Жаңалықтар

Хантау

Жазба деректерде Жетісудың батысында «Қозыбасы Шу» деген жерде Жәнібек пен Керей хандар бастаған Қазақ хандығының құрылғандығы халқымыздың тарихында белгілі.
19.03.2015 05:20 6905

Жазба деректерде Жетісудың батысында «Қозыбасы Шу» деген жерде Жәнібек пен Керей хандар бастаған Қазақ хандығының құрылғандығы халқымыздың тарихында белгілі. Көрсетіліп отырған жер Моғолстан жері еді. Алайда, ондағылар қазақ хандарын өз жеріне келулерін қуанышпен қарсы алған. Себебі, Есенбұға ханның інісі Жүніс хан оларға осы жағынан қауіп туғызып отырған. Сондықтан Жәнібек пен Керейдің өз жеріне келіп орнығуына ешбір кедергі жасамаған. Бұл жерге келгенге дейін қазақ сұлтандары қазақ хандары деп атала бастаған.

Хантау

Халқымыз егемендігін алып, еркін даму жолына түскен соң біз Қазақ ханды­ғының алғашқы ту тіккен жерін айқындау үшін палеонтологиялық экспедиция жұмысын жүргізе бастадық. Зерттеу барысында Қозыбасы деген жер Қордай ауданының шығыс жағында екендігі белгілі болды. Шоқан Уәлиханов Верный бекінісінде болған кезінде Қозыбасы осы бекіністен екі күндік жерде екендігін жазып кеткен болатын. Міне, сол Қозыбасы жайлауында Керей хан болған. Ал Шу - қазіргі Шу стансасының аумағы. Осы стансаның терістік шығыс жағында Хантау стансасы бар. Бұл аумақта Жәнібек хан болған. Оған дәйек, Үлкен Хантаудың шығыс жағында Жәнібек ханның «хан қорасы» деген қора бар. Хантауы - Жетісу аймағының солтүстік батыс жағын­да Шу-Іле Алатауының оңтүстік шы­ғыс жағалауындағы сілемдері болып табылады. Оңтүстік батыстан оңтүс­тік шығысқа қарай 40 шақырымға дейін созылып жатыр. Таудың орташа биіктігі 600-650 метр. Ең биік шоқысы 1053 метр. Жергілікті халықтың айтуы бойынша, ол биік шоқыны «Сұңқар» шоқысы деп атайды. Шамасы таудың  биіктігін сұңқар самғайтын биік­пен ұштастырған болуы керек. Хан тауы - біртұтас емес, бірнеше бөліктерден тұрады. Таудан ағып шыға­тын кішігірім бұлақтар тау беткейлерін сай сала, жыра-жылға еткен. Мұндай жер мал қыстатуға қолайлы.

Хантауының солтүстік шығыс жағы жусанды, ал солтүстік батысы сексеуілді дала болып келеді.  Қараот өсімдіктерге өте бай. Әсіресе, ақселеу, жусан, еркек шөп сияқты малға жұғымды шөптер өте қа­лың өседі. Ал тау басында және беткейлерде саркүйік шөп жайқалып тұрады.

Хантаудың қыс қыстауға және бір қолайлығы - тау беткейлерінде тобылғы, ақтаспа сияқты қызуы жақсы отқа отын мол. Сол себептен де Хантау жері қазақ халқы­ның қыста тұрақты жай салып мекендеген жерлерінің бірі болған.

Халқымыздың жерге, тауға, өзенге, көлге ат бергенде оның сыртқы көрініс­теріне немесе себеп-салдарына, ма­ғынасына ертеден-ақ терең мән бергені белгілі. Сондықтан да бұл таудың  Хантау аталуы да бекер болмаса керек. Ендеше, бұл тауда қазақ хандары қыс қыстап, жаз жайлады дегенге еш шүбә жоқ деп білеміз.  Бұған қоса айтарымыз, Үлкен Хантау, Орта Хантау, Бала Хантау (немесе Кіші Хантау) деген атаулардың да бары бекер емес. Аталған тау басында хан «ханның тағы» деген үш тас және бар. Міне, осы хантағы тұрған жерге Жәнібек хан ту тіккен жер десек, артық айтқан болмаймыз. Елдік істе бұған күмән келтіруге болмайтын шығар.

Хантауда  хандардың өмір сүргендігін дәлелдейтін басты бір айғақ, Хантаудың солтүстік шығыс жағында Жәнібек хан­ның «Хан қорасы» деген қораның орны бар. Қора беті күнгейге қараған сызбада көрсетіліп отыр. Табиғи дөң­гелек қора тәрізді жартастың ортасын қораға пайдаланғаны көрініп-ақ жатыр. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан деректерді бізге жеткізуші, көңіл көзі ашық Нұрғиса Мұқатаевтың айтуы бойынша, бұл қорада Жәнібек хан қыстайтын болған. Қораның қазіргі көрінісіне қарағанда ХХ ғасырдың 50-60-жылдарына дейін, одан кейін де пайдаланғаны көрініп тұр. Қораның терістік жағында жартастың ортасында кеңдігі 1 метр 30 см. ұзындығы 25 метр жартасты қақ жарып үстіне көтерілетін сатыны «Хан сатысы» деп атайды. Шындығында, жартастың арасынан жоғары қарай көтерілетін бұл өткел сатыға ұқсас, оны хан қолдан жасатты ма, жоқ әлде табиғи жаратылыс па оны дәл айту қиын. Шамасы хан сатымен көтеріліп төбеге шығып бой сергітіп, жан-жаққа көз салған болар. Сатының оңтүстік жағында қораның ішінде 30 метр жерде ханның мініс аттары тұратын ат қорасының орны да бар. Бұл жерде ұзындығы 10 метр биіктігі 2-3 метр үлкен бір тас тұр. Түбінде тастан жасалған ақырды көруге болады. Хан қорасы жерден екі бөлікке бөлінеді. Бірінші, шығыс жағындағы  қораның ені 18 метр, ұзындығы 24 метр. Ал екінші, батыс жағындағы қора­ның ені 16 метр, ұзындығы 20 метр. Алғашқы қораның оңтүстік жағында қораға кіретін екі ашық жері бар. Ол мал кіріп, шығатын қақпасы болу керек. Егер қораның солтүстік-батыс, солтүстік және солтүстік-шығыс жақтарын айналдыра табиғи биіктері 50-60 метр кереге жартас­тар қоршап жатса, ал оңтүстік жағында доғаша иілген ұзындықтары 20-30 метр екі жартаспен тұйықталған. Екінші қораның батыс жағынан кішкене сай өтеді. Табанында жылтырап су ағып жатыр. Сай мен қораның арасы 15-20 метр. Ал сайдың батыс жағынан 150-160 метр жерде оңтүстіктен, яғни Шу-Іле Алатау жағынан Солтүстікке (Балқаш) қарай Хан оры өтеді. Дерек берушілердің айтуына қарағанда, ордың басы Балқаш көлі жағынан басталып, аяғы Шу-Іле Алатауына дейінгі аралықта жалғасып жатқан көрінеді. Шындыққа көзімізді жеткізу үшін ордың бойымен оңтүстік жағынан машинамен 10 шақырым, солтүстік жағынан 5 шақырым жүріп көрдік. Ор жалғасып кете береді. Бұл ордың қазіргі сақталған көрінісі әрқалай, бір жерде тереңдігі 1-2 метр болса, кейбір жерде одан таяз, кеңдігі 1,5-2 метр. Хан оры туралы әртүрлі аңыз сақталған. Оған құлақ түрер болсақ, Жәнібек ханның құлан аулайтын да оры болған екен. Бұл ор туралы ХІХ ғасырдың ортасында бұл өңірде болған Ш.Уәлиханов еңбектерінде, ХІХ ғасыр аяғында қазақ халқының жан саны мен жерін есепке алу үшін шыққандар орыс деректерінде  кездеседі. (Валиханов Ч.Ч. Очерки Джунгарии. Т.1.І басылым, 344-345-б. МОТ.т. ІV. Верненский уезд. Спб., 1913, 77-78-б.). Мысалы, Ш.Уәлиханов қалдырған деректі қарастырып көрелік. Ғалым орды қаздырған ханның аты Жәнібек болу керек деп жобалайды. Өйткені, оған айтушылардың өздері бірі Жәнібек десе, ал кейбіреулері ханның атын айтып бере алмаған. Шоқан тағы аңызды алға тартады. Қырғыздар хан сайлап алу үшін ханнан бір баласын сұрапты. Хан қырғыз елшілеріне Жәнібек Жошы деген баласын беріпті-мыс. Ал, шындығында Жәнібектің Жошы деген баласы болмаған. Жошының күмбезі Арқадағы Қарақеңгір өзенінің бойында. Баланы қырғыздар алып бара жатқанда бала жолда жайылып жүрген құландарды қуамын деп аттан жығылып, қазаға ұшырапты. Содан, Жәнібек хан құландарды ор қаздырып қырғызыпты, дейді. Хан арығы содан қалған ба, тап басып айту қиын. Ал екінші бір деректе, Түркістан қаласының археологтары қоғамының мүшесі Д.Жетпісбаев орды Ақсақ Темір қазғызған секілді дегенді меңзейді. Иә, Ақсақ Темірдің бұл аймақта бірнеше рет болғаны мәлім. Алайда, ол не үшін ор қаздырғаны белгісіз. Сон­дықтан да бұл орды қаздырған Жәні­бек хан деген ой ақиқатқа келеді. Егер құлан аулайтын ор болса, ол неге сонша ұзын болуы тиіс. Ордың ұзындығы Ш.Уәлиханов дере­гіне қарағанда, Жоңғар Алатауынан басталып Шу Алатауына дейін шамасы 40-50 шақырым аралықты қосып жатса, орыс деректерінде басы Іле бойындағы Топардан басталса, екінші басы Қордай тауына дейінгі аралықты алып жатыр. Құлан аулау үшін мұндай орасан ұзындықтың қажеті қанша деген ой тағы алдан шығады. Екіншіден, ордың қазіргі сақталған кеңдігі мен тереңдігі онша айтарлықтай емес. Құландар шамамен 7-8 метр ұзындыққа секіреді емес пе? Мәселен, ордың қазіргі кеңдігі 1,5-2 метр­ден аспаса, тереңдігі 1-2 метр ғана. Сон­дықтан бұл орды Жәнібек құлан аулау үшін қазғызды деген байлам шындыққа онша жақындамайды. Ендеше, бұл ор мәселесі  әлі де зерттеуді қажет етіп тұр.

Хан қорасының оңтүстік жағында Ноғай құдық қыстауы орналасқан. Бұрын бұл жер төртінші бекет деп аталса керек. Бірақ та бекеттің үй-жайлары сақталмаған. Ноғай құдықтың іші таспен өрілген. Қазір­гі тереңдігі 8 метр. Түбінде суы бар. Шамасы, бұл бе­кет кезіндегі құдық болуы керек. Ноғай ата­луының астарында күтуші адамның ұлтына байланысты ма дейміз. Жалпы, бекет бір елмен екінші елдердің арасына немесе саудагерлер жүретін керуен жолдарының бойына салынатыны белгілі. Тарихи зерттеулерге қарағанда, академик К.Байпақов пен К.Нұржановтың топшылауынша Ұлы Жібек жолының бір тармағы Іле алқабынан - оңтүстік батыс­тан, солтүстік шығысқа қарай өтетіндігі мәлім. Олай болса, бұл бекет Хантау бойынан шығыстан батысқа қарай, яғни атақты Тараз қаласына қарай өтетін Жібек жолының үстінде жатқан бе­кет деуге келеді. Хантау жеріндегі қыстаулардың орналасуы сол Жібек жолының бойына жақын салынғандығы байқалады. Мұндай бекеттерді керуен сарайы деп те атайды. Бұдан кейінгі керуен сарайлары бұл жерден 30-40 шақырым жерде, Мұқатайдың кезеңі деген жерде салынған. Хан оры да осы керуен сарайдың жанынан батысқа қарай өтіп жатыр. Сонымен, Ноғай құдықтың жері ертеден келе жатқан тарихи орын болып табылады десек, жөн болатындай.

Біздің жоғарыда келтіріп отырған деректеріміз жай бекер айтылған немесе ойдан шығарылған атаулар емес. Шындық аясында болған оқиғалардың куәсі. Хан тауы, хан тағы, хан оры, Жәнібек ханның қыстауы, хан сатысы, т.б. - хан атымен байланысты орындар - біздің Мәңгілік Еліміздің бастау басының бір саласы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзі­нің биылғы Қазақстан халқына Жол­дауында өткен тарихымызға ерекше мән беріп Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өте­тінімізді жеткізді. Бұл мәңгі ел ұрпағы көптен күт­кен атау­лы күн еді. Бұл мақала соған орай жазылып отыр.

Иә, мақаланы жазудағы басты мақса­тымыз, хандарымыз ту тіккен Хантаудан хабардар етіп қана қоймай, алдағы айларда тікелей Жәнібек хан ту тіккен өңірге, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай экспедиция ұйымдастыру жоспарланып отырғанын да айта кету еді. Оған журна­листерді, фототілшілерді, деректі киноға түсірушілерді қатыстырсақ деген ниеттеміз. Бабалар ту тіккен киелі руханият өкілдері ретінде белгі қойып, ел туын желбіретіп, зерттеп, зердеден өткізсек дейміз.  Қолдаушылар табылып жатса, біздің орталыққа хабарласуларына болады.


тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәйден Жолдасбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға