Жаңалықтар

Халық жүрегінен шығып, сынынан өткен – Ата Заң

Қазақстан тәуелсіздігінің тарихына жүгінсек, 1995 жылы атқарылған жұмыстар елдің үлкен белестен бір аттағанын, басты асуды асқанын айғақтар еді.
17.03.2015 09:51 8927

Халық жүрегінен шығып, сынынан өткен – Ата Заң

Қазақстан тәуелсіздігінің тарихына жүгінсек, 1995 жылы атқарылған жұмыстар елдің үлкен белестен бір аттағанын, басты асуды асқанын айғақтар еді. Соның ішінде 1995 жылдың 30 тамызындағы Конституцияны қабылдаудың маңызы айтарлықтай ерекше болмақ. Елдегі саяси өзгерістерге орай, сол жылы Президент Н. Назарбаевтың бастамасымен сарапшылар тобы құрылып, олар әлемнің көптеген елдерінің Конституцияларын, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданған Негізгі Құжаттарды мұқият сараптаудан өткізді. Сарапшылар тобының ғалымдары, саясаткерлер ғана емес, бұл іске Елбасы да етене араласты. Тіпті, осы істің тізгіні Мемлекет басшысының қолында болды, Президент те бұған барынша жан-жақты дайындықпен келді десек жаңылмаспыз.

«Біз үшін дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әртүрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мәселені – тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткен табыстарын ұғыну маңызды болды. Ізденіс географиясы да ауқымды болатын – ол Еуропаны, Азияны, Солтүстік және Латын Америкасын қамтыды. Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бес жылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді. Иә, кейде біздің шешімдеріміз жартыкеш, ымырашыл сипатта да болды. Кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілетін. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін», - деп жазады Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы.

1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі Заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», - деген болатын.

Сөйтіп, Тұңғыш Президенттің өзі бастама әрі ынталылық жасап, сол кездері Еуропа мен Азияның, Солтүстік және Латын Америкасының барлығы 20-дан астам дамыған және дамушы елдерінің конституцияларын зерттеп, саралап, зерделеп шықты. Сосын 1994 жылы өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа конституцияның жобасын тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата заңымыздың негізін қалаған еді. Ендеше, 1995 жылы қабылданған Конституцияның да басты авторы – Қазақстан халқы мен оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев деп толық сеніммен айтуға болады.

1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Конституция барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат болды. Өйткені, Конституцияны қалыптастыруға қалың қазақстандық жұртшылық тікелей қатыса отырып, республикалық референдумда қабылданды. Бұл үдеріс Ата Заңға ерекше үстем күш беріп, оның әлеуетін арттырады.

Осылайша, дүниеге келген Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Алайда, заман ағымына қарай Негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Дегенмен, қазіргі һәм өмір бойғы басты міндетіміз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап – Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.

Екіншіден, қолданыстағы Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Қос палаталы кәсіби Парламенттің жасақталуы да соның жарқын айғағы. Түйіндей айтсақ, 1995 жылы қабылданған Ата Заң мемлекеттің шұғыл бетбұрысын қамтамасыз етіп, Қазақстанның қазіргі жеткен жетістіктерінің бірден-бір кепілі бола алды. Оны дәлелдеп жатудың өзі де артығырақ.

Сосын бұл Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден, біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды.

Әлбетте, Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Биыл ел болып жиырма жылдығын атап өтіп отырған біздің Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Ең бастысы, Қазақ елінде кейбір көршілеріміздегідей, «ертеңіміз қалай болады» деген үрей жоқ, араб елдеріндегідей тығырыққа тірелтетін дағдарыстардан да аулақпыз. Ал ондай дағдарыстар туындауының бір негізі конституциялық қайшылықтардан, даму бағытын айқындаудың олқылығынан туындап жатқаны да белгілі болып жатыр. Керісінше, қазақ даласында орта қол шаруасын айналдырған халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі қолданыстағы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент – Елбасының сабырлы конституциялық саясатының арқасы. Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституция Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі! 

Қасым ТОҚТАРОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға