Киберспортқа ойын емес, спорт деп қарау керек – Дулат Төлеуғалиев
Елімізде енді етек жайып келе жатқан саланың бірі ол – киберспорт. Ел ішінен жас таланттар шығып, қазақ атын киберспорттан да әлемге әйгілей бастады. Ал сол саладағы қазақ тілінің дамуы қандай? Оған қолдау бар ма? Осы сауалдарды киберспорт саласындағы тұңғыш қазақ тілді комментатор Дулат Төлеуғалиевтан сұрап көрдік.
El.kz: Дулат мырза, соңғы жылдары еліміздегі киберспорттың жаңа бір тынысы ашылғандай. Бұл тұрғысында ойыңыз қандай? Әлде, әлі де кемшіл тұсымыз көп пе? Осы саланы ары қарай дамыту үшін не істеу керек?
Дулат Төлеуғалиев: Бұл жерде айтатынымыз әрине, қолдау. Елдегі киберспортты қолдауға күш салуымыз керек. Арамызда жақсы ойыншылар көп. Алайда сол спортшыларға жағдай жасайтын, қолдау білдіретін киберспорттық ұйымдар біздің елде тым аз болып тұр. Негізі Қазақстанда киберспорттың кез келген бағыты болсын талантты ойыншылар жетерлік. Мәселен, 2022 жылы біздің қазақ жігіттерінен жасақталған «Титан» командасы Балиға барып PUBG Mobile ойыны бойынша чемпион атанып келді. Дәл сол жігіттер қазіргі болып жатқан әлем чемпионатының финалына шықты.
El.kz: Осы тұста тағы бір сұрақ туады. Күні кеше ғана сол әлем чемпионатының соңғы мүмкіндігі аяқталды. Нәтижесінде қазақ бауырларымыз Лондондағы гранд финалда өнер көрсетуге жолдама алды. Мұндағы ең маңызды сұрақ, жігіттер неге қазақстандық киберспорт ұйымдарының атынан шықпады? Оның себебі неде?
Дулат Төлеуғалиев: Бұл жерде мәселе тағы да қолдаушыларға келіп тіреледі. Оның үстіне елімізде киберспорттық ұйымдар тым аз. Мұндай ұйым құрып, оны ұстап тұру, ойыншыларға жағдай жасай білу өте қиын. Ол біраз қаражатты талап етеді. Ал бізде осы киберспортқа сенетін қолдаушылар көп емес. Біздің елге осы сала бойынша спонсорлар әлі келмей тұр. Сол үшін елдегі ұйымдарға ауыртпалық түседі. Ал қазір біздің жігіттер ойнап жатқан Ресейлік Insilio мен Украиналық NAVI сияқты киберспорттық ұйымдардың қолдаушылары бар. Олар мықты деген ойыншыларды іздеп тауып, оларға келісімшарт ұсынуға қауқарлы. Біздің жігіттерге де сондай келісімшарт ұсынды. Қазір сол командалардың құрамында өнер көрсетеді. Ал өзіміздің елде сондай ұйым құрылып, жігіттерге ұсыныс тастаса, әрине ойыншылар өз еліндегі ұйымды таңдайтын еді.
El.kz: Бұл турнирға Қазақстанның жасақтаған командасы қатысып, іріктеуден де өте алмады. Сол ұйым осы жігіттерді неге жинай алмады?
Дулат Төлеуғалиев: Бұл жердегі мәселе ең бірінші қаражатқа келіп тіреледі ғой. Негізі жақсы команданы бір-бірден жасақтау қиынның қиыны. Олардың бір-бірін түсінісуі, бір-біріне қолдауы деген сияқты ғой. Ең дұрыс шешім бұрыннан бірге ойнайтын ойыншыларды бір командаға топтастыра білу. Ол үшін әрине жақсы демеуші керек. Үлкен ұйымдарда өнер көрсетіп жүрген ойыншыларды шақырып, бүкіл командамен қоса жасақтау деген оңай шаруа емес.
El.kz: Қазақстанда киберспорт федерациясы ашылғаны белгілі. Федерациядан қолдау жоқ па сонда?
Дулат Төлеуғалиев: Федерация киберспорттың жалпы дамуына қолдау көрсетеді. Қазақстап чемпионаты болсын, басқа турнирлар болсын көптеп ұйымдастыруда. Олар түрлі жарыстар өткізіп, талантты ойыншыларға жол ашуда. Қазір ел ішінде танылмай жүрген талантты ойыншылар өте көп. Соларды осындай турнирлардың көмегімен іздеуге үлкен мүмкіндік бар. Оның үстіне бүкіл Қазақстанды қамтитын үлкен жарыста ойнау әр ойыншының шеберлігін шыңдап, тәжірибе алуына септігін тигізеді.
