Жаңалықтар

Халқымыз неліктен жас босанған ананың күтіміне көңіл бөлген?

Жас босанған ананың күтімі
21.10.2015 05:19 6324

Қырық күнді қазақтар бекерден-бекер ерекшелемейді. Себебі қырық күн – сәби үшін де, анасы үшін де қауіпті әрі қатерлі кезең. Қырқынан шықпаған бала жердің баласы емес деп есептелінген.

Анықтап қарасаңыз, қырқынан шықпаған баланың көзі біртүрлі тұманданып әрі қайда қарап тұрғаны белгісіз секілді, көзін аударып-төңкеріп тұрады. Ал қырқынан шығарған соң оның көзі жылтырап, кәдімгідей жан-жағына көз тоқтатып қарайды, көзінде от пайда болады. Қазақ қырқынан шықпаған баланы ешқайда шығармаған. Адам дүниеден өткенде де қырқын береді. «Ғайып ерен, қырық шілтен», «қырық жетіні» қырқа матап бердім» деген сөздер де тілімізде кездеседі, яғни қырық санының біздің өмірімізде алар орны ерекше болғандығын осындай мысалдардан білеміз…

 Халқымыз неліктен жас босанған ананың күтіміне көңіл бөлген?

Енелер жас босанған келінін қырық күн бойы күткен. Әсіресе, тұңғыш баласын өмірге әкелген ананы ерекше қамқорлыққа алады. Сәбидің дені сау болып өсуі осы жас ананы қырық күн мәпелеп күтумен тікелей байланысты. Біріншіден, жас босанған ананың омырауын суық тиюден сақтаған әрі жүн шәлімен байлап, барынша жылы ұстаған. Бүгінде төс ауруларының көбейіп кеткенінің бір ұшы дұрыс күтінбегендікте жатыр. Дүниеге сәби әкелген ананың өн бойы балбырап, бүткіл буыны босап, он екі мүшесінде өзгеріс болады, сондықтан оған суықты жолатпай, жылы ұстаған. Өйткені иммунитеті әлсірегендіктен, ол сыртқы әсерді оп-оңай қабылдайды. Сондықтан жас келіннің күш-қайраты орнына келгенше денсаулығына көп көңіл бөлген. Қырық күн бойы қалжаның етін жегізіп, сорпасын ішкізген. Өкініштісі, қазір перзентханаларда жас босанған келіндеріміздің күтіміне мән беріле бермейді. Енелері сорпа-суын үйден дайындап апарады, перзентханаларда қалжа жегізіп, сорпа ішкізгеннің орнына түрлі ботқалар беріледі. Мен үнемі айтып жүремін, тағы айтып өтсем артық болмас, тәуелсіздігімізге қолымыз жетіп, егемен ел болып жатқан гүлденген Қазақстанымызда сәбидің кіндігін кіндік шеше кесетін, жас ана босана сала қалжа жегізетін ұлттық перзентхана неге ашпасқа?! Кеңес Одағының кезінде, тіпті бертінге дейін жаңа ғана босанған аналардың ішіне «қан тоқтату үшін» деген желеумен кесек-кесек мұзды қойған. Осыдан-ақ жас босанған ана өмірінің соңына дейін жетерлік ауру тапқаны жасырын емес. Он екі мүшесі балбырап, жаңа ғана өмірге перзент әкеп жатқан ананы жылы орап, сорпалап терлетудің орнына, тастай мұзды ішіне басқан. Жас босанған анаға, керісінше, суықты жолатпаған. Бұл күнде, неге екенін, сол кесек мұзды «бұлар көбеймесін» деген мақсатпен қойды ма екен…» деп те ойлаймын. Бүгінде, Құдайға шүкір, ондай нәрседен перзентханаларымыз арылды. Негізі, әйелдің босанғаннан кейінгі іштегі қатқан қаны мен артық тұзы, «жел-құзы» терлеу арқылы термен бірге шығады. «Тері қатып қалыпты» деп жатады кейбір келіндердің бетіндегі қарала-торала дақты көрген әжелеріміз. Бұрын қырық күн бойы жас босанған ананың қолын суық суға салғызбаған. «Тіске суық тиеді», «тісі түсіп қалады» деп суық су, салқын сусын ішкізбеген. Сол сияқты даладағы тірлікке араластырмаған. Келін аман-есен босанған соң енесі мықты әрі жұмсақ матамен белін мықтап байлап тастаған. Сол арқылы тоғыз ай бойы керілген құрсақтың қайта қалпына түсуіне мән берген әрі бүйректі суық тиюден сақтаған. Қазақ әйелдері 7-8 перзентті дүниеге келтірсе де, құлын мүшесінің бұзылмай, дене сымбатының сақталуының сыры да осында. Келіннің аяғына жылы шұлық, бұрынырақта тіпті арнайы тізеқап кигізіп қоятын болған. Осындай күтім арқылы әйелдің буын ауруларына шалдықпауын ойлап, алдын алған. Тіпті шаш түспеуінің алдын алып, келіннің шашын тастай қатты ғып өріп тастайтын болған. Тағы бір аса мән берген нәрсе – босанған ананың бетіндегі даққа қатысты. Көргенді ене «бөпең әбден тойып болған соң, соңғы қалған сүтіңмен бетіңді сүрт» деп келіннің бетінде дақ қалмауын да ойлаған. Босанған ананың бір түлеп, жасарып, сұлулана түсуіне, біріншіден, қалжаның пайдасы тисе, екіншіден, баласынан қалған сүтті бетіне жаққанының әсері мол болған. Осының барлығы – түптеп келгенде, өмірге жаңа келген перзент үшін жасалатын қамқорлық. Ананың дені сау, күш-қуаты мол болса, бала да дені сау болып, аман-есен жетіледі. Әсіресе, тұңғыш баласын босанған ананы қырық күнге дейін қол-аяғын қимылдатпай күтсе, келесі балаларында жөн-жосықты өзі-ақ білетін болады. Тұла бойы тұңғышын дүниеге әкелерде жас анаға барлығы – жұмбақ, тылсым құпиясы мен қорқынышы басым болатындықтан, оның әрбір қадамына енесі, кіндік шеше мен абысын-ажындары үлгі-өнеге көрсетіп отырған.

Халқымыз неліктен жас босанған ананың күтіміне көңіл бөлген?

 

Ел аузындағы әңгімелерде айтылатын «тезек теріп, далада жалғыз жүріп босанып қалып, баласының кіндігін тісімен қиятын» аналар – осындай күтімді көрген, денсаулықтары мықты біздің қазақ әйелдері. Ендеше, біздің әжелеріміздің кемеңгерлігінің арқасында келіндеріміз дүниеге он шақты бала әкелген және ешқашан сымбатын жоғалтпаған. Бүгінгідей әйелдерде кездесетін түрлі аурулар да олардан аулақ болған…


Зейнеп АХМЕТОВА

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға