Жаңалықтар

Кие тұнған Қазақстан: рухани дәстүрдің бастауы

Қастерлі жер – қасиетті орын
Кие тұнған Қазақстан: рухани дәстүрдің бастауы
13.04.2018 17:27 12349

Былтыр 12 сәуірде Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын ұсынды. Қоғамдық сананы заманауи биікке көтеруге септесетін маңызды құжат аясында алты жоба ұсынылғаны белгілі. Соның ішінде төртінші жоба – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Бұл бағытты жүзеге асырудағы мақсат – халықтың ұлттық бірегейлігі мен құндылықтарын бекемдеу, жат идеологияға төтеп беретін құрыш қалқанды нық орнату.

Мемлекет басышысы өз мақаласында: «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек.

Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек.

Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.

Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі.

Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.

Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. 

Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мав­золейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлер­ді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.

Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.

Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.

Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз.   

Биыл Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып, жобаны әзірлеуі керек.  Онда үш мәселе қамтылғаны жөн. Нақтырақ айтқанда:

1. Аталған «Мәдени-географиялық белдеудің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажет.

2. БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде, мықтап айналысуы керек.

3. Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқы­мыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс. Мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар», - деген еді.

Міне, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты аса салмақты мақаласының жарық көргеніне тура бір жыл толды. Бір жыл ішінде дәл осы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша елімізде қандай ауқымды жұмыстар атқарылды? Мемлекет басшысы қойған тапсырма қаншалықты жүзеге асты? Бір шолу жасап көрейікші.

«Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу ортылығы

Алғаш болып, Берік Әбдіғалиұлы басқаратын «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Осы тұста еліміздің барлық өңірлерінде сакралды орындарды анықтау бойынша облыстық комиссиялар құрыла бастады.  Ғылыми-зерттеу орталығы міндеттерінің бірі – жобаларды сараптау-әдістемелік сүйемелдеу. Ал, нысандардың құндылығын анықтаумен ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы басшылық еткен жұмыс тобы айналысып келеді.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты II республикалық форумда  Берік Әбдіғалиұлы орталық әзірлеген ұсыныстар бойынша өңірлерден шамамен 1 000 жуық тізім келіп түскенін айтқан еді. Ғалымның айтуынша, қазір жетекші ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен құрылған сараптау кеңесінің шешімімен мәдени мұраның 100-ге жуық жалпы ұлттық және 500 өңірлік нысаны анықталған.

«Сакралды Қазақстан» экспедициясы

Қыркүйек айында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ел өңірлеріне республикалық «Сакралды Қазақстан» экспедициясын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Экспедиция барысында ғалымдар мен өлкетанушылар бірлесіп, әрбір сакралды нысанды ресми түрде құжаттандырып, олардың құндылықтары туралы баяндалатын аңыздар жазбақ.

Киелі орындар тізімі бойынша жұмыс істеген сараптамалық кеңес нысандарды жалпыұлттық және аймақтық деп екі деңгейге бөліп отыр. Алғашқы тізімге 185 киелі орын енгізілсе, өзгесі аймақтық деңгейде деп саналып отыр. Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, тізім әлі нақты бекітілмеген. Сол себепті де, бұл бағыттағы жұмыстар осымен шектеліп қалмақ емес. «Сакралды Қазақстан» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5 жыл бойы жалғасан табады деп күтілуде.

Заңда киелі жерлердің нақты мәртебесі жазылады

Тағы бір қуантарлық жаңалық – алдағы уақытта тариxи нысандарды қорғау заңнамасына өзгерістер енгізілмек.  Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, тариxи-мәдени нысандар туралы заңда киелі жерлердің нақты мәртебесі жазылатын болады. «Қасиетті жерлер» деген арнайы тармақ бойынша жүйеленбек. Ол үшін алдымен мемлекеттік тізілім жасалады. Оны құзыретті орган – Мәдениет және спорт министрлігі жасайды. Осылайша әрбір тарихи нысанның ғылыми-сараптамалық төлқұжаты жасалмақ. Мамандардың айтуынша, тариxи нысанның төлқұжаты болып, тізілімге енсе, оның нақты мәртебесі болады.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» II республикалық форумында сөз сөйлеген «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, киелі жерлерді анықтау жұмысы осымен аяқталған жоқ. Зерттеулер жалғасып, талқылау шаралары да жүргізіле бермек.  Соған қарай киелі жерлердің тізіміне өзгерістер енгізіліп тұрады.

Республикалық форум аясында «Руxани жаңғыру» залы ашылғанын естеріңізге сала кетейік. Форумның ашылу салтанатында көпшілікке жалпыұлттық және аймақтық маңызы бар тариxи нысандарға арналған екі жинақ таныстырылған еді.

Орталық мамандарының айтуынша, киелі жерлердің тізімін әзірлеу кезінде ғалымдардың зерттеулеріне де көңіл бөлінген. Тариxшылар, этнографтар, географтар, мәдениетанушылар мен әдебиетшілердің ұсыныстары мейілінше  ескерілген.

«Қасиетті Қазақстан» 5 томдық энциклопедиясы

Алматы қаласында белгілі баспагер, «Арыс» қорының президенті, тілші, ғалым Ғарифолла Әнес «Қасиетті Қазақстан» деген 5 томдық энциклопедия жарыққа шығатынын айтты.  Ғалымның айтуынша, алғашқы нұсқасының тұсаукесері Парижде өткен. «Қасиетті Қазақстан» дегенге не жатады? Ең бірінші – өзіміздің астанамыз болған қалалар жатады. Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты көне шаһарларды айтамыз. Қазақ хандығын көтерген тұлғалар, хандар, батырлар, одан кейін Бекет ата, Қорқыт ата сынды әулиелер, Ахмет Яссауи секілді нар тұлғалар осы энциклопедияға енеді», - дейді Ғарифолла Әнес.

Киелі мекендер картасы

Қазір еліміздегі барлық облыстарда, аудандарда киелі орындардың макрокарта, микрокартасы жасалып жатыр. Мәселен, Астана елорданың тарихи-мәдени мұраларын біріктіретін «Сакралды Астана» картасы жасалды. Қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев: «Сакралды карта – бір жағынан өлке тарихын зерттеудің баға жетпес көз болса, екінші жағынан – өз  жеріңе, астанаңа деген патриоттық қарым-қатынасты қалыптастырудың негізі. Үшіншіден, сакралды карта туристік кластердің айнымас бөлшегіне айналуы тиіс», - деген еді.

«Бозоқ» қалашығына мәдени-ғылыми экспедиция ұйымдастырып, қалалық слет және жас өлкетанушылар форумы, білім беру ұйымдарында «Туған жер – рухани жаңғыру» атты сынып және кураторлық сағаттар өткізу көзделіп отыр. «Рухани жаңғыру» атты жас патриоттар клубы мен қаланың шығармашыл зиялыларының кеңесін құру идеясы бар. Бастамашыл топтарға мәдениеттанушылар, тарихшылар, өнер қайраткерлері, археологтар мен  қаланың жасампаз дарынды жастары енбек.

Киелі орындарға арналған мобильді қосымша

Алматы облысында жас өнертапқыштар Қазақстанның киелі жерлеріне арнап мобильді қосымша құрастырғанын айтпай кеткеніміз әбестік болар. Тың жобаны Сүлеймен Демирель университетінің 3 курс студенттері ойлап тапқан еді.

Қосымшада еліміздің киелі жерлері туралы мағлұматтар енгізілген. Ұтымды тұсы – бағдарлама белгілі бір нысан туралы ақпарат беріп қана қоймай, оған барар жолды сызып көрсетіп береді. Жоба авторларының айтуынша, қазір қосымшаға бір ғана Алматы облысының 36 тарихи-мәдени және табиғи ескерткіштері туралы мәліметтер жинақталған. Алдағы уақытта бүкіл Қазақстанның сакралды жерлері туралы ақпараттармен толықтырылмақ. Жобаның жетекшісі Бақтияр Рахматоллаевтың айтуынша, бағдарлама 3 тілде жұмыс істейтін болады.

Сакралды жерлердің географиясы

Еліміздің барлық өңірлерінде сакралды жерлердің географиясы жасалуда. Кие тұнған Қазақстанның түкпір-түкпірінде орналасқан бізге мәлім де беймәлім талай тарихи және мәдени орындар мен ескерткіштер сакралды жерлердің географиясына еніп, тізімі жасалуда. Жергілікті білім беру басқармаларының қолға алуымен, мектеп оқушыларын киелі орындарға апарып, аңызға бай көне мекендердің тереңдегі тарихымен таныстыру жолға қойылып отыр.

Киелі жерлердің БАҚ беттерінде көрініс табуы

Қазақстандағы барлық БАҚ-қа шолу жасау мүмкін емес. Сол себепті, танымдық «El.kz» интернет-жобасында былтыр сәуір айынан бері «Рухани жаңғыру» оның ішінде «Сакралды Қазақстан» бойынша жарық көрген танымдық мақалалар легіне аздаған шолу жасағанды жөн көрдік. «El.kz» интернет-жобасында «Туған жер», «Кие тұнған Қазақстан», «Рухани жаңғыру» сынды бірнеше айдарлар ашылып, 200-ден астам мақалалар жарық көрген. «Құм жұтқан қалалар» сериясымен Сығанақ, Сауран, Отырар сынды көне қалашықтар туралы тарихи деректер мен аңыздар жарық көрсе, «Боралдай петроглифтері», өркениеттің алтын ордасы саналған Бозоқ қаласы туралы тың тарихи мақалалар шықты. Пір Бекет саналған әулие атамыз туралы аңыз-әңгімелер, Домалақ ана, Бегім ана, Баба түкті Шашты Әзіз, Қарабура хан, Алаша хан кесенесі туралы материалдар жарияланып отырды. Ботай мәдениеті, Берел қорымы, Шірік Рабат сынды қастерлі мекендер туралы сыр шертетін аңызға толы зерттеу мақалалар оқырман назарына ұсынылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға