Жаңалықтар

Киноға арқау болған ерлік

Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігін дәріптеген картина
Киноға арқау болған ерлік
21.02.2018 11:53 8183

20 ақпан күні «Қазақстан» орталық концерт залында Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі мен қайсарлығы туралы түсірілген «Алтыншы бекет» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша қазақстандық «Аю синема» кинокомпаниясы мен «Хабар» агенттігі бірлесіп, Ұлттық ұланның жауынгерлік қызметі туралы «Алтыншы бекет» атты толық метражды көркем фильм түсірген.

Сюжет желісіне Ұлттық ұлан жауынгері Ербол Отарбаевтың 2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзеу мекемесінің күзет қызметінде тұрған кезіндегі жанқиярлық ерлігі негіз болған. Сол кезде жас жауынгер қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл қоя білген.

Бұл туралы бүгінгі күннің батыры Ербол Отарбаев былай дейді: «Бұл 22 маусым таңғы 5-тер шамасында 6-күзет орнында жауынгерлік қызметімді атқару барысында болған оқиға еді. Сотталған азаматтар трансформаторды жарып, жарықты сөндіріп, маған қарсы оқ атып, қашуға тырысты. Осы төтенше жағдайда мен олардың үшеуін атып, өзім ауыр жарақат алдым. Сол оқиғадан соң, 6 ай ауруханада емделуіме тура келді».  

Ербол осы ерлігі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді.

«Бұл фильмде тек менің жауынгерлік ерлігім емес, Ұлттық ұлан сапында әскери міндеті мен борышын адал атқарып жүрген сарбаздардың өмірі сипатталған. Мен сол оқиға кезінде тек өз міндетімді атқардым деп білемін. Екінші өмір сыйлаған Аллаға алғысым шексіз. Фильмде менің 19 жастағы рөлімді сомдаған Санұржан Сүлейменов осыдан 8 жыл бұрын болған қанды оқиғаны шынайы жеткізе аллды. Ол осы фильмге түсер алдында казармаға келіп, әскери өмірдің қыр-сырына қанық болды», – дейді Ербол. 

Көркем фильмде басты рөлдерді Санұржан Сүлейменов, Жасұлан Өмірбек, Серік Салқынбаев, Ерболат Тоғызақов, Саят Исембаев, Жандос Жұмағұлов және тағы басқа актерлер сомдайды.

«Хабар» АҚ-ның төрайымы Алмагүл Ахметжанова: «Фильмге арқау боларлық бірнеше оқиғаның арасынан 8 жыл бұрын Ақтау қаласында болған осы оқиғаға тоқталдық. Біз сол кездегі сарбаздардың ерлігін барлық қазақстандықтар білуге тиіс деп шештік. Әрине, алғашқыда кішігірім сериал түсіріп, «Хабар» арнасынан көрсетеміз деп ойлағанбыз. Оқиғаның желісімен таныса келе, толық метражды фильмге лайық екенін ұқтық, кинотеатрлардан да прокатқа бере алатынымызды түсіндік. Қазір, бәріміз білетіндей отандық фильмдер комедия жанрының айналысында қалып жүр, біз осы тенденцияға өзгерту енгізуді мақсат тұттық. Шынайы оқиға негізінде түсірілген жаңа картина кинопрокатта көрермен тарапынан лайықты бағасын алады деген сенімдемін. Әскери тақырыпты қаузаған оның ішінде Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігін дәріптейтін алғашқы қарлығаш. Кейінірек осы фильм негізінде сырт қалған сюжеттердің басын біріктіріп, 5 сериялы телехикая көрсетеміз», – дейді.

Ал Ерболдың рөлін сомдаған актер Санұржан Сүлейменовтың айтуынша, бұл фильм қатардағы комедия емес, идеологиялық маңызы бар туынды: «Уақыттың аз болғанына қарамастан, кейіпкеріме көлеңке түсірмей, шынайы ерлігін көрсетуге барымды салдым. Оның батырлығының тәрбиелік мәні зор».

Фильмнің режиссері Серікбол Өтепбергенов көркем туындыда тағдыр жазуымен екі жақта қалған достардың өмірі баянадалатынын айтады. «Түсірілім барысында көптеген қиындықтарға тап болдық. Түсірілім жұмыстары күз мезгілінде жүргізілгендіктен, күн ұясынан кештеу көтеріліп, тез бататындығы бар, оның үстіне күн райы сұрқайланып, бұлтты, жаңбырлы күндер көп болды. Фильмнің түсіріліміне әскери техникаларды пайдаландық. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, ұшып-қонуы қауіпті болса да әскери тікұшақтарды шеберлікпен басқарған ұшқыштарға айтар алғысымыз зор. Ал, актерлердің көбісі әскери адамдар болды, яғни оларға үйретіп, мәтін жаттаудың еш қажеті болған жоқ. Былайша айтқанда, кинода өздерін өздері сомдады. Фильмнің бюджетіне тоқталсақ, 30%-ы «Хабар» агенттігінің, ал қалғаны 70% жеке өзіміздің қаржымыз. Бірақ, әлі нақты қанша жұмсалғаны есептелген жоқ. Әлі прокатқа шығуға дейін уақыт бар, фильмнің кем-кетігін түзейміз деген ойдамын», – деді.

Фильм 15 наурыз күні еліміздегі барлық кинотеатрларында көрерменге жол тартады. 

Баспасөз отырысынан кейін ҚР Ұлттық ұлан әскерінің басқолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов фильмге ат салысқан әскери қызметкерлер мен актерлерді төсбелгімен марапаттады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға