Жаңалықтар

ХV-ХVІІ ғасырлардағы қалалар

ХV-ХVІІ ғасырларда Жетісу қалалары тоқырап жатқанда, Сыр өңіріндегі қалалар керісінше өркендеп жатты.
22.10.2015 04:01 7216

Ежелгі қалалардағы өркениет жаугершілік замандарда біраз тежеліп, кейде тіпті қирап та қалып жатқан. ХV-ХVІІ ғасырларда Жетісу қалалары тоқырап жатқанда, Сыр өңіріндегі қалалар керісінше өркендеп жатты.

ХV-ХVІІ ғасырлардағы қалалар

ХV-ХVІІ ғасырлардағы қазақ қалалары моңғол шапқыншылығынан кейін қалалық тіршілігінен үзіліп қалған болатын. Шындығында да моңғол шапқыншылығы кезінде Жетісудағы Іле мен Талас өңіріндегі қалалардың дамуына алапат зиянын тигізген еді. Бірақ Сырдария мен Қаратау бойындағы қалалардың тағдыры бұған қарағанда өзгеше сипат алды. ХІІІ ғасырдың басында өртенген, тоналған бұл қалалар ХІІІ ғасырдың аяғында және XIV ғасырда қайта қалпына келтіріліп, қолөнер мен сауданың маңызды орталығына айналды. Ал XVІ- XVІІ ғасырларда қазақ хандарының ордасы болды.

Сыр бойы  калалары үшін Қазақ хандары өте  қажырлы қайрат жұмсады. Ең алғаш Қазақ хандығының құрамына қосылған Сырдария жағасындағы  - Созақ және  Сауран  қалалары  болды. XV ғасырдың соңында Сығанақ  пен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды.

Сығанақ қаласы қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылынан солтүстікке қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі кезде қаланың орны - Сунақ-Ата қалашығы. XV-XVI ғасырларда Сығанақ қаласы Сыр өңірі немесе Дарияның жағалауындағы қалалары ішіндегі саяси-әкімшілік, сауда-айырбас, орталықтары ретінде ең ірі қаланың бірі болып саналады.

Жазба деректердің мәліметтері бойынша, аймаққа қыпшақтардың келуіне байланысты мұндағы оғыздар оңтүстік-батысқа қарай жылжып кетеді. Ал Сырдың орта және төменгі ағысына Қыпшақ хандығы орналасады. Ибн Рузбихан Сығанақ қаласы «аймақтың солтүстік жағындағы жер жәннатының шеті» деп сипаттаса, қала Дешті Қыпшақтың шекаралық сауда бекеті, бүкіл әлемге аумағының кеңдігімен, қауіпсіз әрі тыныш болуымен даңқы шыққан қала дейді.

Сығанақ Түркістанның ірі сауда орталығы болған, қала тау өзендерімен және Сырдариядан тартылған арықтармен суландырылып, егіншіліктің де орталығы болған.

XV-XVI ғасырларда Созақ қаласы аймақтық Дешті Қыпшақпен түйіскен жерінде, Сыр бойындағы қалаладан анағұрлым алшақ орналасты. XV ғасыр соңында Созақ қаласы мен оның өңірлерінде Жәнібек ханның ұлы Махмуд сұлтан билік жүргізді. Қазақ тарихында елеулі орын алған Созақ қаласының орны Қаратаудың теріскей беткейіндегі қазіргі Созақ аулының жерінде жатыр. Онда екі ортағасырлық қала орны сақталған. Солардың біріншісі Тарсатөбе. Ол ауылдың солтүстік-шығыс шетінде орналасқан. Екіншісі ауылдың орта тұсында орналасқан кейінгі Созақтың орны. Оны жергілікті тұрғындар «Өркешігі» деп атайды. Созақта 1946 жылы археологиялық зерттеу жүргізген Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (Ә.Х. Марғұлан) қала екі бөліктен тұратындығын алғаш айтқан.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға