Жаңалықтар

Қысқы Олимпиададағы жантүршігерлік оқиғалар

Төрт спортшының өлімі, бірнеше ауыр жарақаттар...
Қысқы Олимпиададағы жантүршігерлік оқиғалар
20.01.2018 12:42 8306

Біз үй жағдайындағы кей жаттығулардан жарақат алып, денемізді көпке дейін қозғалта алмай жүреміз. Кәсіби спортшылар үшін әр күн қауіп-қатерге толы. Ал бұл сәтсіздік Олимпиада ойындарында болса, қаншама төккен тердің, жұмсалған күштің зая кеткені.  

Олимпиада қарсаңында немесе дүбірлі дода өтіп жатқан уақытта спортшылар жаңа нәтиже көрсетіп, рекорд жаңарту үшін барын салатыны түсінікті. Ең қызығы, турнирдің фавориттерінен гөрі, аутсайдер саналған спортшылар көп жарақат алатын болып шықты. Сарапшылар квалификациялық іріктеуден өту үшін әлсіз спортшылардың шамадан тыс күш салатынын айтып отыр.

Олимпиада ойындарында неше спортшының жарақат алғаны туралы нақты статистика жүргізілмейді. Бірақ та, 2010 жылы Ванкуверде өткен айтулы турнирден кейін мынандай қызықты деректер пайда болды. Ақ ойындарға қатысқан 2567 спортшының 10 % жарақат алып қалған. Бұл 287 адамды құрайды. Әрбір жарақат алған төртінші спортшы әрі қарай жарысты жалғастырудан бас тартқан. Сәтсіздікке ұшыраған спортшылардың басым бөлігі нәзікжандылар. Жарақат алу коэффинценті жоғары спорт ретінде сноубординг саналады.

Сочиде өткен Олимпиадада нақты қанша спортшының жарақат алған туралы дерек жоқ. Десек те, ең көп жарақат алғандар сноубордшылар болып отыр. Жаттығу жүргізіп жатқан норвег қызы Торстейн Хоргмо сәтсіз секіріп, оңбай құлады. Ол медальға үмітті спортшылардың біреуі еді. Ал квалификация кезінде сноубордшы Хешти Буос, фин қызы Мерика Энне мен Америкадан келген Шон Уайт, чех Шарка Панчохова бірінен соң бірі жарақаттанып жатты. Тіпті, соңғысының өмірін сынып кеткен спорттық бас киімі құтқарып қалмағанда, не болары белгісіз еді.

АҚШ-тан келген 15 жасар Мэгги Войсин жаттығу кезінде тобығынан ауыр жарақат алмағанда, Ақ Олимпиадаға қатысқан өз елінің ең жас спортшысы атанар еді. Сол сияқты Канададан келген Юк Тсубота мен сноуборд спортынан әлем чемпионы атағы бар Ариэль Голд үшін Сочи-2014 сәтсіз болды.

Қос спортшының өлімі

\

1964 жылы Инсбрукта өткен Олимпиада қарсаңында екі бірдей спортшының өлімі тіркелді. Қысқы ойындардың басталуына екі жеті қалғанда поляк ұлтының өкілі британдық шанамен сырғанаушы Казимирц Кай-Скрзипски (Kazimierz Kay-Skrzypecki) спорттық құралымен сырғанап келе жатып, қатты жылдамдықпен ұшып кеткен. Алған ауыр жарақаттарынан спортшы тіл тартпай кетті. Дүбірлі доданың ашылуына 4 күн қалғанда, жаттығу кезінде шаңғымен құлдилау спортының шебері 19 жастағы автралиялық Росс Милн (Ross Milne) қатты жылдамдықпен, талдарға соғысқан. Бұқаралық ақпарат өкілдеріне Милннің спорттық бас киімсіз жаттығу жүргізгені айтылды. Бұл оқиғалардан соң, қауіпсіздік шаралары қатаң қадағаланып, Олимпиада комитеті бірнеше шешім шығарды. Кай-Скрзипски мен Милннің өмірін қиған шана мен шаңғышылар жолдарының жағасына қосымша бөгеттер қойылып, артық ағаштар толығымен кесіліп тасталды.

Альбервилдегі ажал

1992 жылы өткен қысқы Олимпиада ойындарында тағы бір спортшы ажал құшты. 28 жастағы Швецария чемпионы  шаңғышы Николас Бочатай (Nicholas Bochatay) жаттығу кезінде қар тазалайтын машинаға соғылып, қайтыс болды. Бұл қайғылы оқиға Олимпиаданың жабылуына бір күн қалғанда орын алған еді.

Грузин спортшысының соңғы Олимпиадасы

Ванкувер Олимпиадасының ашылуына бір күн қалғанда шанашы Нодар Кумариташвили (Nodar Kumaritashvili) жаттығу кезінде спорттық құралымен бұрылыстардың бірінде қателесіп, темір бағанға соғысты. Ол 140 км/сағ жылдамдықпен түсіп келе жатқан. Нодар бар болғаны 21 жаста еді. Сол уақытта Ресей жаттықтырушысы Валерий Силаков күннен қорғау үшін шанашылардың трассасын темір бағандар тіреп, қалқалап қойған ұйымдастырушыларды кінәлады. Бірақ, ресми мәлімдемеде «спортшының өзі қателесті» делінген. «Кумариташвили 15-ші бұрылыста уақытынан кешігіп қалып, келесі бұрылысқа үлгере алмай қалған, сол себепті ол тепе-теңдігін барынша сақтағанымен, қайғылы жағдайға ұшырады». Дәрігерлер оқиға орнына бірнеше минутта жетіп, Нодардың өмірі үшін күрескенімен, аман алып қала алмады.

