Жаңалықтар

Киіз үй - көз ұмытқан баспана

Киіз үй және оның құрылымы
Киіз үй - көз ұмытқан баспана
26.11.2018 16:49 21234

Жазғы демалысын жайлауда өткізген, ала жаздай киіз үйде ұйықтаған ұрпақтың соңы біз шығармыз бәлкім... Тым әсірелеп кеткен де болармын. Әйтпесе, Моңғолия жақтағы, Қытай Халық Республикасындағы қандастарымыздың арасында  әлі де ата-бабамыздан қалған ағаш үйді мекен етушілер бар. Бірақ, біздің елімізде, біздің буынның балаларының киіз үйдің ішіне  үлкен астарда, Наурыз мейрамында ғана кіретіні шындық. Бұл балалар киіз үйдің түндігінен сығалай қараған жұлдыздарға қарап арманға беріліп көрген жоқ. Шегірткенің шырылын, құрбақаның құрылын тыңдап жатып ұйықтап кетіп, таңертең түндіктен түскен күн нұрының әсерінен оянып көрген жоқ. Ол сезімдерді сезінбей кетулері де кәдік. Айтпақшы, біздің Арқа даласында «киіз үй» деп те, «кигіз үй» деп те айта береді. Кітаптардағы нұсқаны таңдағанымызбен бала кезден құлағымызға кигіз үй болып сіңген болатын.

Киіз үй нақты мына жылы, мына күні пайда болған деп кесіп айта алмаймыз. Белгілісі Ғұндар заманынан бері бар баспана екендігі. Тіпті, одан ерте замандарда пайдаланған болсақ та таң қалмаймын.  Бұл тек қана біздің қазаққа ғана тән баспана десек қателесеміз. Көшпелі өмір салтын ұстанған тайпалардың барлығына тән дүние. Бірақ, аймақ ерекшелігіне байланысты сырт келбеті, биіктігі сәл өзгешелеу болып келуі мүмкін. Мәселен, қырғыз халқының киіз үйіне қарағанда біздің киіз үй сәл аласалау болады. Оның себебі, біздің жазық даламыздағы дауылдар мен желдердің қатты болуынан болса керек-ті. Киіз үй пішінінің дөңгелек болуының басты себептерінің бірі де осы. Мәселен, төрт бұрышты не болмаса үш бұрышты ғимараттарға қарағанда дөңгелек пішіндес ғимараттардың желге мығым және сиымдылық жағынан әлде қайда ыңғайлы екенін қазіргі заманның архитекторлары да мойындап жүр.

Біздің халықта «жұрт» деген сөз бар. Атажұрт дейміз. «Пәленше байдың ескі жұртында» деп кейбір әдебиеттерде әлдебір жерді, оқиғаларды суретеп жатушы еді ғой. Киіз үй сөзінің орысша нұсқасы «Юрта». Ал, ол сөз өз кезегінде осы жұрт сөзінен «юрт» деп шыққан секілді.

Киіз үйдің құрылымына көз жүгіртер болсаңыз бір де бір шеге қағылмағанын байқар едіңіз. Үйдің бөлшектері ағаштан, қайыстан, қыл арқан және киізден тұрады. Қайысты керегелердің жиналмалы болуы үшін пайдаланған. Негізі, киіз үйдің бөлшектерін үшке бөлуге болады. 1) Киіз үйдің сүйектері. 2) Киіздері (киіз үйдің шиі де осы санатқа жатады). 3) Бау-шулары (басқұр, арқандар).  

Кереге, уық, шаңырақ, есік (сықырлауық деп те атайды кейір аймақта) сынды негізгі бөлшектер киіз үйдің сүйегі деп аталады. Бұларды өзара бау-басқұрлармен таңып байлап, біріктіреді. Сүйегі жиналған соң сыртынан ши тұтылады. Еліміздің кей аймақтарында кереге сыртынан ши қаптамайтындығын да айта кетуіміз керек. Сүйегінің сыртынан киіз әбзелдермен жабылады. Бұл киіз бөлшектер  өз кезегінде туырлық, үзік, түндік, киіз есік деп аталады. Айтпақшы, киіз үйді құру барысында уықтар шаншылып біткенше шаңырақты көтеріп ұстап тұратын ағашты бақан дейді.

Кереге – киіз үйдің негізгі бөлшектерінің бірі. Былайша айтқанда фундаменті мен қабырғасы десек те болады. Керегенің басы мен аяғы сәл қайқылау болып келеді. Бұл үйдің нық тұруы үшін өте маңызды. Керегені желі деп аталатын ағаштардан құрайды. Желілерді өзара қайыспен біріктіреді. Ал, пайдалануға әзір болған керегелерді қанат деп атаған. Мәселен, «алты қанатты үй» үй десек, ол үйде алты кереге бар деген сөз.

Киіз үйдің есігі екеу болады. Біріншісі  - ағаш есік. Бұны қазақтар көбіне сықырлауық деп атаған. Оның сыртынан киіз есік құрылады. Қазіргі заманауи үйлерде жылы болу мақсатында екі есік қою не болмаса жылы материалдармен қапталған есіктерді қою қалыпты дүние ғой. Бұл да дәл сондай мақсатта жасалған. Киіз есік ала жаздай көп пайдаланылмаған. Оны есік маңдайшасы  үстіне орап қойып отырған.

Уық – кереге мен шаңырақты қосатын негізгі бөліктің бірі. Уықтың алақаны деген ұғым бар. Уық сол алақан тұсынын иіліп жасалады. Киіз үдің күмбездене дөңгеленуі осы уық құрылымдарына тікелей байланысты. Уық керегеге уықбау арқылы байланады. Бір киіз үйде мыншы уық болады деп нақты айту қиын. Себебі, бұл қанат санына байланысты өзгеріп отырады. Шамамен жалпы саны  60 уықтан бастап, 160 уыққа дейінгі аралықта болуы керек.

Шаңырақ – киіз үйдің ең маңызды бөлшегі. Қазақ халқы үшін «шаңырақ» сөзі қастерлі ұғым. Шаңырақты қайың ағашын иіп отырып жасайды. Шаңырақтың бөліктерін тоғын, күлдіреуіш, кепілдік деп атайды. Тоғынымыз шаңырақтың  шеңбер бөлігі. Шаңырақтың күмбезді бөлігі күлдіреуіш деп аталады. Кепілдік күлдіреуіштің орнынан тайып, қозғалып кетпеуін қадағалайды.

Керегені жабатын киізді туырлық деп, уық бөлігін жабатын киізді үзік деп, шаңырақты жабатын киізді түндік деп атайды. Киіз есік жайлы жоғарыда айтылған болатын.

Енді бауларға келсек. Туырлық бау, үзік бау, түндік бау, желбау деп аталады. Қазақтар киіздердің бір-бірімен айқасатын, қаптасатын жерлеріне де атау берген. Туырлық пен үзіктің өзара айқасатын жерін  жабық деп атаған.  «Жабықтан сығалау» деген тіркес осыдан шыққан.

Киіз үйді қанат санына байланысты кеңейтуге болатынын айттық. Біз алты қанатты, он қанатты және он екі қанатты үйлерді көріп өстік. Жалпы, хандар мен сұлтандар он сегіз, жиырма төрт, тіпті, отыз қанатқа дейінгі үйлер тіккен дейді. Кино түсіру барысында жапсарлай тіккен қос үйді көргенім бар. Яғни, кіре берісі алты қанат, басты ордасы сегіз қанатты салтанатты Ақ орда  жайлы айтып отырмын.

Түрлі жағдайларға бейімдеп, уақытша паналауға немесе шаруашылық жұмыс ретінде тігілген үйлер болады.  Олар қос, абылайша, күрке, кепе, итарқа, жаппа, жолым үй, ас үй, қалқа деп аталады.

Киіз үй бір қарағанда дөңгелек, бір бөлмелі үй секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, оның ішінің өзіндік тәртібі бар.

Киіз үйдің кіргендегі оң жағы (киіз үйде отырғанда сол жақ) – үй иесінің орны. Үй иесінің төсек-орны да осы жерде.

Босаға жақта ыдыс-аяқ, азық-түлік, ас-ауқаттар тұрады.

Киіз үйдің кіргенде сол жағы (үйдің ішінде отырғанда оң жағы) – бала-шағаның орыны.

Төр- бұл сыйлы қонаққа лайықталған құрметті орын. Қонақ жоқ кезде үйдің үлкенінің орны. Төрге көрпе-жастық, жүк жиналады.

Киіз үйді құру да (тігу), жығу да көп уақытты алмайды. Егер, сіз осы өмір салтына етіңіз үйреніп алған адам болсаңыз, бала-шағаңыздың көмегімен  бас-аяғы бір сағатқа жетер-жетпес уақытта құрып аласыз. Қазақтар жиналған киіз үйді түйемен, атпен тасыған. Ертедегі жорық замандарында алып арбаларға құрылған жылжымалы ордалар да болған екен.

Дос-жаранымыздың, туған-туысымыздың тойларына барғанда айтатын «Керегелерің кең болсын», «Шаңырақтарың  биік болсын», «шаңырағың шаттыққа толсын деп айтатын тілектеріміз сол заман мәдениетінен бері сіңіп қалса керек.  Сөз басында қазақ халқы үшін шаңырақ қастерлі ұғым деген болатынбыз. Жаугершілік замандарда «Шаңырағаны ортасына түсіру» деген сынды ұғымдардың болғаны да жасырын емес. Тым әріге кетпей, Махамбет Өтемісұлының

«...Еңсесі биік ақ орда -

Еңкеймей кірсем деп едім.

Керегесін кескілеп,

Отын етсем деп едім.

Туырлығын тескілеп,

Тоқым етсем деп едім...», - дейтін жыр жолдары да көп дүниені аңғартса керек.

Халқымызда киіз үйге байланысты нақыл сөздер, мақал-мәтелдер де  көп кездеседі.

 

Керегесін итке қомдаған;

 

Туырлықсыз  тұл үйге

Ту байлаған не керек?

Туысы жоқ жалғызға

 Жауға шабу не керек?

 

Келіні жақсы үйдің керегесі алтын.

 

Сурет https://pixabay.com/ru/ сайтынан алынды


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға