КИІЗ БАСУ ӨНЕРІ - КӨШПЕНДІЛЕР МҰРАСЫ
Әсел Хайрула – қазақтың «күпі киген» ұлттық өнеріне заманауи шекпен жамылдырған саусақпен санарлық этнодизайнерлердің бірі.
Қазақ қызына ғана емес, әлем сәнқойларына киізден көйлек кигізсем деген арманы бар жас шебер, төрт түліктің жүнінен басылып, таза табиғи шикізаттан тігілген киімнің жылуы да, сұлуы да маңызды дейді.
Осы ретте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының шеңберінде айтылған бір сөзі есімізге оралады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».
Ертеде ата-бабамыз төр алдындағы текеметті де, ат тұрманындағы туырлықты да, бас киімінен бастап, аяғындағы шәркейіне дейін, киіз үйдің жабдығын, қызының жасауын, ұлының сауыт ішінен киер кебенегін киізден басып, тіккен. Киіздің құндылығының жоғары болғаны соншалық, хан көтергенде де, халық ардақтысын ақ киізге отырғызған. Киіздің қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен астарласа үндесіп жатқанының тағы бір дәлелі, ел ішінде «киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деген сөз мәтелге айналған.
Қойдың күзде қырқылатын күзем жүнінен киіз басу кезінде қазақ әйелдері тулаққа салып, жан-жақтан жиналып сабалап, оның соңын тулақ шашу секілді ойын-сауыққа ұластырған. Сондықтан, қазақ салтында киізбен байланысты дәстүрдің қалыптасуы мұны көшпенділер мұрасы ретінде ұлт құндылығы деңгейінде дәріптейді. Киіз басу өнері қазаққа ғана тән емес, ол сол дәуір кезеңінде көшпенді тұрмыс кешіп, ат үстінде өмір сүрген барлық халықтарда бар қолөнер дәстүрі. Жуырда ғана біздің кейіпкеріміз Әсел Хайрула қатысып қайтқан Әзірбайжанның Баку қаласында өткен «Түркі әлемінің ортақ тілі – ою-өрнектер» симпозиумындағы киіз өнерінің майталмандарының басқосуы соны дәлелдейді.
- Жуырда Бакуде болып, үлкен симпозиумға қатысып келдіңіз, қанжыға қомақты ма?
- 22 елден келген қатысушылардың алдында «Қазіргі киіз өнерінің сән әлеміндегі орны немесе даму қарқыны қандай?» тақырыбында баяндама жасадым. Мұнда өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғында алғаш рет баспада жарық көрген киіз өнері мен техникасы туралы мақалалардың авторларымен кездесудің сәті түсті.
Олар әлем деңгейінде мойындалған мықты дизайнерлер. Бұл біз секілді Қазақстанның шалғай жатқан өңірінен шығып, биіктікті бағындырсам деп талпынып, талаптанып жүрген жастар үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Олармен сұхбаттасып, өз кәсібіме байланысты ақыл-кеңес алдым.
Орталық Азияның түкпір-түкпірінен келген киізден басылған киім дизайнерлерінің сән үлгілерінің көрсетілімдері болды. Мақтануға тұрарлық бір жағдай, бұл көрсетілім менің коллекцияммен ашылды. Қарапайым көрермендер де, жалпы осы сала мамандары да менің жұмысыма жоғары баға беріп жатты. Бұл мерейімді ғана арттырып қоймай, алдағы жоспарларыма үлкен серпін беріп, қанаттандырғандай болды.
- Сіз өзге әріптестеріңізден қандай жұмыстарыңыз арқылы ерекшелене алдым деп ойлайсыз?
- Барлық дизайнерлердің сән үлгілерінде киізге басымдық берілген. Менің жұмысымның сән әлемінде жаңалық болып қабылдануына түс гаммасы ықпал етті. Әрбір суретшінің өз танымы, қиялы, қолтаңбасы болады. Мен үндестікті табиғаттан, қоршаған ортадан іздеймін.
Мәселен, еліміздің әр қаласына байланысты құсты символ етіп аламын. Атап айтсам, менің танымымда Ақтөбе қызғылт қоқиқаз, Астана жалын құсы, Алматы аққу құсымен байланысты. Сондықтан түстерді де солай таңдаймын. Әзірбайжанға арнаған коллекциямда феникс құсын таңдадым. Олардың бейнесін қазақтың ұлттық оюларымен стильдендіріп, түрлендірдім. Өте тартымды, жылы, көңілді сән үлгісі шыққан сияқты.
Тағы бір айта кетерлігі, Бакуге сапарымыз кезінде кілемдер мұражайын араладық. Ондағы кілемдердің түрлілігі, ежелгі ою бедері мен заманауи үлгілер арасын байланыстыра білген талғам үндестігі тәнті етті. Мені таңқалдырғаны – әзірбайжандықтардың әрқайсысының өз төл өнерін көзінің қарашығындай сақтауға, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, таратуға деген жанашырлығы. Бізде де әрбір қазақстандық ұлт болашағы үшін бабалар тұрмысынан, тарих тамырынан ажырамай, оны заманауи жаңғыртып, насихаттауға үлес қосса деген тілек пайда болды.
- Неге киіз? Бұл таңдауды жасауыңызға не себеп болды?
- Алғаш рет киіз басу өнерімен университет қабырғасында жүріп таныстым. Кейін оның табиғилығы мен тазалығына қызыққаным соншалық, киіз өнерін дипломдық жұмысымның тақырыбы ғана емес, өз өмір философияма айналдырып алдым. Дипломдық жұмысым кезінде жоба жетекшім болған оқытушым «бәлкім, ерекше болу үшін, кейбір аксессуарларды киізден басып қосарсың» деген ой айтты. Мен ол кезде киізбен қалай жұмыс жасау керегін де аса түсіне қоймадым. Бірақ, жаңалыққа жаным құмар мінезіммен, киізбен жұмыс жасауды қолға алдым.
Білесіз бе, мен қой жүнімен жұмыс жасағанда, ерекше бір шабытты, энергияны сезінемін. Бәлкім, ол жүн шикізаты алынатын қойдың өзіміздің қазақ даласының өрісінде жайылып қоректенгенін, оны қойшы таяғын ата аманаты деп қабылдаған қыр қазағының өсіргенін, ақ жаулықты апаларымыздың қырыққанын, одан кейін оны жуып, сабалап, түткенін жақсы түсінгендіктен, білгендіктен де болар. Онда күннің, жусанның, еңбек адамдарының, қазақ даласының шексіз энергиясы бар.
Киіз басу, ою өрнектеу қол саусақтары арқылы жүргізіледі. Әрбір үлгінің қайталанбайтыны да сондықтан. Ол тігін мәшинесіне салынбайды. Өрнектің қандай болатынын сенің сол кездегі ой қиялың мен саусақтарың ғана біледі. Киіз басу, одан киім тігу кәсібімен 2010 жылдан бастап айналысып келемін. Мені еліктіргені не нәрсе деп ойлайсыз? Мәселен, қымбат брендті шеберлер, дизайнерлер тай-тай матаны арзан емес бағаға Италия секілді елдерден тапсырыспен алдыртып жатады. Одан бір емес, бірнеше көйлек тігуі мүмкін. Ал киіз өнерінде менің әлі күнге дейін қызығушылығымды арттыра түсетіні, ол өзіңе қажетті текстильді өз қолыңмен жасап аласың. Саған керек болатын шикізат та арзан, жүн және су ғана. Мұнда текстильдің фактурасын, қалыңдығын, түсін өзің таңдайсың. Жоқтан бар жасау деген осы болар. Жұмыс жасайтын материалдың аздығы, шығармашылық адамының ой өрісін дамытады. Киіз басу интеллектуалды, физикалық эмоционалды еңбекті қажет етеді.
