Жаңалықтар

Қызықты криминалистика

Қолыңмен жасағанды мойныңа салып береміз!
Қызықты криминалистика
25.01.2018 10:15 12731

Түн қатып қашып келесің. Қылмыс жасаған жеріңнен. Әрине, құтылып кетуге үміттісің, әйтпесе ұсталамын дейтін болсаң - қылмыс жасамас едің, жасасаң – қашпас едің.

Иә, екі жағдайда сен бұл қылмысқа ешқашан бармас едің. Біріншіден - ұсталатыныңды білсең; екіншіден,  артыңа сондай қуатты - криминалистика ғылымы түсетінін білсең. Күмәніңіз болмасын: сені ұстайды және тиісті жазаңды береді! Себебі саған қарсы мыңдаған білімді адамдар, аппараттар және... иттер мен шіркейлер жұмыс істейді.

Кәсіби тергеушілер «менттер» туралы сериалдар мен детектив фильмдерге миығынан күледі. Кинодағы із кесу амалдарының 95 процентіне дейін шындыққа жанаспайтын көрінеді. Себебі сот - айыптаушының кинодағыдай ақылды да қисынды монологын емес, тек бұлжытпас дәлелдерді ғана қабылдайды. Ал ондай дәлелдерді іздеу және табумен - криминалистика ғылымы айналысады. Егер алда-жалда ірілі-ұсақты қылмыс ойластырып жүрген болсаңыз, криминалистиканың әлеуетімен бір танысып шығыңыз: бәлкім, райыңыздан қайтарсыз.

Адамның досы-қылмыстың жауы

Одорология - криминалистиканың иістерге қатысты бөлімі. Ал иістен ең мықты «маман» - ит. Және ол өз тұғырын биыл бере қоятынға ұқсамайды. Себебі заманауи газанализаторар әлде хроматографтар ит  мұрнының сезімталдығына бір елі де жақындаған жоқ. Итке иісті сезу үшін заттың бір текше сантиметр ауада 700 түйір(!) молекуласы жеткілікті. Ал бір текше ауада 27 квинтиллион молекула барын ескеріңіз. Осылайша, иттің иіс сезгіштігі адамнан 8001 есе жоғары.

Қазірде иісшіл иттердің көмегімен ашылған қылмысқа сан жетпейді. Неге «көмегімен ашылған», неге «дәлелденген» емес? Себебі иттердің «куәлігі» әлі де процессуалдық кодексте дәлел ретінде қабылданбайды. Бірақ тергеушіге істі қай бағытта «қазу керек екенін» әдетте дәл көрсетеді. Қазіргі сот жүйелерінің итке сенімі артып келе жатқаны сондай, мысалы Австрияда иісті 4 иттің қатарынан тануы – ДНҚ сараптамасына пара-пар болып есептеліп, генетикалық зерттеулер жүргізілмейді.

Одорологиялық зерттеулер мақсатында кинологтар тіпті иттің арнайы тұқымдарын да шығарған. Мысалы, температура айырмасынан иттің әр жердегі иісшілдік қабілеті әр түрлі болатыны байқалған.

Түркімен қорқауы ©iranicaonline.org

Сондықтан, иіс алуда температура талғамайтын иттің тұқымы шығарылған. Мысалы АҚШ-тың кейбір аэропорттарында лайка мен түркімен қорқауының будандасуынан туған иттер бар. Себебі лайка – аязда туған, ал түркімен қорқауы – ыстықта мекендеген. Ендеше, ауа-райының алуандығы бұл иттерге кедергі болмайды деп есептеледі.

Энтомология немесе адвокат-шыбындар

Бір қарағанда, жәндіктерді зерттейтін энтомология ілімі мен тергеу ілімімен байланысы жоқ болып көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт дәлелдегендей, криминалистика ебін тауып, шыбын-шіркейлерді де «сөйлете» алды.

1950 жылы Венгрияда мынадай қылмыс болыпты. Бір паромшы сағат 18:00-де жұмысына келеді. Бірнеше сағаттан кейін сол жерден почтальонның мәйіті табылады. Бауыздап кетіпті.

Әрине, полиция бірден паромшыны тұтқындайды. Тергеу болып, сот оны өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кеседі.

Почтальонның мәйітін келесі күні сағат 16:00-де қараған медсарапшылар онда шыбынның сарғыш тартқан жұмыртқалары мен шіркейлерін  көреді. Бұл жәйтке аса мән бермей, тек  хаттамаға енгізеді де қояды.

Тек сегіз жылдан кейін барып осы жәйтке назар аударады. Оның мәні мынада. Көгілдір мәйіт шыбыны lucilia vicina қараңғыда ешқашан жұмыртқа салмайды екен.  Оның үстіне оның жұмыртқалары тіпті жылы жерде ешқашан 10-16 сағаттан ерте жарылмайды екен. Ал айыпталушы паромға қараңғыда келген. Осылайша жаңа сот процесі ұйымдастырылып, кінәсіз жан 8 жылдан соң ақталып шықты.

lucilia sericata шыбыны ©peoplesnetworknz.info

Алайда шыбынның ақтауға қалай күші жетсе, даттауға да күші солай жетеді. Бірде Австрия полицейлері ауылдық жерден әйелдің мәйітін тауып алады. Денесіндегі шыбын жұмыртқалары - әйелдің бұл жерде өлтірілмегеніне, қаладан әкеліп тасталғанына нұсқайды. Себебі lucilia sericata шыбынының тек қалада болатыны белгілі еді. Шынында да, із кесу полицияны Венаға әкелді.

Сондай-ақ, lucilia caesar шыбыны қылмыстың орманда болғанын, coelopa frigida шыбыны қылмыстың жағалауда болғанын, ал ophira aenescens шыбыны қылмыстың ауылдық жерде болғанын «айтып» бере алады.

Шыбынның мәйіттегі ізін жою еш мүмкін емес! Олардың кейбіреуін азот қышқылымен де, тіпті өртеп те жоюға келмейді. Теннесилік(АҚШ) сарапшы Билл Басс бірде машинасымен бірге өртеніп кеткен мәйітті зерттейді. Ол адам үш апта бұрын жоғалып кеткен екен. Кездейсоқ қайғылы қаза дей беруге бола ма?

Бірақ мәйіттің бас сүйегін ашқан Билл бұл кісінің - өлтірілгеніне көзі жетті. Себебі бас сүйекті ашқанда онда шыбын жұмыртқалағанын көрді. Ендеше мәйіттің әуелі өлтіріліп, сосын әкеліп өртелгеніне күмән қалмады. Бұдан кейін мұқият зерттеуге көшкен Билл оның омыртқадан пышақталғанын да анықтады.

Оқтар сөйлейді

1915 жылдың 22 наурызы күні Нью-Йорк штатының фермаларының бірінде жалдамалы жұмысшы Чарльз Стиллоу қора-қопсыны қарауға шығып, әйелдің шыңғырғанын және әйнектің сынғанын естиді. Ол бірден қожайынының үйіне келіп, ас бөлмедегі есіктің ашық тұрғанын байқайды. Ас бөлмеге өтіп, қожайыны мен аспаз әйелдің жерде сұлап жатқанын көреді. Чарльз бұл сұмдықты бірден полицияға хабарлайды.

Полиция келіп, тергеуді бастап кетеді. Олар қожайынның жатын бөлмесінің астан-кестені шыққанын көреді. Әсіресе тартпалардың барлығы ашылған екен. Қожайынның жиені бұл тартпаларда марқұмның ақша сақтағанын айтады. Полиция бұдан – үйге ұры түскен кезде, қожайын мен аспаз әйел оны көріп қалған, ұры сондықтан екеуін де атып тастаған деген қорытындыға келеді.

Бірақ полиция айтқандарынан жаңылыса беретін жалдамалы жұмысшы Чарльз Стиллоудан да күдіктенеді. Оны қамауға алып, бірнеше күн қинап тергейді. Айта кету керек, Чарльз басында ештеңені мойындамайды. Тек тағы бірнеше тергеуден кейін өзінде тапанша барын айтады. Тапаншам барын айтсам, мен деп ойлап қалады деп күдіктендім дейді. Полиция тапаншаны тауып алып, оның оғының калибрі кісі өлтірілген оқпен сәйкес екенін анықтайды. Ал тағы бірнеше күннен кейін ауыр тергеулердің нәтижесінде қожайыны мен аспаз әйелді өзі өлтіргенін мойындайды.

Қарап тұрсақ, бір іс бітті деуге болар еді. Бірақ америкалық сот үшін жай ғана мойындау жеткіліксіз. Тіпті Чарльз Стиллоудың тапаншасының калибрі - қылмыс жасалған оқпен сәйкес келіп тұрса да, оны сот жай ғана сәйкестік деп тануы мүмкін еді. Оның үстіне, сотқа аз қалғанда, айыпталушы Чарльз Стиллоу өз сөзінен бас тартып, мен ешкімді өлтірген жоқпын деп шықты.

Ол уақыттарда оқ пен ату механизмдерін зерттеу ісі әлі де балаң еді. Ертеректе бірді-екілі оқты зерттеу әдістері болғанымен, оны сотқа ұсыну жеткіліксіз еді. Бірақ қызық сонда, қару-жарақтың дамуы ондай сараптаманы жеңілдетті. Себеп мынада болатын. Қарудың оқпанын бұрынғыдай тегіс емес, бұранда қылып жасаса – оқтың дәлірек ұшатынын байқаған өндірушілер, оқпанға иірім канал сала бастады. Сол кезде оқ айналып ұшып, нысанаға дәлірек барады екен:

Иірімді оқпан («винтовка») ©anacortesgunshop.com

Ал мұндай оқпан өз кезегінде оқтың сыртына қайталанбас бедер қалдырады екен:

Оқта оқпан каналынан қалған із ©youtube.com

Бұған алғаш назар аударған маман Альберт Гамильтон болды. Ол оқтардағы із – адамның саусақ ізі сияқты ерекше болатынын байқады. Фермердің үйінен табылған және күдікті Чарльз Стиллоудың тапаншасынан тест үшін атылған оқты салыстырғанда – екеуі бірдей боп шықты. Сөйтіп, айуандықпен екі кісі өлтірген қанішер Чарльз Стиллоудың өзі екені анықталды.

Осындай сүрлеуден өткен баллистикалық сараптама – қазіргі заманда қуатты электронды микроскоптармен, оқ-дәрі құрамы мен шығу тегін анықтайтын химиялық әдістермен, компьютерлік модельдермен жарақталған үлкен ілім.

Айтпақшы, мұны оқып алғаннан кейін, тегіс оқпанды мылтықпен атсам ешкім таба алмайды деп ойлап жүрмеңіз. Себебі патронның пистонын ұратын шүріппенің балғасының да өзіндік «қолтаңбасы» бар көрінеді:

«Арсенал» баллистикалық ақпараттық жүйесінен скриншот ©travmatik.com

Намыстан туған ілім

У мен улауды және улануды зерттейтін токсикология ілімі тек XIX ортасынан бастап мыстандар мен басқа да күдікті диуаналардың кәсібінен өз алдына ілім болып бөліне бастады. Және оған түрткі болған мына бір хикаят деседі.

1840 жылдар болатын. Астанадан - Ле Гланде провинциясына сұлу келіншек әкелген Шарль Лафарж бақытты еді. Париждік бикеш Мари Лафарж көңілінің сәулесі, жанының саясы еді.

Шарль Лафарж оның үстіне біршама дәулетті еді. Иелігінде әкесінен қалған көріктер мен пештер болатын. Бірақ әрқашан олай болған жоқ. Ол алғаш үйленгенде алған қалыңмалын кәсібін кеңейтуге жұмсап қойды. Сөйтіп жүргенде, әйелі қайтыс болды. Пештері де жұмысын тоқтатты. 1839 жылдан бастап кредиторлар маза бермеді. Ақыры ол бір амал тапқандай болды. Париждегі бір пысықай жеңгетайға тапсырыс беріп, өзіне бай келіншек іздеді. Сол баяғы, қалыңмалды жаратамын деген дәме ғой. Жеңгетай париждік 24 жастағы Мари Фортюнэ Каппельді тауып берді.

Мари Фортюнэ Каппель (кейін - Лафарж) ©licdn.com

Маридің хикаясы да бір есекке жүк болады. Оған әкесінің кедей болса да кербездену әдеті жұққан еді. Сондықтан, бай болмағанымен бақуатты әулеттен шыққан Мари жастайынан көзбояушылық жасап, жүрген жерінде өзін бай әулеттен шыққан адам ретінде көрсетуге машықтанып алды. Әрі, қолының да сұғанағы болғанға ұқсайды. Мысалы, құрбысының үйлену рәсімінің қарсаңында тойдың қымбат  әшекейлері ұлты-күйлі жоқ болды. Мари ханымның бет-бейнесіне осы жеткілікті деп ойлаймын.

Осылайша, Шарль Мариге үйленді. Үйленді де, кәсіптің соңына біржола түсті. Шаруаларымен апталап-айлап Парижге қатынауға да мәжбүр болды. Мари болса, оған Парижге жүрекжарды хаттар жіберіп тұрды. Тіпті бірде өзінің портретін салып жіберіпті. «Сүйем-күйем» деген хатпен бірге. Не керек, Шарльден бақытты адам болған жоқ сірә.

