Кіріс түрінде көзге көрінетін нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз – Қошанов
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бюджет қаражатын тиімді жұмсауға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Төрағаның айтуынша, бюджетті қалыптастыру кезінде, әсіресе кіріс бөлігі бойынша үнемі дұрыс болжам жасалмайды.
Әлеуметтік-экономикалық даму жоспары экономиканың нақты мүмкіндіктерімен қабыса бермейді. Нәтижесінде біз елдегі нақты экономикалық жағдайдан алшақ болатын бюджет шығыстарын нақтылаймыз. Мемлекеттік органдар жыл сайын бюджетті қарау кезінде бізді мемлекеттік қазынаның теңгерімді екеніне сендіреді. Ал жыл соңында кіріс жеткіліксіз болып, Ұлттық қордың қаражатына жүгінеміз, - деді ол.
Қошанов Үкіметтің бұл жолы да елдің қаржылық тұрақтылығы үшін нысаналы трансферт сұрап отқанын алға тартты. Бұл өз кезегінде еліміздің бюджеті Ұлттық қордың қаражатынсыз шешімін таппай келетіндігін аңғартады.
Бұл жете ойластырылмаған, кәсіби емес тәсіл деп айтуға болады. Үкімет ішкі жалпы өнімнің өсуі, оң экономикалық қарқын туралы «әдемі» цифрлармен безендірілген баяндама жасайды. Ал іс жүзінде біз оны көріп отырған жоқпыз. Шағын және орта бизнес экономиканың қозғаушы күші болуы керек. Бірақ кәсіпкерліктің даму қарқыны және белсенділігі мардымсыз. Біз инфрақұрылымдық жобаларға, өңірлерді дамытуға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Бірақ кіріс түрінде көзге көрінетін нәтижеге қол жеткізе алмай отырғанымыз анық, - деп қосты Қошанов.
Мәжіліс төрағасының сөзінше, мұның бәрі, ұзақ мерзімді жоспарларды айтпағанда, тіпті бір жылдық перспективаның экономикалық тұрғыдан дұрыс жоспарланбайтынын көрсетеді.
Оның үстіне, ең негізгісі Үкімет келесі жылы бұл мәселені қалай шешетіні жөнінде өз ұстанымдарын депутаттарға көрсете алмауда. Сонымен бірге бүгін халықаралық банктерден тағы да қарыз алу туралы келісімдерді ратификациялауға алып келдіңіздер. Соның салдарынан, ел бюджеті Ұлттық қор ресурстарына да, сыртқы қаржы көздеріне де тәуелді бола түсуде. Менің ойымша, бюджеттік-фискалдық саясатта ғана емес, елдің жалпы экономикалық саясатында да тәсілдерді түбегейлі қайта қарау қажет, - деді Қошанов.
Ол жаңа экономикалық модельге көшу жолында ешқандай шаралар қабылданып жатпағанын қоса кетті.
Жыл қорытындысы бойынша, бірқатар тапсырманың орындалмай қалу қаупі бар. Үкімет биылғы бюджетті жоспарлау кезінде қажетті қаражаттың бәрі қарастырылды деп бізді сендірген еді. Бірақ ауылды дамыту, жайлы мектептерді уақытында салу мен әлеуметтік-медициналық қамсыздандыру және тағы да басқа маңызды мәселелерді шешу күрделі болып тұр, - деді ол.
Мәжіліс төрағасы Үкімет алдағы уақытта депутаттардың барлық ескертуін назарға алып, жұмысын мұқият талдап, саралауы қажеттігін ескертті.