- Жұмыстарыңызбен таныстым, сіз ұлттық ою-өрнекке басымдық беретін секілдісіз…
- Менің ұлт құндылығына басымдық беріп, оның әлемдік сән аренасында беделін көтеріп, зор сұранысқа ие қылсам деген талабымның астарында елімді өз қолөнерімен өзгелерге мақтана алатындай дәрежеге жеткізсем деген арман бар. Ия рас, әрбір сән үлгісінде ұлттық ою өрнекті пайдалануға тырысамын. Оның өзі суретшінің қиялындағы таным-түсінігіне қарай стилизацияға ұшырайды.
Менің байқағаным, барлық елдің ұлттық ою-өрнектері табиғаттың тамырымен үндесіп жатыр. Ол қоршаған ортадағы өсімдіктер әлемімен, жан-жануарлар бейнесімен байланысты. Әрбір халықтың өз ерекшелігі бар, әрине. Алайда, ою-өрнектің түп-төркіні бір. Алайда, біздегі айырмашылықтар халықтардың өнер әлемін бір-бірінен алыстатпауы керек, керісінше, жақындастыруы қажет деп ойлаймын. Киіз өнерінің өзі – көшпенділер мұрасы. Сондықтан, мен баба дәстүрін жалғастырып, жауапкершілігі ауыр болса да, аманаты ардақты осы істі қолға алғаныма қуанамын.
- Сән әлемі киізден киім киюге дайын ба?
- Әбден дайын. Мен дизайнерлердің сән әлемі табиғи өнімнен жасалған киімнен бас тартып, жасанды материалдардан жасалған киімге сұраныс білдіреді деген байламымен келіспеймін. Неге дейсіз ғой? Жауап беріп көрелік. Біріншіден, қазақта «Сұлуынан жылуы» деген сөз бар. Соған сәйкес киізден тек байпақ қана тігіп қоюға болмайды. Ол өте ерекше материал. Онымен жұмыс жасау да оңай. Сондықтан одан аяқ киім де, бас киім де, сөмке, алқа, сырға, секілді әшекей бұйымдарын да, белдемше, көйлек, жамылғы, сырт киімдерді де тігуге болады. Киізден киімнен бөлек, қаншама тұрмыстық бұйымдар жасалатынын өзіңіз де білетін боларсыз. Бірақ, қазір әңгіме сән әлемінде киіздің алатын орны туралы болғандықтан, бұл мәселені айналып өтуге тура келеді.
Сонымен, киіз салқында суықтан, ыстықта күннен қорғайтын бірден-бір ерекше материал. Ол дене температурасын бірқалыпты ұстауға көмектеседі. Сонымен қатар, медицинада дәлелденгендей, дәрігерлер оны бел құяңын емдеуге ұсынады. Бір назардан тыс қалмауы керек мәселе, бұрынғы заманда бүгінгідей түрлі дәрі-дәрмек болмаған уақытта, денедегі жарақатқа киіз күйдіріп басатын болған. Бүгін де киіз сол қасиетін жоймады, ол денедегі кез-келген жарақаттың тез емделуіне әсер етеді. Себебі, қой жүнінің құрамында ланолин деген табиғи май бар. Сондықтан, қой жүнінен, киізден жасалған киімдер теріге әсер етіп, қан айналымын жақсартады, терінің қартаюын тежейді. Ол айтпақшы, косметологияда да тиімді пайдаланылуда. Бұл май меринос қойының тері асты безінен бөлініп шығады.
Менің жұмыстарымда да осы меринос қойының жүнін пайдаланамын. Оны дәстүрлі әдіс-тәсілмен өзім басамын. Тапсырыс берушілер көп, олар түрлі жастағы әйел және ер адамдар. Шынымды айтсам, мен әлі күнге тұтыным нарығына толыққанды шыққан жоқпын. Киіз басудың қыр-сырын ұғына бастаған 2010 жылдан бастап үнемі ізденісте, эксперимент жасаумен болдым. Өз қолтаңбамды қалыптастырсам дедім, тәжірибе жинақтадым. Қазір ойымда үлкен жобалар бар, енді соларды жүзеге асыруға дайын екенімді сеземін. Мен алаулатып-жалаулатып жарқ етіп бір шығып, содан кейін елге берер жаңалығым болмай қалмаса екен деймін. Сондықтан бұл іске үлкен дайындықпен келгім келеді. Әрбір жасаған дүниемнің сапасының жоғары болуына көңіл бөлемін.
- Сіз кәсіп еткен ұлттық қолөнердің болашағын қалай елестетесіз?
- Киізден жасалған киімге қызығушылық бар. Ақпараттар ағынының жылдамдығын есепке алар болсақ, бүгінде сән әлеміндегі жаңашылдыққа ұмтылу, тың материал мен таңсық үлгі іздеу – киізді таңдаушылардың қатарын көбейтіп келеді. Біз мұны өз сән үлгілерімізді таныстырғанда, халықтың қошеметі мен мамандардың таңданысынан анық аңғарамыз. Менің үлкен армандарымның бірі – Қазақстанда киізден басылатын киім өнеркәсібі ашылса екен деймін. Егер мүмкіндік болса, бұл жобаны өзім де қолға алғым келеді. Халықтық қолөнерді жаңғыртып, ұлттың киіз басу дәстүрін шетелге таныстырып, киізден басылған замануаи эксклюзивті-дизайнерлік киімдерді Қазақстанның өз ішкі нарығында, жалпы шетелге таныстырсам деймін. Ол үшін әрбір дизайнердің өз қолтаңбасы, сату бренді болуы керек.
Жоғары сапада жасалған дүниенің ғана әрі қарай өмір сүретіні анық. Мен жаныма өзім секілді елді, халықтың қолөнері мен дәстүрін сүйетін, құрметтейтін іскер адамдарды жинап, қиялымдағы жобаларға жан бітіргім келеді. Қазір базар нарығында қаптап тұрған синтетикалық жасанды талшық материалдарының денсаулыққа қаншалықты зиян екендігі күнде айтылып жатыр. Ал мен халықты өз шыққан тегіне, табиғатына жақын, әрі қауіпсіз материалдан киіндіргім келеді.
- Сіздің сән әлеміндегі талпынысыңызды алғашқы болып кім байқады?
- Менің бойымда бір таланттың ұшқыны немесе табиғатымда іскерлік шеберлігіне жақын қабілетімнің бары рас болса, оны бірінші байқаған анам, ал сән әлеміне шығу менің қолымнан келетін іс екеніне шүбәсіз сенген тағы бір адам, ұстазым Құттығаева Тоғжан Қадіржанқызы болды. Ол менің дипломдық жобамның жетекшісі, маған бағыт-бағдар сілтеп, киіз өнеріне келуіме ықпал еткен жан. Әлі күнге дейін Тоғжан Қадіржанқызы менің ең үлкен мотиваторым, кеңесшім. Ол менің жәй ғана тігінші емес, этнодизайнер ретінде қалыптасуыма негіз салған жан болды. Мен сол кісінің бағыттауымен сән әлеміне жасқанбай ендім, киізден киім тігіп, ата дәстүрін, ұлттық өнерді дәріптедім.
- Өзіңізді мойындатуға қанша уақыт кетті?
- 8 жыл. Бұл жылдар менің өзімді мойындатуға ғана емес, сән әлеміндегі өзімді табуға жұмсалған уақыт деп білемін. 2010 жылы Алматы қаласында өткен «Fashion House International 2010» ІІ Халықаралық форумының «Киім дизайны» номинациясының жүлдегері болдым. Ал 2011 жылы Ресейдің Новосибирь қаласында өткен «Сібір Кутюрьесі» халықаралық байқауында өзім оқып жүрген Алматы Технологиялық Университетінің атынан қатысып, «Этностильдегі костюм» номинациясын жеңіп алдым. «Дизайн-дебют 2012» халықаралық конкурсында финалистер қатарында аталдым, Конгресс Холда өткен «Ел іші - өнер кеніші», Тұңғыш Президент музейінде ұйымдастырылған «Ғасырлар өрнегі», ІІ республикалық киіз қолөнершілерінің «Ұлы дала жәрмеңкесі» көрмелеріне қатыстым. «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған мерейтойдың ашылуында киіз киімінің үлгілерін көрсеттім, 2017 жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде ұйымдастырылған этноауыл көрсетіліміне шақырту алдым. Осы жылы, сонымен қатар, «Rooted in Felt» халықаралық көрмесіне қатыстым.
Бұл іс шаралардың барлығы маған үлкен тәжірибе сыйлап қана қоймады, жұмысымды көрсету арқылы мен өзімді этнодизайнер ретінде таныттым. Жұмысыма қызығушылық білдірушілердің қатары артты. Сондықтан, егер күні-түні еңбек етіп, тер төкпесем, мен үшін бұл көрмелерге, халықаралық іс-шараларға қатысу мүмкін болар ма еді?!
Ақтөбенің шалғай ауданында шағын ғана цехты жалдап, жанында анасымен, сіңлісінің қолқабыс етуімен ғана жұмыс істеп отырған ісмер қызды өз ауылдастарынан артық кім таныр еді деп ойлаймын. Бүгінде, шүкір, Қазақстан қолөнер шеберлерінің Одағына мүшелікке ендім. Бакуге де Одақтың ұйымдастыруымен Әзірбайжандағы кілем мұражайының арнайы шақыртуымен бардым.
Жаратушының, әкем мен анамның маған берген ең құнды сыйы, ол Өмір. Киіз өнерімен айналысу мен үшін жәй хобби ғана емес. Бүгінде менің тұлға ретіндегі әлемге сыйлай алатын қолымнан келетін өнерім, шығармашылық тынысым, өмір сүру салтым осы киізбен тұстасып байланысып жатыр.
Расын айту керек, мен жасаған жұмысымның барлығы бірдей шедевр деп айта алмаймын. Көңілім толмайындай жұмыстарым да бар. Шыңдалудың шегі жоқ, сондықтан мен күнделікті шәкіртпін, жаңаны танудан, үйренуден жалықпаймын. Жалпы жұмыстың сәтті шығуы көңіл-күйге байланысты болып жататыны рас. Энергия ағымы жарық, жылы, таза ой санадан өтіп, қол жұмысында керемет нәтиже беретіні ғалымдармен де дәлелденген ғой, өйткені. Сондықтан мен жұмысқа кірісерде, барлық жағымсыз ойлардан арылып, тек алдымдағы материал мен ою-өрнекпен үнсіз үндестік құруға тырысамын.
- Киіз өнеріне жан бітірген жандардың бірісіз, өміршең болуы үшін не істеуіміз керек?
- Әрбір жанға, іске, кәсіпке, өнерге, затқа мейріміділікпен, махаббатпен қарау, қабылдау керек. Киіз өнері – ата дәстүрі. Біз ұлттық қазығымыздан ажырамас үшін, түп төркінімізді ұмытпауымыз керек. Сондықтан қазақ халқының табиғатына сай келетін киіз өнерін жоғалтпауға күш салуымыз керек деп ойлаймын.
- Іс тігуді анамнан үйрендім дейсіз, ертеңгі күні қызыңызға ине-жіп ұстатасыз ба?
- Бүгінгі күннің өзінде қызым істің шет жағасын біледі. Алдағы уақытта ол өзінің еркінде. Егер қызым да менің жолымды қуып, іс тігемін десе, мен тек қуана қолдап, оған көмектесетін боламын. Бұл дәстүрдің сабақтастық табуының үзілмейтін жібі болар еді. Олай болмаған күннің өзінде, мен қызыма киіз басудың қыр-сырын үйретемін деп ойлаймын.
- Не оқисыз, бос уақытыңызда неге қызығасыз?
- Өзіме қызық әдебиеттің барлығын оқимын. Оның ішінде киіз өнеріне байланысты тарихи кітаптар, заманауи дизайн туралы, психология, тәрбиеге, әлемдік суретші-дизайнерлердің жинақтарын парақтаймын. Архитектура, кино, театр туралы кітаптарды да ұнатамын. Ал бос уақытымда дәмді тағамдар дайындаймын. Қаланың у-шуынан қашып, тауға серуендеймін. Жалпы демалысымды мүмкіндік болса, отбасыммен өткізуге тырысамын. Көрме, концерт, театр қойылымдарына жиі барамыз. Ал соңғы кездері би курстарына және үлкен тенниске жазылсам деп жүрмін.
- Ең алғашқы сәтсіздіктеріңіз қандай еді? Киіз басудың қиындығынан немесе сұраныстың аздығынан бұл істі тастап қашқыңыз келген кездер болды ма?
- Алғаш киіз басу өнерімен танысқан жылы оның технологиясының қызықты көрінгені соншалық, ғаламтор клубында киіз өнері туралы мағлұмат іздеп таң атқанға шейін отырыппын. Ол кезде қазіргідей цифрлы ақпарат қолжетімді бола қойған жоқ. Сондықтан кітапxаналарды ақтарып, нағыз киіз өнерінің жанашыр xас шеберлеріне қонаққа баруға тура келді. Сол уақытта маған Қазақстан Қолөнершілер Одағының төрайымы Бекқұлова Айжан Әбдіманапқызымен кездесу бақыты бұйырды. Ол маған дем беріп, киіз өнерінің болашағы бар екеніне сендіре білді.
Ғалам үнемі қозғалыста, ілгері дамуда. Сапалы сын-пікір мен қиыншылық маған керісінше әсер беретінін байқадым. Бүгінгі сәтсіздік - ол менің ертеңгі мүмкіндігім. Жеке өміріме қатысты жағдайларда менің бүгінгі күнімнің жарқын болуына себеп болған, үмітімді алға жетелеуге, болашаққа деген сеніміме шуақ шашқан, ол осы менің киіз өнеріндегі шығармашылығым, ізденісім деп нақты айта аламын.
- Сіз жас дизайнерсіз, киіз өнері де ежелгі дәстүр болғанымен, сән әлемі үшін таңсықтау дүние. Әлемдік дизайнерлермен иық теңестірсем деген арман бар ма?
- Мықты дизайнерлермен әріптес болатыныма сенімім мол. Орта Азия бойынша Тынықмұxит аймағының Бүкіләлемдік қолөнершілер одағының вице-президенті, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Әбдіманапқызының бастамасымен бүгінде Қазақстанда қолөнердің дамуына үлес қоссақ деген шеберлердің басы бір жерде қосылуда.
Қазақстан қолөнершілер одағының 100-ге жуық мүшесі бар. Олар қазақ қолөнер саласының барлық түрі бойынша терімен, жүнмен, зергерлік бұйымдармен, ине-жіп кестелеумен, ағашпен жұмыс жасап, төл мұрамызды жандандырып, сонымен қатар, заманауи жаңа туынды жасап жүрген xас шеберлер. Ендігі біздің арманымыз осы ұлттық қолөнер бұйымдарымызды, көркем туындыларымызды көрмеге шығарып, жастар үшін шеберлік сыныптарын ұйымдастыратын бір ғимарат болса дейміз. Өнерді жан бағатын кәсіп деп қана емес, ұлт құндылығы деп бағалайтын уақыт жетті деп ойлаймын.
- Іске сәт, сұхбатыңызға рахмет!
Нұргүл ҚАЛИЕВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.