Мари тағы бірде Парижде жүрген Шарльге тәтті тоқаш пісіріп беріп жіберді. Бұл жүрек елжіретерлік сәлемдеменің іш ауыртып, жүрек айнытып, безгек сияқты ауыртқаны болмаса, Шарльді қуантты. Рас, тоқашты аяғына дейін жей алмай, лақтырып тастады.

Ауыратын уақыт та жоқ еді. Шарль Парижде 28 мың франк тапқан болатын. Онысы ең басты қарыздарды жабуға әбден жететін. Ендеше Шарль ауырса да, ауылына құстай ұшты.

Әлбетте, Мари оны қуана күтіп алды. Тіпті оралу құрметіне қақталған ет пен трюфель берді. Алайда Шарльдің жағдайы бұл тамақтан соң тіпті нашарлап кетті. Жүрегі айнып, денесі құрысып, дөңбекшіді. Жағдай ушығып, тіпті әулет дәрігері Бардуды шақыруға тура келді. Ол болса – безгектің белгілерін жазбай таныды.

Келесі күні Шарль тіптен нашарлады. Денесі одан сайын құрысып, шөл қысты, бірақ оған жеп-ішуге берілген нәрселерден халі тіпті төмендей берді. Ақыры үйге жиналған туыстары оған ештеңе ішіп-жемеші деп жалынды. Бұл жәйт ақыры дәрігерді қаладан шақыруға мәжбүрледі. Қаладан келген Леспинас есімді дәрігер Шарльдің жағдайынан – күшәннан (мышьяк) улану белгілерін бірден таныды. Алайда бәрі кеш еді. Шарль келесі күннің таңында көз жұмды.

Шарльдің өлімі провинциялық қалада пыш-пыш өсек тудырды. Оған себептер де бар-тын. Мысалы, біреулер - Шарль қиналып жатқанда, түк болмағандай, аспай-саспай жайбарақат жүрген жалғыз Мари екенін байқады. Оның үстіне Шарльдің апасы Алина, Маридің науқасқа ішуге берген суының түбінен ақ түсті ұнтақ байқаған еді. Ал Маридің, Шарль өлмей жатып, өз бөлмесінде қаралы киімдерін киініп дайындалғаны, нотариуске әлі өлмеген Шарльдің өсиетін беріп жібергені туралы қауесет жұртты кәдімгідей дүрліктірді. Сосын өсек-аяң тиісті адамдардың құлағына жетіп, ақыры Мариге улау арқылы қасақана кісі өлтірді деген айып тағылды.

Тергеу нәтижелері күдікті сейілтті. Маридің дәріханадан егеуқұйрықтарды улаймын деген сылтаумен өте көп мөлшерде күшән алғаны расталды. Оның Парижге тәтті тоқаш беріп жібергені, оны жеген Шарльдің бірден ауырғаны да белгілі болды. Бұған қоса, бақша күзеуші Альфред те Мариден егеуқұйрық улайтын паста алғанын мойындады. Бұл күшәннің Мариде мол болғанының айғағы еді.

Ал осы істі тергеген судья Моран бұл айғақтармен шектеліп қалған жоқ. Ол марқұм Шарлиді ауырған кезінен бастап қараған үш дәрігер – Барду, Массена және Леспинасқа ... Шарльдің мәйітін зерттеуді ұсынды. Себебі оның естуінше, Париж жақта тек тамаққа қосылған емес, сонымен бірге ағзадағы күшәнді анықтайтын әдіс шығыпты. Үш дәрігер бұл туралы естімесе де... білетін кейіп танытты. Себебі білмейміз деуге намыстанды. Олар тек – мәйітті зерттеуге өздерінің әріптестері Лафос пен Д'Абельді де қосуды сұрады.

Міне, токсикология ілімі дүниеге осындай жағдайда келіпті. Кез келген ілімнің дамуына қоғамның да ат салысқаны маңызды. Осы орайда Мари туралы – бүкіл Еуропаға, тіпті Америкаға тарап кеткен өсек, саржағал газеттердегі жанжалды мақалалар мен жаңалықтар тікелей пайдасын тигізді. Токсикология маңызды ілім болып қарастырылып, ақыры дамудың сара жолына біржола қойып кетті.

Айтпақшы, өмір бойы бас бостандығынан айырылған Мари Лафарж түрмеде естелік кітабын жазды. Ол кітабы 1841 жылы жарық көріпті. Кейін амнистия бойынша босап шыққан Мари өле өлгенше жұбайын өтіргенін мойындамай кетті...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға