Жаңалықтар

ҚХА «Сарқыт» айлығы кезінде қайырымдылыққа 200 млн-ға жуық қаражат жинады

ҚХА «Сарқыт» айлығы кезінде қайырымдылыққа 200 млн-ға жуық қаражат жинады
06.02.2019 03:22 2393

Қазақстан халқы Ассамблеясы келген жылды қайырымдылық акциясымен бастады. Жыл бойы өтетін іс-шаралар әр ай сайын қазақтың әдет-ғұрыптарымен байланыстырылды.

Астанада қаңтар айының басында «Сарқытпен» басталған қайырымдылық керуені өңірлерге де жетіп, қолдау тапты.

Ассамблеяның мұндағы миссиясы - әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету. Қайырымдылық – көмекке мұқтаж жандарға көрсетілетін нақты көмек. Адамның ашық мінезін ашып тұратын ізгілікті қасиет – қайырымдылық жасау.

Ал енді сарқыт атауы нені білдіреді? Ол қайдан шыққан?

Сарқыт – қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрінің бірі. Жақсылық ырымы. Той-домалаққа жайылған дастарқанға қойылатын тәттіден ырымдап алынатын дәм. Оны көбіне егде жастағы әйелдер үйдегі бала-шаға, немере, тіпті келінге дейін ауыз тисін деп жасайды. Сонымен қатар үлкен табақтан қалған етті сарқыт ретінде үлкендердің жолын берсін деген ниетпен алатын болған. Қазақта сарқыт ырымының тәрбиелік мәні үлкен. Бұл ырым қазіргі уақытта да өз қасиетін жойған жоқ.

2018 жылдың мәліметіне сүйенсек, Қазақстан әлемдік дербес қайырымдылық көрсету рейтингісі бойынша тоқсан алтыншы орынға орналасқан. 

Шағын тәжірибелік сауалнама жүргізу барысында қайырымдылық жасайтын жомарт жандар өз істерінің жария болғанын қаламайтыны анықталды. «Оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген қағиданы ұстанулары мүмкін. Осыдан Қазақстанның көрсеткіші бұдан жоғары болуы мүмкін деген пікір қалыптасады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» бастау алғалы қаңтардағы «Сарқыт» айында еліміздің аймақтарында барлығы 176,5 млн теңге қаржы қайырымдылыққа жұмсалған. Оның ішінде Жамбыл обылысы 17,1 млн теңге, Атырау обылысы 2 млн теңге, Алматы облысы 1,7 млн теңге, Қызылорда облысы 1,5 млн теңге көлемінде қаржыны қайырлы іске жаратқан.

Өзге облыстарда қайырымдылық іс-шаралары әр түрлі форматта ұйымдастырылып, әлеуметтік осал топтарына азық-түлік таратылып, медициналық көмек көрсетілді.

Алматы облысы ең көп іс-шара ұйымдастырған аймақ – отыз сегіз. Жамбыл облысы үш мыңнан астам адамға қайырымдылық көрсеткен.

Ақпан айында «Сыбаға» дәстүрімен қайрымдылық іс-шаралары өз жалғасын тауып, еліміздің меценаттары, қайырымдылық қорлары мұқтаж жандардың қажетін ашып, көмек қолын созбақ. Алғы істер басталып та кетті. Мәселен, Астана қаласының күрд этномәдени орталығы Әмина Садықоваға ортопедиалық мүгедектер арбашасын табыстады.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға