kino-teatr.ru

Киноға түскен қазақ боксшылары туралы не білеміз

25.01.2026 10:18

Спортта есімі белгілі спортшылар арасында киноға түскен жұлдыздар көп. Футболда Пеле, Зидан, Бекхэм, Неймар сынды жұлдыздардан бөлек, бокстан Майк Тайсон, баскентболшы Майл Джордан сынды жарық жұлдыздардың киноға да азды-көпті таласы болған.

Спорт әлемінде есімі көпшілікке танылған қазақ атлеттері өте көп. Солардың арасында бокстан бақ сынап, жанкүйерлерін таңқалғандары жетерлік. Олардың кейбірі киноға түсіп, көгілдір экран арқылы да көрермендердің ықыласына бөлене алды.

Қазақ боксында есімі Шоқыр Бөлтекұлынан кейін ерекше аталатын Әбдісалан Нұрмахановтың есімі көпшілікке ете таныс. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары КСРО құрамасында өнер көрсеткен аса ауыр салмақтағы боксшы Азия-Африка ойындарының жеңімпазы атанған. Ол Қазақстанның 11 дүркін чемпионы, КСРО чемпионаттарының 4 мәрте жүлдегері болды. Үлкен спортты қойғаннан кейін Нұрмаханов бапкрелікке ауысты. 1993-97 жылдардағы Қазақстан құрамасының бас бапкері болып қызмет атқарғаны ел есінде.

Әбдісалан Нұрмаханов (фото: ашық дереккөзден

Сонымен бірге, Әбдісалан Нұрмаханов еліміздің бокс тарихында Олимпиада чемпионын шығарған алғашқы бапкер. Ол Атлантаға бастап барған қазақ боксшылары арасында Василий Жиров жеңімпаз атанып, Вел Баркер кубогын иеленді.

Осындай табысқа жеткен Әбдісалан Нұрмаханов басты рөлді сомдаған “Синий маршрут” фильмі 1968 жылы көрерменге жол тартты. Режиссер Жәрдем Байтенов Нұрмахановқа бұл кинода Жол есімді бас кейіпкерді сомдауды сеніп тапсырып, бокстан бөлек өзінің актерлік қырын ашты. Бұл фильмде белгілі актер Қанабек Бәйсейітов, “Тақиялы періштеде” басты рөлді ойнаған Әбілғазы Райымбеков те кадрға түскен.

Серік Қонақбаев (Фото: ҰОК)

Қазақ боксшылары арасында Олимпиада жүлдесін алғаш иеленген Серік Қонақбаев шаршы алаңнан кеткен соң киноға түсті. Мәскеу Олимпиадасында күміс тағынған атлет «Вонг ханымның құпиялары», «Асуда» фильмдерінде ойнаған. Аталған кинокартиналар 1986 жылы жарыққа шықты. Бұл уақытта Қонақбаев үлкен спорттан кеткен шағы болатын.

Әбдірашид Әбдірахманов (Фото: ашық дереккөзден)

1980 жылдардың соңына таман көпшілік жылы қабылдаған «Балкон» фильмі естеріңізде болар. Бұл кинода майор рөлін сомдаған Әбдірашид Әбдірахманов бокстан екі дүркін КСРО чемпионы атанған. Ол спорттан кейін көптеген киноларды басты рөлді сомдады. Оның кинодағы жолы боксшы өміріне арналып, 1970 жылы түсірілген “Белый квадрад” фильмі арқылы танылды.

Айта кететін айт, Әбдірахманов Қазақстан боксшылары арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған алғашқы спортшы. Ол қырғыздың танымал боксшысы Орзубек Назаровты жаттықтырды. Кинодағы рөлі үшін Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі атанды.

 

Серік Сәпиев (Фото: ашық дереккөзен)

Қазақ боксшылары арасында Олимпиада чемпионы атанған Серік Сәпиев туралы Ақан Сатаев түсірген кино бары белгілі. Беріде түсірілген фильм қыруар ақша бөлінгеніне қарамастан жұмсалған қаржысын ақтамады деген сынға ұшыраған болатын. Сонымен қатар, Сәпиев Олимпиада чемпионы атанған жылы Илья Ильин, Александр Винокуров үшеуінің өмірін көрсететін сериал түсірілген болатын.

Жақында бокстан әлем чемпионы Төреханның Сабырхан да киноға түсіп жатқанын мәлімдеген еді. Ол желіде жазба жариялап, «Фильм жақында шығады. Кинотеатрдан күтемін» деп көпшілікті қызықтырып қойды. 

Төрехан Сабырхан (Фото: ашық дереккөзден)

Жалпы, әуесқой бокстан Олимпиада Ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанған италиялық Клементо Руссо есімді боксшы бар. Ол әлем чемпионатында екі мәрте топ жарған. Тіпті, ол 2013 жылы Алматыда 2013 жылы өткен дүниежүзілік біріншілікте жеңіс тұғырына көтерілгені жанкүйер жадынан өше қойған жоқ.

Руссо үлкен спортта жүрген 2011 жылы “Татанка” атты криминалдық киноға түскен. Бұл фильмде басты рөлді сомдады. Бұдан басқа Клементо тағы екі киноға түсті. 2018 жылы жарыққа шыққан картинаның бірі «Бык из Паллонетто» деп аталады.

Айта кететін жайт, Олимпиадада жүлде алған Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков, әлем чемпиондары Біржан Жақыпов, Асланбек Шымбергенов секілді боксшылар да отандық кинода эпизодтарда рөл сомдаған.