Ауыл шаруашылығы министрлігі

Киік етін жеу қаншалықты қауіпсіз?

Қазақстанда ақбөкендердің санын реттеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстарды «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлері жүзеге асырады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ауланған ақбөкендердің ұшалары арнайы тоңазытқыштары бар көліктерге (рефрижераторларға) салынып, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай сою пункттеріне жеткізіледі.

Жануарлар арасында аса қауіпті індеттердің (ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы, аусыл, бруцеллез, пастереллез, сібір жарасы және т.б.) таралуының алдын алу мақсатында Ұлттық ветеринария референттік орталығы ақбөкендер популяциясына тұрақты эпизоотиялық мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар, ақбөкендермен ортақ жайылым мен суат пайдаланатын ауыл шаруашылығы жануарлары да ветеринариялық қызметтің тұрақты бақылауында болады.

Ақбөкен етін өндіру мен сатуға байланысты барлық жұмыстар қолданыстағы заңнама мен нормативтік талаптарға сәйкес жүргізіледі. Атап айтқанда, 2023 жылғы 27 қарашада бекітілген ұлттық стандарттарға сәйкес:

  • ҚР СТ «Сайғақ еті бұқтырылған. Техникалық шарттар»

  • ҚР СТ «Сайғақ еті – тұтас және жартылай ұшалар. Жалпы техникалық шарттар»

бұл саладағы жұмыстың заңнамалық негізін құрайды.

Бүгінгі таңда 6 облыстағы 24 сою пункті ақбөкендердің санын реттеу жұмыстарына жұмылдырылған. Барлық сою пункттері ветеринариялық-санитариялық талаптарға толықтай сәйкес келеді. Олар арнайы мал сою цехтарымен, тоңазытқыш камералармен, ұшаларды ілуге арналған жабдықтармен, сумен жабдықтау және санитарлық тазалау жүйелерімен қамтамасыз етілген.

Аңшылықтан кейін ақбөкен ұшалары сою орындарына жеткізіледі. Мұнда олар ветеринариялық дәрігерлердің міндетті бақылауынан өтеді. Әр ұша ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткізіледі. Бұл сараптамаға келесі міндетті зерттеулер кіреді:

  • ұшаның, ішкі ағзалардың және басының органолептикалық қарауы;

  • барлық қолжетімді лимфа түйіндерін жарып, ішкі ағзаларды тіліп тексеру;

  • қайнату сынамасы (бактериологиялық қауіптерді анықтау үшін);

  • финноз (цистицеркоз) ауруына зерттеу жүргізу;

  • өнімнің жалпы радиациялық фонын анықтау.

Ветеринариялық талаптарға толық сәйкес келген жағдайда ғана ет бөлшектеліп, өңдеуге жіберіледі, ал барлық қалдықтар залалсыздандырылады.

Ақбөкеннен алынған өнім ветеринариялық дәрігерлер тарапынан берілген арнайы ветеринариялық анықтамамен сүйемелденеді. Бұл құжат өнімнің шыққан жерін, сапасын және қауіпсіздігін дәлелдейтін негізгі ресми құжат болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 22-бабына сәйкес, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз сатуға қатаң тыйым салынады.

Сонымен қатар, ішкі сауда орындарында (базарлар, дүкендер) ветеринариялық инспекторлар күнделікті бақылау жүргізеді. Олар:

  • өніммен бірге ветеринариялық анықтаманың болуын;

  • сою орнының таңбасы бар-жоғын;

  • тасымалдау кезінде температуралық режимнің сақталуын;

  • зертханалық тексеріс нәтижелерін міндетті түрде тексереді.

Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тұрғындарға ақбөкен етін тек арнайы белгіленген орындардан және толық ветеринариялық ілеспе құжаттар болған жағдайда ғана сатып алуға кеңес береді.

Бұл – денсаулық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты.