©Pixabay.com

Кибер-имплант егде жастағы адамдардың көру қабілетін қайтарды

Ғалымдар көру қабілетін жоғалтқан адамдарға қайтадан әлемді көруге және мәтінді оқуға мүмкіндік берді. Олар көзге өлген жарық сезгіш жасушалардың орнын басатын электродтар мен инфрақызыл сенсорлар жиынтығын имплантациялау арқылы 32 пациенттің 27-сінің көруін қалпына келтірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы Ұлыбританияның Лондон университеттік колледжінің (UCL) баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл – жасанды көру жүйесін дамытудағы үлкен қадам. Біз алғаш рет науқастардың орталық көру қабілетін қалпына келтіріп, олардың жағдайында айтарлықтай жақсару байқадық. Адамның өз бетімен мәтін оқи алуы – оның өмір сапасын, көңіл күйін және тәуелсіздігін едәуір арттырады, – деді UCL доценті Махи Мукит.

Зерттеу нәтижелері Еуропаның бес елінде тұратын 38 жастағы және одан үлкен науқастардың қатысуымен өткен клиникалық сынақтар барысында анықталған. Барлық қатысушылар құрғақ формадағы макулодистрофиямен (жасқа байланысты сары дақтың дегенерациясы) ауырған.

Олардың әрқайсының көз торының орталық бөлігіне өлшемі 2х2 миллиметрлік микрочип орнатылды. Бұл чип арнайы көзілдіріктен түсетін инфрақызыл сәулелерді қабылдап, оларды электр импульстеріне айналдырады. Электр сигналдары көз торындағы тірі қалған жүйке жасушалары арқылы миға беріледі. Осылайша науқастар көзілдірікке орнатылған камерадан суретті көруге мүмкіндік алды, әрі мұндайда табиғи перифериялық көру қабілеті бұзылмайды.

Клиникалық сынақтардың нәтижесінде бұл құрылғыны толық меңгерген 32 пациенттің 27-сі көру қабілетін айтарлықтай жақсартқан. Кейбірі тіпті көру өткірлігі тексерілетін кестеде бірінші жолдан соңғысына дейін «секіріп», нәтижесін бірнеше есе арттырған.

Сонымен қатар 18 қатысушыда жеңіл және ауыр жағымсыз әсерлер байқалғанымен, олардың 95 пайызы екі ай ішінде адам денсаулығына зиян келтірмей жойылған.

Махи Мукиттің айтуынша, кәсіби офтальмохирург мұндай чипті көзге бар болғаны екі сағатта орната алады. Бұл әдістің жаппай қолжетімді болуы – әлем бойынша жасы ұлғайған адамдар арасында жиі кездесетін сары дақтың құрғақ түріне қарсы күресте аса маңызды.

Айта кетсек, көздің сары дағының дегенерациясы – егде жастағы адамдарда жиі кездесетін көз ауруларының бірі. Ол тор қабықтың орталық бөлігіндегі жарық сезгіш жасушалардың жаппай өлуінен туындайды. Бұған әдетте қан айналымының бұзылуы және тамыр аурулары себеп. Қазіргі таңда бұл дерт – әлемде соқырлыққа алып келетін ең басты себептердің бірі.