Кезек күтіп, құжат іздемейсін: жастарға арналған жаңа AI сервис іске қосылды
Астанада жастарға арналған жаңа цифрлық жоба – «Jastar AI» іске қосылды. Ол жасанды интеллектке негізделген виртуалды кеңесші. Тәулік бойы жұмыс істейтін платформа 25-ке жуық мемлекеттік бағдарлама бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ресми ақпарат ұсынады. Жоба жастардың мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері туралы мәліметті жылдам әрі түсінікті форматта алуына жағдай жасауды көздейді.
Мұндай жоба неге қажет болды?
Жастар арасында мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат әрдайым қолжетімді бола бермейді. Сауалнама нәтижелері де осыны көрсеткен: респонденттердің шамамен 20 пайызы елдегі жастар саясаты туралы мүлде естімеген, ал 50 пайызы жекелеген жобалар туралы толық білмейді. Сондықтан әзірлеушілер ақпараттың шашыраңқылығын азайтып, барлық мүмкіндікті бір жерге біріктіруді мақсат еткен.
Жоба мемлекеттік жастар саясаты, цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы бастамаларға сәйкес әзірленген.
Осы бағытта «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мемлекеттік органдардағы түрлі бастамаларды бір жүйеге келтірген. Орталық директоры Гүлісхан Нахбаева жобаның мазмұнын былай түсіндірді:
Жастар практикасы болсын, бірінші жұмыс орны, «Серпін» бағдарламасы және тағы басқа 25-тей бағдарламаны біз мемлекеттік органдардан жинақтап, үлкен бір платформада айқындап көрсетіп отырмыз. Ең басты мақсатымыз – сұранысқа ие бағдарламаларды анықтау.
Платформа қалай жұмыс істейді?
Пайдаланушы өз сұрағын WhatsApp, Instagram немесе Telegram арқылы жібереді. Одан әрі жүйе бірнеше кезең бойынша жұмыс істейді:
- Жасанды интеллект сұрақты талдайды
- Дерекқордан сәйкес бағдарламаны табады
- Қажет болса, сұрақты нақтылайды
- Толық жауап береді
- Күрделі жағдайда координаторға жібереді
- Мамандармен кездесу ұйымдастыра алады
Барлық сұраныс бірыңғай платформада өңделеді, ал координаторлар CRM жүйесі арқылы өтініштерді қарап, пайдаланушымен байланысқа шығады.
Жүйенің техникалық мүмкіндіктері
Платформада табиғи тілді түсінетін ML-модельдер қолданылады. Олар пайдаланушының сұрағын талдап, қажетті мемлекеттік бағдарламаны анықтайды.
Дерекқорда бағдарламалар туралы өзекті ақпарат пен өтініштер тарихы сақталады, ал жүйе жұмысы арнайы логтар арқылы бақыланады. Бұл сапаны тұрақты түрде жақсартуға мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі мақсаттары
- Жастарға мемлекеттік бағдарламаларды тез табуға көмектесу
- Сұраныстар бойынша талдау жүргізу
- Жастардың қызығушылығы мен трендтерін бақылау
- Мамандардың күнделікті жұмысын автоматтандыру
- Жастардың хабардар болуы деңгейін арттыру
Қазірдің өзінде не істелді?
Жүйе ресми дереккөздер негізінде оқытылып, мессенджерлермен және CRM-мен толық біріктірілген. Дерекқор құрылып, аналитика енгізілген, координаторлар оқытудан өткен.
Платформа іске қосылғалы бері 100-ден астам өтініш қабылданған, ал жоба әлеуметтік желілерде белсенді насихатталып жатыр.
Жастар үшін қандай пайдасы бар?
Енді жас азаматтар өзіне қажетті мемлекеттік бағдарламаны іздеп түрлі сайттарды шарламайды. Бір сұрақ қою жеткілікті – бірнеше минут ішінде ресми әрі нақты жауап алуға болады.
Әзірлеушілердің айтуынша, «Jastar AI» тек ақпараттық сервис емес, жастарды нақты мүмкіндіктермен байланыстыратын цифрлық көпірге айналмақ.

