Жаңалықтар

Үкімет басшысы Павлодар облысындағы нысандардың жұмысымен танысты

«Достық» шағын ауданының құрылысы барысын тексерді
Үкімет басшысы Павлодар облысындағы нысандардың жұмысымен танысты
Фото: Үкімет 19.08.2022 19:05 1184

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Павлодар облысына жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік саласының дамуымен және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы «Достық» шағын ауданының құрылысы барысын тексерді. Оның бірінші кезегін 2023 жылы аяқтау жоспарланған. Қазіргі кезде мұнда 6 жаңа көппәтерлі тұрғын үй салынды, тағы 11 үйдің құрылысы мен инженерлік коммуникациялар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шағын ауданда 2000 оқушыға арналған екі мектеп, 600 балаға арналған екі балабақша, дене шынықтыру-сауықтыру кешені және жедел жәрдем станциясы салынады.

«Павлодар облысының әкімдігі тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ жылу желілерін жаңғырту және реконструкциялау бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет. Павлодарлықтарды жылумен және ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етуге ерекше назар аударған жөн», - деп атап өтті Премьер-Министр. 

Сондай-ақ Әлихан Смайылов «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жүргізілген 880 оқушыға арналған №7 жалпы білім беретін мектепке барды. «Балаларға оқу үшін жақсы жағдай жасауымыз керек. Үкімет бұл жұмысты кеңейтетін болады. Сонымен қатар өңірде балабақшаға кезек және оқушы орындарының жетіспеушілігі проблемалары әлі де бар. Әкімдік бұл мәселелерді шұғыл түрде шешуі керек», — деді Үкімет басшысы. 

Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр 2015 жылы іске қосылған 160 төсек-орынға шақталған облыстық перинаталдық орталыққа барды. Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын артып келе жатқанын, сондай-ақ облыста нәрестелер мен аналар өлімі көрсеткіштері жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ Премьер–Министр түрлі ауруы бар балаларды оңалту үшін жағдай жасау – әкімдіктің осы саладағы негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. 

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жеңіл балқитын автомобиль дискілерін шығаратын «Вектор Павлодар» ЖШС кәсіпорнында да болды. Бұл өндіріс 2017 жылы жеке инвестициялар есебінен іске қосылған. Қазіргі уақытта шығарылған өнім экспортқа және отандық автозауыттарға жеткізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға