Жаңалықтар

ҚХП президенттікке неге үміткер ұсынбағанын түсіндірді

Біздің жоспарымыз өзге партияларға ұқсамайды.
ҚХП президенттікке неге үміткер ұсынбағанын түсіндірді
Фото: h-news.kz 06.10.2022 16:40 1801

Қазақстан Халық партиясының саяси бюро мүшесі Асхат Асылбеков партия қатарында президенттікке лайықты кандидаттардың бар екенін, алайда қазіргі саяси жағдайға байланысты үміткер ұсынбау туралы шешім қабылдағандарын айтты, деп хабарлайды El.kz

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХП айтқан ұсыныстардың бәрін орындады. Жердің байлығы халыққа тиесілі деген ұсынысымызды қолдады. Кейбір шенеуніктер 80 мың киікті атамыз дегенде біздің партия алғашқылардың бірі болып қарсы шықты. Мұны естіген Президентіміз экология министрлігіне киіктерді атуды тоқтатуды тапсырды», - дейді.

Бұдан бөлек, партия бюросының мүшесі Президенттің неліктен белгілі бір партияның атынан сайлауға түспегенін айтты.

«Президент кеше белгілі бір ұйымның немесе партияның атынан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысатынын айтты. Бүгін сол коалицияның жиналысына барамыз. Партия мен ұйымдардың отырысынан кейін Мемлекет басшысы ұсынылады деп ойламын», - деді ол.

Сондай-ақ, айтуынша, халық партиясында президенттікке лайықты кандитаттар көп екенін, тек қазіргі саяси жағдайда халықты шатастырмау мақсатында өз кандитаттарын ұсынбағанын айтты.

«Дәл қазір саяси жағдайда Президентті қолдаймыз. Келесі сайлауда міндетті түрде әрбір партия өз кандитаттарын ұсынуға лайықты. Негізі халық партиясының мақсаты – билікке келу. Енді билікке өзге партиялар келу керек. Президентіміз соны түсініп, партия мүшелігінен шықты. Әр партияның саяси идеологиясы әртүрлі. Бірақ, сайлау кезінде бәрі бірігеді. Тек Amanat партиясы Президентті ұсынды, оны ҚХП қолдады деген сөз емес. Біз өз атымыздан жеке ұсынып, Президентті қолдап отырмыз. Біздің жоспарымыз өзге партияларға ұқсамайды. Бірақ бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз», - деді ҚХП партиясының саяси бюро мүшесі Асхат Асылбеков.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға