Жаңалықтар

ҚХА «Мектепке жол» акциясы аясында 10 мың оқушыға 200 млн. теңгенің көмегін көрсетті

ҚХА «Мектепке жол» акциясы аясында 10 мың оқушыға 200 млн. теңгенің көмегін көрсетті
02.09.2019 15:04 2411

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынан айрылған оқушыларға 200 млн.  теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының өңірлік филиалдары арқылы жыл сайын жан-жақты қолдау ұйымдастырып, әлеуметтік деңгейі төмен отбасылардағы балаларға қол ұшын созуды игі дәстүрге айналдырып келеді. Тамылжыған тамыздан басталып, қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын биылғы науқанға да бір кісідей жұмыла кірісіп, елдік пен кеңдіктің үлгісін көрсетіп отыр.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жақсылық жасап жарысқандар арасында Алматы қаласы көш бастауда. 23 тамызда «Достық» үйінде ұйымдастырылған қайырымдылық шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев пен «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Зиятдин Касанов 100 балаға кеңсе тауарлары мен киім-кешек сыйлап, 2,7 млн теңгеге түскі ас ұйымдастырылды.

Бұл игі істі бірден «Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы» іліп әкетіп, қайырымдылықтың жарқын үлгісін танытты. 78 млн. теңге түрлі қажеттіліктерге жұмсалып, ұрпақ болашағы үшін айрықша белсенділік танытты.

Мәселен, 1300 балаға оқу құрал-жабдығы мен мектеп формасы алынып, кәсіпкер Мизангүл Авамисимова Алматы облысындағы Ж. Босаков атындағы мектепті парта, орындықпен тегіс қамтамасыз етті. Жахангер Мұратова облыс көлеміндегі 107 жеткіншекті мектепке дайындаса, Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығының Алматы қаласындағы филиалы «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп 600 оқушыға қалам-қағаз, 200 балаға мектеп формасын сыйға тартты.

«Мицва» еврей ұлттық ұйымдарының қауымдастығы 22 балаға 248 мыңға, «Филия» Қазақстандағы грек қоғамдарының қауымдастығы 10 балаға 60 000 теңгеге, «Наири» армян мәдени орталықтарының қауымдастығы 100 мың теңгеге демеушілік жасады. Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктер көрсеткен қайырымдылық көмектің жалпы сомасы 81 млн. теңгені құрады.

Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктердің қосқан үлесі де қомақты. Оңтүстік өңірдегі этнос өкілдері 2 мыңнан астам балаға 30,5 млн теңгеге мектепке даярлық жұмыстарын ұйымдастырса, Қостанай облысында  3 мыңға жуық балаға жұмсаған қаражат  28,5 млн теңгеге жетті.

Қарағанды облысы бойынша этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі, Қайырымгерлер мен меценаттар клубының өкілдері бірігіп 713 балаға 18,2 млн теңгеге жомарттық жасады. Соның ішінде қайырымгерлер мен тәлімгерлер клубының өкілі және «Жомарт жүрек» төсбелгісінің иегері Сәуле Шауенованың жетекшілігімен Жезқазғандағы «Utaria LTD» компаниясы ерекше белсенділік танытқанын айта кету қажет. 67 көпбалалы отбасына 6 млн. теңгеге демеушілік жасап, әр балаға 25 000 теңгеден теңдей бөліп берді. Сәтбаев қаласында тігін және тоқыма шеберханасының шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер, көпбалалы ана Алена Эберман болса 300 000 теңгенің мектеп формасын 30 балаға тегін ұсынды. 

Жамбыл облысының  да аяқ алысы жаман емес. 928 оқушыға 8,1 млн теңге жұмсап, ізгіліктің үздік көрінісін байқатты. Соның ішінде қалалық, облыстық  өзбек этномәдени бірлестіктері, облыстық «Немістер қоғамы», «Барбанг» күрдтер этномәдени бірлестігі, «Вынхуа» дүнгендер қоғамдық бірлестігі, «Ахыска» этномәдени бірлестігі, «Полонез поляк тілі мен мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігі мен «Шиват-цион» еврей этномәдени бірлестігі, Махмуд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі, Қарашай-балқарлар этномәдени бірлестігі қайырымдылық шарасына айрықша атсалысты.

Алматы облысы 8,2 млн теңгеге, Нұр-Сұлтан  қаласындағы 20 этномәдени бірлестік  52  балаға  7 млн теңгеге,  Маңғыстау облысы 1,5 мың балаға 7,5  млн теңгеге, Шығыс Қазақстан облысы 350 балаға 5,5 млн  теңгеге, Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктер 140 балаға  5 млн теңгеге, Павлодар облысы 1000 оқушыға 5 млн теңгеге ауқымды көмек ұйымдастырды.

Батыс Қазақстан облысына келер болсақ, 157 ұл-қызға 1,5 млн теңгеден астам көмек көрсетілді. Жұмсалған қаражаттың негізгі бөлігін – 1 млн теңгеден астамын «Мирзоян» армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Аветик Амирханян өз қалтасынан шығарды. Ол әлеуметтік аз қамтылған жанұяларда тәрбиеленіп жатқан 100-ден астам балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын табыстады. Сондай-ақ, «Бірлік» әзірбайжан мәдени-ағартушылық қоғамының төрағасы Наджав Мамедов  көмекті аса қажет ететін 17 мектеп оқушысына 280 мың теңгеге спорттық киімдер мен аяқ киімдер, мектеп құралдарын сыйға тартты. Осы акция барысында «Юнисерв» ЖШС басшысы, облыстық мәслихат депутаты, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Н. Сатбаев 40-тан астам оқушыға 300 мың теңгеге мектеп құралдарын жеткізді.

Өзге облыстағы этнос өкілдері де шама-шарқына қарай үлес қосып, қатардан қалмауға тырысты. Ақтөбе қаласында  ҚХА ғимаратында «Қоғамдық келісім» КММ, Ақтөбе облысы жанындағы Аналар Кеңесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабы, «Әзірбайжан Қауымдастығының» облыстық филиалы, «Шалом» еврейлер этномәдени бірлестігі, «Оксана» украиндердің ұлттық-мәдени орталығы, «Ұйғырлар Қауымдастығы» Ақтөбе облысындағы филиалы 200 мың теңге көлемінде 10 балаға мектепке қажетті құралдар мен киім-кешек тарту етті. Атырау облысы ҚХА этномəдени бірлестіктері «Тұлпар» сауықтыру кешенінде демалған Арыс қаласынан келген 47 баланың қолына сөмкелер ұстатып, айрықша қуантты. Арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырып, тəтті сыйлықтар үлестірілді. Жұмсалған қаражаттың жалпы сомасы – 500 мың теңге.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы 18 балаға 680 мың, Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен 80 балаға жалпы сомасы 800​ 000 теңге шамасында тарту-таралғы үлестірді.

Қорыта айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда «Мектепке жол» акциясы аясында 10 мың оқушыға 200 млн теңге көлемінде көмек көрсетіп үлгерді. Қайырымдылық  шарасы қыркүйек айының соңына дейін жалғаспақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға