Кино – мемлекеттің бет айнасы
Кино – ұлттың болмыс-бітімін, таным-түсінігін, өмір сүру салтын көрсететін идеологиялық құрал. Алайда отандық кино өндіріс саласында космополиттіктің дәнін себетін өнімдер аз емес. Мұның себебін зерделейтін болсақ, әркім өзін ақтап алады. Нарық дейді, шетелге танылу дейді. Әйтеуір сылтау көп.
Өзіндік айтары бар, көрерменге қазақы құндылықты дәріптей алатын жобаларда жоқ емес. Соның бірі – «Ақжауын». Біз сериалдың продюсері Айкерім Самалбекқызымен арнайы кездесіп, қызықты әрі тартымды киноөнім түсірудің сырын сұрадық.
Шыны керек, 5-6 жыл бұрын өзбектің киноларын сүйсініп көріп, «е, қазақтарға мұндай кино түсіру қайда? Түсіре алмайды» деген пікірді жиі еститінбіз. Қазір мұндай пайымды ұстанатын азаматтардың азайғаны анық. Өйткені отандық кино өндіріс саласы жанрлық тұрғыда дамып, драма, комедия, фантастика, триллерді жиі көретін болдық.
Қоршаған орта проблемасы, адами құндылықтарды қамтыған «Ақжауын» сериалы көрілім жағынан отандық үздік 10 телеөнімнің қатарына енді. Әрине бұған түрлі фактілер әсер етеді. Танымал әртістер, телеөнімдегі оқиға желісі және т.б. Біздіңше, бұл сериалдың тартымдылығы әртістердің диологындағы динамика, әрі музыканы сәтті пайдалана білуінде. Бәрінен бұрын, шытырман оқиғаларға толы.
Яғни түсірілім тобы шығармашылық әлеуетін, көркемдік деңгейін дәлелдеп, көрерменнің ыстық ықыласын алған жоба ретінде баға беруге болады.
– Бізді қызықтыратыны, отандық теленарықта ұлттың ұпайын түгелдейтін жобалар. Әңгімені осы бағытта бастасақ, киноны өнер туындысы және қаржы табу көзі деп санайтындар бар. Сіз қайсысына басымдық бересіз?
– Киноны өнер тұрғысында қарайтын, қаржы табу көзі санайтын және мемлекеттік тапсырысты орындайтын кәсіби мамандар бар. Өз басым, киноны мемлекеттің бет айнасы, идеологиялық құралы ретінде бағалаймын.
– Киноиндустрия саласындағы тәжірибеңізбен бөліссеңіз.
– Теленарықтағы тәжірибем – 18 жыл. Бетке ұстар жобам – «Ақжауын». Сериалдың бірінші маусымын түсіргенімде тапсырыс берушілер мен көрермендердің сенімін ақтауға күш салдым, – деп әңгімесін бастады продюссер.
– Сериалдың негізгі ерекшелігі неде?
– Телехикая ірі бизнесмен мен экобелсенді қыз екеуінің арасындағы қызықты оқиғаларды қамтиды. Туындыдағы басты кейіпкерлер түрлі қиындықтарға тап болғанымен оны жеңе біледі. Телехикаяда бизнес саласы, қоршаған орта проблемасы, адами құндылықтар қамтылады.
Қазақтың бүгінгі өмір тынысын көрсету. Түріктің, кәрістің телесериалдарын көрсеңіз, кейіпкерлері зәулім үйде тұрады, бизнесі болады. Кино арқылы географиялық ерекшелігін, әсем табиғатын көрсете біледі.
Шын мәнінде, шет елдерге барғанымызда бәрі кинодағыдай емес екенін көреміз. Көрдіңіз бе, киноиндустрия – идеологияның үлкен құралы. Кино арқылы адамның бір елге деген түсінігін, сенемін, көзқарасын қалыптастыруға болады.
«Ақжауын» арқылы қазақтың азаматтары табысты жұмыс істеп, жақсы өмір сүретінін көрсеткім келді. Бастысы, еліміздің тамаша табиғатын дәріптеуді назарға алдым.
– Сапалы сериал түсірудің сыры неде?
– Бұл үлкен ұжымдық жұмыстың нәтижесінде қол жеткізуге болады. Операторлық топтың қыралығы, режиссердің сюжетті көре білуі, әртістердің образға кіруі және т.б. айтуға болады. Оған әртістердің киімі, үйі, көлігі, тіпті сағаты, әшекейі сценарийге сай болуы маңызды.
Біздің қоғам шет елдің сериалдарын көргенде адам тағдыры, отбасылық мәселерге құрылған оқиғаларды қызыға қарайды. Яғни бүгінгі өмір тынысындағы сюжетті көреді. Айтқым келгені, қоғам нені көргісі келеді, нені білгісі келеді? Осыны зерделеген дұрыс.
Екіншіден, тартымды сценарий керек.
Үшіншіден, жақсы бюджеті болса.
Осылай саралай беруге болады.
– Нарық сан құбылып тұрған кезде кино түсірудің өзі оңай емес шығар.
– Сапалы сериал түсіру қомақты қаржыны талап етеді. Түсірілім өтетін жерлерді жалға алу, әртістің киімі, гонорарын беру керек. Бірінші маусымда ойдағыдай киноөнім шығару үшін қарыздандым да.
Екінші маусымда әртістер гонорарын көтеріп тастады. Бұл да қиындық туғызатыны анық. Көп жағдайда екінші маусымдағы телеөнімдердің сапасы болмай жатады. Оған осындай обьективті себептер әсер етеді. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Кино жобаларда сценарийге өзгерістер енгізіп, бір кейіпкерді өлтіреді немесе т.б. жағдаймен жобадан шығарады. Мұның бәрі қаржыны үнемдеудің жолы.
«Ақжауынның» екінші маусымында мұндай қадамға барған жоқпын. Жобаны бірінші маусымынан да жақсы түсіруді мұрат еттім.
– «Ақжауын» қазақ тіліндегі телеөнім. Орыс тілді аудиторияға өтпейді деген ой болған жоқ па?
– Сериалда әртістерге орыс тілін мүлде қоспауды талап еттік. Күнделікті тілдік қолданысқа енген «давай», «привет» деген сөздерді қоспадық.
Әртістер сөйлегенде қазақ тілінің заңдылықтарын сақтауға мән бердік.
Егер сапалы болса, субтитрмен көреді ғой!
Қырғызстаннан, Ресейден көрермендер хабарласып, сериалдағы әртістердің түр-тұлғасы әртүрлі екенін айтып, қазақ жастарының сұлулығына тоқталды.
Шынымды айтсам, қазақ тілінде жастар тақырыбында контент тапшы. Біздің жастар кәрістің әртістеріне еліктеп, стилін соларға сай қалыптастырып жатады.
– Қазір жасөспірімдер контентін түсіру маңызды. Қазақ тілді отбасындағы баланың тілі орыс тілінде шығуда. Мұның бәріне YouTube арналардың өз әсері бар екенін да жақсы білеміз. Осы бағытта жұмыс істеу ойда бар ма?
– Дұрыс айтасыз, қазіргі таңдағы ең бір өзекті мәселенің бірі – балаларға арналған қазақ тіліндегі анимациялық, көркемсуретті фильмдер түсіру. Осы бағытқа мүмкіндігінше мән берілуі керек деп ойлаймын.
Осы бағытта ұсыныс түсіп жатса, сапалы контент түсіруге дайынмын.
– Сұхбатыңызға рахмет!