Aqorda

Киберқауіпсіздік жаңа министрліктің басты міндеттерінің бірі болуы тиіс – Әсел Әбен

08.09.2025 18:16

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауын арнады. Бұған қатысты Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әсел Әбен өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жан-жақты әрі ауқымды Жолдау

Әсел Әбеннің айтуынша, биылғы Жолдау жүйелі әрі жан-жақты қамтылуымен ерекшеленді. Экономика, әлеуметтік сала, мәдениет, экология және саяси реформаларға қатысты маңызды мәселелер қозғалып, сонымен қатар жаһандық деңгейдегі сын-қатерлер де назардан тыс қалмады.

ҚСЗИ

Мемлекет басшысы халықаралық маңызы бар мәселелерге тоқтала отырып, ел ішіндегі нақты проблемаларды да назарға алды. Бұл жолдаудың кешенді сипатын көрсетеді. Әлемдік тенденцияларды ескере отырып, ұлттық мүддемізді қорғау жолындағы ұстанымдар айқындалды, – деді сарапшы.

Цифрландыру – уақыт талабы

Президент жолдауда Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін жүктеді. Сарапшының пікірінше, бұл мақсат қолжетімді әрі уақыт талабына сай.

Қазір дүниежүзі бойынша цифрландыру үдерістері өте қарқынды жүріп жатыр. Егер біз бұл бағыттан қалып қойсақ, ұлттық бәсекеге қабілеттілігімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Естеріңізде болса, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы осы жолдағы алғашқы қадамдардың бірі болды. Сол кезден бастап елімізде елеулі жетістіктер бар. Сондықтан үш жыл ішінде цифрлық трансформацияны жүзеге асыру – қолжетімді мақсатымыз, – деп атап өтті Әсел Әбен.

Сондай-ақ сарапшы жасанды интеллекттің маңыздылығына тоқталды. Оның сөзінше, жаңа технология әлемдік экономиканы түбегейлі өзгертумен қатар, Қазақстанның да даму қарқынын жаңа деңгейге көтере алады.

Жаңа министрліктің миссиясы

Жолдауда мемлекет басшысы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажеттігін айтты. Әсел Әбен бұл бастаманы орынды әрі уақытылы шешім деп санайды.

Жасанды интеллект бүгінде мемлекеттік басқару, өндіріс, медицина, білім беру сияқты түрлі салаларға енгізіліп жатыр. Бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, инновацияларды тезірек енгізуге ықпал етеді. Алайда цифрландырудың тек жақсы жағы ғана емес, қауіптері де бар. Соның ішінде киберқауіпсіздік мәселесі ерекше назарды қажет етеді. Қазіргі таңда кибершабуылдар ұлттық қауіпсіздікке төнетін жаңа қатердің біріне айналды. Сондықтан осының бәрін жүйелеп, реттеп отыратын арнайы мемлекеттік органның құрылуы өте маңызды, – деді сарапшы.

Айта кетейік, бұған дейін президент жолдауда бірнеше салаға жасанды интеллект енгізуді тапсырғаны жайлы жазған едік.