«Жарақатты» алтын

Көпдеңгейлі сынықтар поляк шаңғышысы Юстин Ковальчиктың Сочи Олимпиадасында алтын алуына еш кедергі келтірмеді (спортшы жаттығу барысында жарақат алып қалған). Ол ауырсынуды басатын дәріні қабылдап, 10 шақырымдық классикалық стилдегі доданы жеңіп алды. Бұл спортшының Олимпиададағы екінші алтыны. Ковальчик Ванкувердегі жарыста 30 шақырымдық марафонда алдына жан салмаған еді. Ол жарыс аяқталған соң, «осы сынға қатыспауымды қалаған көп адамдардың сөзі маған одан сайын күш берді» деді.

Патрик Ярбин

Шведтік таушаңғышысы Патрик Ярбин Ванкувер Олимпиадасындағы жарыс күні алып слаломнан құлады. Спортшы аман қалғанымен, арқасы мен бетін қатты жарақаттап алды.

Ауа ағыны

Трамплиннен секіруші Виталий Шумбарец, ресми дайындық күнінде ауа ағынына тап болып, тепе-теңдігін сақтай алмай, құлап, есін жоғалтып алды. Ол бірден Ванкувер емханасына жеткізілді.

Сочидегі сәтсіздік

Сочи Олимпиадасының тағы бір сәтсіздігі Мария Комиссаровамен байланысты. Ски-кросс жолында ресейлік спортшы бөгетке соқтығысып, омыртқасынан жарақат алды. Бұл жарақаттан соң, дәрігерлер Марияны ешқашан өз аяғымен жүре алмайды деген еді. Бірақ, жарақат Марияның бақытты өмірін жалғастыруға еш кедергі келтірмеді. Ол тұрмыс құрып, үзбей жаттығу жасап, орнынан тұра бастады. Қазірде бір баланың анасы атанып отыр.

Қысқы спорт жазғы ойындарға қарағанда жарақатқа толы. Ілгерідегі тізімге Олимпиадада болмаған тағы бір жайтты қосып қойсақ. 2009 жылы кезекті жаттығу барысында бобслейші Ирина Скворцова өлім аузынан қалды. Оған қызыл жанбай тұрып, ерлер командасына старт беріп қойған төреші кінәлі. Қатты жылдамдықпен келген ерлер Надежда Филина мен Ирина Скворцованың экипажына соқтығысты. Осыдан кейін Ирина төрт ай бойы ем қабылдады, 50-ден аса ота жасалды. Ол спорттық мансабын аяқтап, қазірде тележүргізуші қызметінде жүр.

Қай спорт қауіпті?

Британдық зерттеушілер ай сайын жарық көретін British Journal of Sports Medicine журналына жарақатқа толы қысқы спорт түрлерін жариялапты. Бұл тізімнен біз ең қауіпсіз деп санайтын керлингті де табуға болады.

Олимпиадалық бағдарламаардың ішіндегі сырттай еш қауіпсіз көрінетін «мұздағы шахмат» деп аталатын керлинг рейтингтің орта тұсына жайғасыпты. Оның қауіптілік деңгейі – биатлон, конькимен жүгіру, шана спорты секілді спорттардан жоғары, ал шаңғымен тармплиннен секірумен бірдей. Осы спортпен айналысатындардың 4 %-ы немесе 25 керлингшінің біреуі жарақат алады екен. Ғалымдардың жүргізген зертеуінде ең қауіпті спорт ретінде сноуборд-кросс саналады, онда спортшылардың 35 % жарақат алуы мүмкін. Ал екінші қауіпті спорт – фристайл (ски-кросс).

Биатлоншылардың жарақат коэффиценті ең төменгі орында. Олар шаңғымен жүгіріп, винтовка атса да оның пайыздық көрсеткіші бар-жоғы 1 % құрайды. Ал биатлонның алдында шана спорты тұр. Бұл спорттағы жылдамдық сағатына 147 шақырымға жетсе де, бобслей мен скелетоннан қауіпсіз деп саналады екен.

Осыған қарамастан шанашылар өз спортын «мұздағы формула-1» деп атайды. Олардың жарақат алу көрсеткішін ғалымдар 2 %-ға бағалап отыр. Осы шамалас қауіптілігі бар спорт могул шаңғы қоссайысы. Сонымен қатар, зерттеушілер спортшылардың қай дене мүшесінің жарақаты көп болатынын да зерттепті.

Атлетшілер тізесінен 39 % жарақат алса, бас жарақаты 30 % құрайды. Ал үшінші орында 27 %-бен табан жарақаты тұр. Басқа да статистиканы төменгі суреттен көруге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға