқушы қосымша дайындықсыз-ақ жоғары балл жинай алады» деген пікірмен толық келіспейтінін жеткізді. Оның пікірінше, олимпиадаға қатысатын оқушының тренері болатыны секілді, ҰБТ-ға дайындалатын талапкерге де бағыт беретін маман қажет.

Білім сапасы жоғарылай берсе, балалар ҰБТ-ға қосымша курстарға қатысып, дайындалмас па еді?» деген секілді ой да туындайды. Дегенмен, оған да 100 пайыз келісе бермеймін, өйткені, қанша жерден мықты оқушы болса да, мысалы, олимпиадаға қатысқан кезде оның тренері болады ғой. Ол мен мықтымын, менің қабілетім бар деп өзімен-өзі дайындалып жүре алмайды. Оған да бағыт беретін адамдар керек. Біз де оқушыларды бір олимпиадаға, чемпионатқа дайындап жатқан сияқты оларға бағыт беріп отырамыз. Мысалы, бізге қаншама мықты оқушылар келеді, соның өзінде 80-90 балл алады. Сосын барып 130-140 балға жетеді. Көбі 110-120 балл алатын оқушыларды жинап, 140 балл шығарып жатыр деп айтып жатады, - дейді ол.

Кәсіпкер ауылдық жерден келіп, алғашқы сынақта 30–40 балл жинаған оқушыны 80 баллға жеткізудің өзі маңызды жетістік екенін атап өтті. Сондықтан әр оқушы өз мүмкіндігін ескеріп, шынайы мақсат қоюы керек.

Барлық оқушылар жоғары балл алып кетпеуі мүмкін. Кейбір оқушылар ауыл-аймақтарда оқығандықтан алғашқы тестілуде 30-40 балл алады. Олар 40 балмен келсе де, 80 балға жеткізудің өзі жетістік деп ойлаймын. Көп оқушылар «30-40 бал жинап келіп, мен неге 120 балға жетпедім?» деп ойлайды. Әркім өзінің шамасына қарай да мақсат қоюы керек. Барлық оқушы жоғары балл алмауы мүмкін, дегенмен, біз барынша прогресс көрсетуге әрекет жасаймыз, - деп атап өтті.

Жоғары балл үшін, оның айтуынша, бірнеше шарт қатар орындалуы тиіс: мектептегі білімнің мықты болуы, нақты жоспар, тәртіп және айқын мақсат. «Мен не үшін ҰБТ тапсырып жүрмін?» деген сұраққа нақты жауабы бар оқушы ғана ұзақ дайындыққа төтеп бере алады.

Ал жоғары балл, 140 балл алу үшін мектепте алған білімі жоғары болуы керек. Одан бөлек оқушы жоспармен жүріп, дисциплинасын қалыптастыруы керек. Ең бастысы, баланың мақсаты болуы керек. «Мен не үшін ҰБТ тапсырайын деп жатырмын? Не үшін жоғары балл алуым керек? Не үшін грантқа түсемін?» деген сұрақтарға нақты жауап беруі керек. Мақсат қойып, ниеттеніп алғаннан кейін қатаң тәртіппен жұмыс істеуі керек. Өйткені, ҰБТ-ға дайындық кезінде 9 ай немесе 2 жыл дайындалатындар бар. Уақытпен жұмыс істеу керек, үлгермей қалып жатады. Қазіргі таңда жастар телефонға кіріп кетеді, ТикТок-та отырып қалады. Сосын қай уақыты қалай өткенін білмей қалады. Одан кейін оқушыға сенім керек. Ол оқушы «Мен өзіме сенемін, жоғары балл алып шығамын» деген жақсы оймен барса, жоғары балл жинайды. Көбі қанша жерден қабілеті жоғары болса да, өзіне деген сенім болмаса, «менің қолымнан келмейтін сияқты» деп өзін басқалармен салыстырып кетеді. Қобалжығандықтан білген жауабын шатастыратын оқушылар бар, - дейді Жұлдызай Мұсаева.

Сондай-ақ, Жұлдызай Мұсаева уақытты дұрыс басқармау мен өзіне сенімсіздікті талапкерлердің басты қателіктерінің бірі деп санайды. Қобалжып, өзін өзгемен салыстыратын оқушылар кейде білгенін де ұмытып қалады. Ал өзіне сеніммен барған талапкердің нәтижесі де соған сай болады.