El.kz: Киберспорт дегенде елдің есіне ең бірінші түсетіні компьютерлік ойындар. Ал қарапайым телефон арқылы ойналатын ойындарды бірі білсе, бірі білмейді. Мысалы, жарыққа шыққаннан бастап аз уақыт ішінде әлемдік танымалдылыққа ие болған PUBG Mobile ойыны. Осы ойынның Қазақстандағы аяқалысы қандай?
Дулат Төлеуғалиев: Әрине, қазір де компьютерлік ойындар танымалдылықа ие. Бірақ телефонға арналған ойындардың да дәуірі жүріп тұр. Оған басты себебі бәріміз білетін әлемдік пандемия болды. Халық үйден шыға алмағанда компьютерлік клубтарға баруға да мүмкіндік болмады. Ал бәрінде смартфон бар. Сол кезде мобилді ойындарға сұраныс артты. Оның үстіне үйде отырған адамның бос уақыты да көбейіп, күн өткізу үшін халық ойнай бастады. Сол кезде ең танымалдылыққа ие болғаны осы PUBG Mobile ойыны. Сол кездің өзінде онлайн турнирлар ұйымдастырылып отырды.
El.kz: Алдағы Лондондағы жарыстан не күтеміз? Қазақ балалары үшін жарыс қалай болмақ? Олардың жүлделі орыннан дәмеленуге мүмкіндіктері бар ма?
Дулат Төлеуғалиев: Қазақ киберспортшылары осыған дейін де әлем чемпионатының финалында өнер көрсеткен. Естеріңізде болса «KoninaPower» командасы гранд финалда жақсы ойынап шыққан. Енді міне араға жылдар салып, тағы да қазақ бауырларымыз финалға шығып отыр. Нақтырақ айтсам, NAVI-дан үш қазақ және Insilio командасында толық бір құрам болып өзіміздің бауырларымыз өнер көрсетеді. Командалардың ойынына келер болсақ, NAVI жігіттері топтық кезеңде «Қызыл» топтың чемпионы болып, гранд финалға бірден жолдама алды. Жарыстың ережесі бойынша әр топтың үздік үш командасы финалға тікелей жолдама алады. Ал Insilio-дағы жігіттеріміз топтық кезеңді тоғызыншы орынмен аяқтап, жарыстың барлық кезеңінен өтіп шығуына тура келді. Дегенмен ойыншылар өздерін керемет ұстап, тұрақты ойын өрнегін көрсете білді. Соның арқасында соңғы мүмкіндік кезеңінде Моңғолиялық командадан кейінгі орынмен гранд финалға жолдаманы қанжығалады. Енді алтыншы және сегізінші желтоқсан арасында финалдық ойындар өтеді. Менің ойымша біздің жігіттер финалдық ойындарда да осы тұрақты ойындарын көрсетуі тиіс. Себебі, психологиялық тұрғыдан да, тұрақтылық жағынан да ойыншылар шыңдалған. Әрине, қанша айтқанмен финалдық ойындағы атмосфера бөлек қой. Дегенмен бәрінің тәжірибесі жетерлік, сондықтан қазақ ойыншылары жақсы ойын өрнегін көрсететініне сенемін.
El.kz: Елдегі киберспортқа қайта оралсақ. Жас таланттар қалай танылады? Олар көзге қалай түседі? Сол туралы айта кетсеңіз.
Дулат Төлеуғалиев: Жас таланттар кішігірім турнирларда көзге түседі. Мысалы сол Insilio командасының екі ойыншысы жеке жарыстың бірінде көзге түсті. Ондай жеке турнирларды қаражаты бар адамның бәрі ұйымдастыра алады. Жүлде қоры 30-40 мыңнан басталса да жас таланттарды табуға керемет мүмкіндік береді. Сол ойындарда жақсы ойыншылар бір команданы жалғы өзі жеңіп кететін сәттер болады. Сол кезде оған деген қызығушылық артып, киберспорттық ұйымдардан шақырту алуы мүмкін. Оның үстіне ол жарыстарға жақсы командалар да қатысып, танылмай жүрген ойыншылардың тәжірибе жинауына көмектеседі. Бұл жерде футболдағы жағдай сияқты ғой. Мысалы, Реал Мадрид бір командамен ойнап, қарсы команданың бір ойыншысы оларға гол соғып көзге түседі. Соның арқасында ол Реалдың бапкерлерінің қызығушылығын оятуы мүмкін. Дәл сол сияқты киберспортта да осындай жағдайлар болып тұрады. Бірақ бұл жерде бір ескере кететін жағдай бар. Жақсы ойыншы тек атыс өнеріне қарап бағаланбайды. Оның психологиясы, командамен түсінігі, бірлесе жұмыс істей алуы да маңызды.
El.kz: Қазақстанда ұйымдастырылатын жарыстардың жүлде қоры 150-200 мың төңірегінде ғана болады. Жастардың қызығушылығын оятып, осы саланы дамыту үшін бұл жүлде қоры жеткіліксіз емес пе?
Дулат Төлеуғалиев: Біздің елде ауқымды турнирлар көп. Сіз айтып отырған жүлде қоры жеке жарыстардікі болар. Мәселен Қазақстандық Pinger.Pro, BigPlay, Iplay ұйымдастыратын турнирладың арасында жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайтындары да бар. Әрине ондай ауқымды жарыстар жиі бола бермейді. Дегенмен, жиі болатын турнирлардың да қаржылай жүлдесі қомақты деп айта аламын. Осындай Қазақстанның ішкі чемпионатынан да жақсы таланттар көзге түседі.
El.kz: Енді өзіңізге оралсақ. Осы салада қазақ тілді контентті дамытып келесіз. Қолдау бар ма? Жалпы өзіңіз киберспорт саласына қалай келдіңіз және неге осы ойынды таңдадыңыз?
Дулат Төлеуғалиев: Бұл салаға келуіме досатрым себеп болды. Ойын туралы достарым айтып, ойнап көруге шақырды. Солай бірге ойнап жүрдік. Кейіннен неге осы салада өзімді сынап көрмеске деген ой келді. Солай ютуб каналдың бірінен шақырту алып, ойындарды орыс тілінде жүргізе бастадым. Елімізде киберспорт коментаторы болмағандықтан ешкімен үйрене алмадым. Өзім шетелдік коментаторлардың жүргізгенін қарап соларды қайталап көрдім. Бірде сондай турнирлардың бірінде қазақ командалары өнер көрсетті . Сол кезде көрермендер саны да қазақ тілді контент көргілері келетінін жаза бастады. Басында әрине қорқыныш болды. Себебі, ойынның барлық терминдерін қазақ тіліне түсінікті қылып аудару, оны көрерменге жеткізе білу де үлкен еңбекті талап етеді. Өзім орыс мектебін тәмәмдағаннан соң ба қазақша жүргізу маған одан бетер қорқыныш турдырды. Дегенмен көрермендердің сұранысын неге іске асырмасқа деген оймен жарыстарды қазақ тілінде жүргізе бастадым. Осы саладағы қазақ тілді контентті қолдаушы жоқ. Өз ютуб каналым арқылы қазақ тілді жарыстарды жүргізіп келемін. Осылай қазақ тілді котенттің дамуына атсалысудамын. Соның арқасында PUBG Mobile ойынының ресми парақшасына да қазқ тілді контентті алып шықтық. Мысалы соңғы эфирде орыс тіліндегі эфирге қарағанда біздің парақшадағы қазақ тілді көрермендердің саны басым болды. Оның өзі біздің жұмыстың алға басқанының көрсеткіші. Ал соңғы кездері үлкен жарыстарды қазақ тілінде жүргізу үшін шақытрулар алып жүрмін. Ол жерде қолдаушылар да бар. Қазір қазақ тілді комментатор екеу болдық. Менен басқа тағы бір жігіт бар. Екеуміз әр түрлі жарыстарды бірге жүргізіп жүрміз.
El.kz: Қазақ қоғамында жалпы ойыннан түсер түк пайда жоқ. Тек уақыт құрту, оның бала үшін болашағы жоқ деген түсінік қалыптасқан. Сол санамен қалай күресу керек? Бұл туралы ойыңыз қандай?
Дулат Төлеуғалиев: Негізі бұған ойын емес спорт сияқты қарау керек сияқты. Қай ата-ана болмасын баласының белгілі бір маман иесі болып, отбасын асырай алатындай дәрежеге жеткенін қалайды ғой. Үлкендер осы ойын арқылы да ақша табуға болады дегенге көп сене бермейді. Олар осы ойын арқылы үйге табыс әкелгенде барып бірақ сенеді. Әрине бәріне уақыт керек қой. Үлкендер де уақыт өте барлығын түсінеді. Ол ең бастысы ойыншының өзіне, ата-анасымен қарым-қатынасына, олармен ашық әңгіме жүргізуіне байланысты. Ата-аналар да балаға мүмкіндік беріп, оларды түсіне білуі керек. Баласы киберспорт саласын таңдаса, онда әке-шешесі оған бір жыл, болмаса екі жыл уақыт беруі керек. Егер бала сол уақыт ішінде нәтиже көрсете алмаса, онда басқа саланы да ойластырғаны дұрыс деп ойлаймын.
El.kz: Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет. Киберспорт саласында да қазақ тілді контент дами берсін!