Жаңалықтар

Кез келген іске SMM маманы керек - Бахор Умарқызы

Кез келген  іске SMM маманы керек - Бахор Умарқызы
Фото: instagram.com/bahor_umar 25.06.2023 18:55 1675

Әлеуметтік желімен жұмыс істеген тәжірибесі бар, тартымды мақалалар жазып, пікірлерге жауап беріп отыратын кез келген адам SMM-менеджер бола алады. Десе де, әлеуметтік желімен жұмыс істеуді ғана білу жеткіліксіз, түрлі сала бойынша мақсатты аудиториямен жұмыс істей білу қажет және адамдармен дұрыс қарым-қатынаста бола білгені жөн. Яғни, ол әлгі аудиторияның «өз адамы» бола білуі тиіс. Осы орайда  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі SMM-менеджері Бахор Умарқызымен сұхбаттасқан еді.

El.kz: Бахор ханым, қазір SMM-менеджерлері өте сұранысқа ие. Осы орайда SMM маманы деген кім? SMM маманының қызметі қандай? SMM маманы болу үшін не істеу қажет? деген секілді бірнеше сұрақтың жауабын біліп алсақ.

Бахор Умарқызы: Рас айтасыз, қазіргі таңда пайдалана білген адамға әлеуметтік желінің пайдасы өте көп. Бірақ әлі де желіні жеке пікірін қалдыратын немесе достарымен байланыс орнататын алаң деп қараушылар да бар. Бүгінде кез келген мекеменің, компанияның жеке сайты және бірнеше әлеуметтік желіде парақшасы болады. Себебі компанияның тауарын немесе қызметін тұтынушыға жекізудің ең тиімді жолы – осы әлеуметтік желілер. Ал осы желілер арқылы жұмыстарды жүргізіп отырған маманды – SMM маманы дейді. Жалпы SMM деген сөздің өзі Social Media Marketing – Әлеуметтік желілердегі маркетинг деген мағынаны білдіреді. Яғни желі қолданушыларын өз сайтына, жарнамалаушы өніміне тартушы.

El.kz: SMM маманының қызметі қандай? деген сұрағыңызға келетін болсақ, тауарды немесе компанияның атын бренд ретінде танымалдыққа жеткізу. Қазір SMM маманы туралы қызық түсінік бар. Елдің көпшілігі SMM маманы барлығын жасайды, ол нарықты зерттейді, видео түсіріп өңдейді, текст жазады деп ойлайды. Негізі SMM маманының басты жұмысы – дұрыс стратегия құру.

Бахор Умарқызы: Желідегі маркетингті дұрыс жүргізу арқылы тауардың, қызметтің сатылымын арттыру. SMM маманы, ең алдымен, нарықты жан-жақты зерттеп, бизнестің стратегиясын құру керек. Сондай-ақ бір орнында тұруға болмайды. Үнемі ізденіспен, зерттеумен, сараптаумен айналысып отырады. Себебі қазір заман көз ілеспес жылдамдықпен дамып бара жатыр. Бүгін оқып үйренгеніңіз бір айдан кейін нәтижесіз болуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желідегі аудиторияның сұранысы қандай, талабы қандай екенін анықтап, соған лайық ұсыныс жасай білу керек.

Егер SMM маманы дұрыс стратегия құрса, видео түсіру, текст жазу секілді жұмыстарды копирайтер, мобилограф секілді мамандар тарту арқылы жасауға болады. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай SMM маманы сарапшы, зерттеуші және тың идеясы болу керек. Көптеген компанияға жаңаша идея жетпей жатады.

El.kz: Яғни, SMM-ді мамандық деп айтуға бола ма?

Бахор Умарқызы: Әрине, мамандық. Бәлкім, өзге мамандықтар секілді 4-5 жыл оқып игеретіндей мамандық емес шығар, бірақ арнайы мамандардан курстар оқу және жұмыс барысындағы тәжірибелар арқылы меңгеруге болатын мамандық. Мәселен, елді аузына қаратып жүрген, 20 мыңнан астап оқырманы бар блогерлердің өзі парақшаларын SMM мамандары арқылы жүргізеді. Себебі 20 мың оқырманға сауатты, қызықты дүние ұсыну үшін де арнайы маманның көмегі керек.

El.kz: Компанияның дамуына, тауарлардың сатылуына SMM-нің үлесі қандай?

Бахор Умарқызы: Қазіргі таңда кез келген бизнеске SMM маманы керек және барлық бизнес әлеуметтік желіде болуы керек. Біріншіден, SMM тауардың танымалдығын арттырады, екіншіден, сол тауарға қызығушылығы бар аудиторияны жинайды және сол аудиторияға маңызды, керекті ақпараттар беріп отырады. Осы жұмыстардың арқасында сол тауарға деген халықтың сенімі артады.

El.kz: Бізде SMM мамандарының көпшілігі жұмысын ресми тілде жүргізетін секілді. Қазақ тіліне деген сұраныс аз ба?

Бахор Умарқызы: Өкінішке қарай, бұл жасыруға келмейтін ақиқат. Кейбір компаниялар қазақ тілінде жұмыс жасауды қажетсіз деп санайды. Әсіресе шетелден келген компанияларда осындай көзқарастар бар. Олар қазақ тілді аудиторияда ақша жоқ деп ойлайды. Бірақ бұл өте қате пікір екенін уақыт дәлелдеп келе жатыр. Себебі қазақ тілді аудиторияның да ауқымы кеңейіп келеді. Бұған қазақ тілді компаниялардың жұмысы дәлел бола алады.

Менің ойымша, бұл жұмыспен SMM мамандары шындап айналысу керек. Әрбір SMM маманы өзі жұмысын жүргізіп отырған компанияның басшылығымен келісіп, түсіндіріп жұмыстың нәтижесін көрсете білу керек. Ал екі тілді жұмыс жүргізетін компаниялардың ең үлкен қателігі орысша жазылған постты қазақ тіліне аударып қояды. Бұл дұрыс емес. Себебі екі аудиторияның менталитеті екі түрлі. Әрбір текст өз аудиториясына арналу керек. Негізі әр аудиториямен санасып, құрметтеп үйрену керек. Бұл Қазақстан екенін, бұл мемлекетте негізінен мұсылмандар тұратындығын ұмытпаған жөн. Мен де бұл талаптарды өзім жұмыс жасайтын компания басшыларына үнемі ескертіп отырамын.

El.kz: Сіздің бірінші мамандығыңыз журналист екен. СММ саласына келуіңізге не себеп болды?

Бахор Умарқызы: Иә, негізгі мамандығым – журналист. Бұл менің қалап, сүйіп түскен мамандығым. 4 жыл бойы журналистикада оқығаныма еш өкінбеймін. Себебі бүгінгі жұмысымның негізгі фундаментін журналистика қалады деп айтсам болады. Студет кезімде газеттерге мақала жазып жүрдім. Қазір кез келген көңіл күйіңді әлеуметтік желі арқылы білдіруге болады ғой. Ол кезде қазіргідей желінің аса дамымаған кезі, сол кезде мен ойымды, көзқарасымды газетке мақала қылып жазатын едім. Кейін де газетте журналист болып жұмыс жасап жүрдім. Бір күні бас редактор газеттің таралымы азайып бара жатқанын, жазылым санын арттыру керектігін айтып, мені газеттің маркетинг саласына ауыстырды. Сол кезден бастап маркетинг саласы маған қатты ұнады.

El.kz: SMM саласындағылардың табысы қандай?

Бахор Умарқызы: Табыс жұмысқа байланысты. Бұл мамандықтың бір артықшылығы жұмысты онлайн жасауға мүмкіндік бар. Егер бірнеше компанияның жұмысын қатар жүргізуге қабілеті жетсе, онда табысы да жоғары болады.

El.kz: SMM мамандарының жарнама жасауда құпия тәсілдері бар ма?

Бахор Умарқызы: Әрине. Бірақ ескере кететін бір жайт бар, кез келген SMM жұмысының нәтижесін тест арқылы анықтайды. Осы айда қай тәсілдің өтімді болғанын анықтау керек. Бірақ осы бизнесте өтімді болған тәсіліңіз келесі бизнесте тиімсіз болуы мүмкін.

El.kz: Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға