Жаңалықтар

Кейкі батырдың кейінгі тағдыры

Маған мылтықты қалай атуды, қалай шапшаң көздеуді, мергендіктің сан түрлі әдістерін үйретті
Кейкі батырдың кейінгі тағдыры
Фото: kraeved-kst.kz 03.11.2022 12:09 3048

Торғайда іс-сапармен жүрмін. Торғай - Арқалық тас жолының бойында, Тасты ауылының  қырқасында Кейкі батырдың кесенесі тұр. Бассыз көмілген зиратына  қаншама жыл халық зиярат жасап,  дұға етіп келді. Кейін Кейкінің Ресейге «сапарлап» кеткен басы қайта оралып,  қайтадан арулап көмілді.  Жүрек жұтқан батыр бабамыздың жатқан жері жайлы,  топырағы торқа болғай!

Елі үшін, азаттық үшін  бас көтерген халықтың сүт бетіне шығар қаймақтарының басын кесіп алу, қас дұшпанның ең сорақы, ақтауға келмейтін  жауыздықтарының бірі. Бұл атам заманнан келе жатқан қанды тәсіл.  Тарихта мұндай қаніпезерліктің жүздеген емес мыңдаған мысалы бар. Басты кесіп алып қана қоймай, оны бағанға,  халық көп жүретін жерлерге іліп қою да елді шошытудың, рухты өлтірудің таптырмас айласы.  

Шошынған жүректен,  тапталған рухтан,  жер болған намыстан,  мүжілген жігерден бұдан кейін еңсе көтеру оңай болмайтынын қалай білген жауыздар!

Әріге бармай- ақ қояиық, теріскейдегі көршіміз Санкт-Перебургте мыңға тарта бас кунсткамерада әлі күнге рухтары шырқырап жатыр! Мың бас!

Мұны маған ертеректе жазушы Думан Рамазан айтқан. Қамығып айтқан, жабығып айтқан! Еркіндікті аңсаған,  озбырлыққа шыдамаған мың бас "тұтқында" жатыр! Олар әр ұлттың рухы мықты ұландары еді...!

Көкейдегі сұрақ: Ол бастар несімен қауіпті, несімен айбарлы? Неге оларды әлі күнге Ресей мемлекеті қыруар қаржымен "күтімде" ұстап отыр. Бұл не үшін керек оларға? Елдегі "оқымаған" шалдар айтады:  Ол бастар жерге қайтса,  тұтқындағы рухтары да елге оралады. Ондай қайсар рухтардың ұрпағына қайтқанын кім жақсы көреді? Сондықтан  ол "бастарды" "тұтқыннан босату" қиын шаруа. Негізі айтқан сөздерінің "жаны" бар секілді.

Өзге "бастарда" шаруамыз  жоқ, орыс өлкесінде "сақтаулы тұрған"  қазақ  рухының көшбасшылары Кенесарының,  өзге де бізге беймәлім батырлардың бастары  ел үшін өте құнды.  Әупіріммен Кейкінің басы қасиетті Торғайға оралды. Келешекте елдің де рухы оянарына сенім мол...

Кейкі батырды сатқындар орға жығып, қастандықпен өлтіргені белгілі. Ел аузында мынадай аңызға бергісіз әңгіме бар.  Кейкі батырды қапысын тауып өлтірген жауыздар басы кесілген денені көмуге апара жатып: "Осы Кейкі көзсіз батыр ғой. Оны талай рет көрдік.  Мұнда бір гәп бар болуы мүмкін.  Осының жүрегін жарып  қарайықшы. Кім көріп тұр дейсің" деп,  есіл ердің кеудесін паршалап, жүрегін суырып  алған ғой. Сонда өз көздеріне өздері сенбей тұрып қалыпты. Батырдың жүрегінде түк бар екен. Ол түк қара қошқылданып, айбар шашып тұрыпты" деседі. Әлгілер бұл ғажап оқиғаны халықтан қанша жасырса да, түнде түстеріне кіріп шошытқан көрінеді.  Сосын жұртқа жария етпеске амалдары қалмапты...

Жүрегінде түгі бар Кейкі батыр, елінің бостандығы үшін күрескен Кейкі батыр, өлімінің өзімен елге аңыз болған Кейкі батыр халқының жадынан жер беті жойылғанша шықпақ емес.  Әлі талай ұрпақты Алланың қалауымен рухы желеп жеберіне сенемін!

КЕЙКІ БАТЫРДЫҢ КЕЙІНГІ ТАҒДЫРЫ....

Жазушы Ақан Нұрмановтың "Құланның ажалы" романы кеңестік цензураның елеуінен қалай өтіп кеткеніне кейде таң қалам.  Себебі Кейкі аққа да,  қызылға да басын имеген батыр болған.  Кәпірден жақсылық жоғын терең түйсінген және ашық қарсылық танытқан. Отарлау саясатының қазақ халқына қайғы әкелетінін терең түйсінгені айдан анық. Американ жазушысы Джек Лондонның тамаша бір туындысы бар.  Сонда үндістердің бір көсемі "ақ адам" көрсе болды атып өлтіре береді. Іштегі ызы мен кекті  солай басады. Жүрегі жібімейді оларға.  Кейкі батыр да тап сондай кепте болған. Талай ақ пен қызылдың солдатын жапан далада жайратып кеткен.  

Құлан - Кейкі батырдың руының аты. Қыпшақтан тарайды.  Қазіргі таңда Құлан әулеті Торғай өңіріндегі  "Тасты" ауылында тұрады.  Сол ауылдың маңындағы төбеде Кейкі батырдың мазары тұр. 

Батыр бабамыз бес уақыт намазын қаза етпеген көрінеді.  Жалғыз өзі "аузы түк" басқыншыларға қарсы  жиһад жасаған.  Атқан оғы қалт кетпеген. Біздің елде "Амангелді көз мерген,  Құлан Кейкі қол мерген" деген тәмсіл бар. Көзін көрген қариялардан, оларды көрген шалдардан көп әңгіме естігенбіз.  Соның бірі менің нағашым Көшек - тін. Жатқан жері жайлы,  топырағы торқа болсын! Өте әңгімеші,  аңшы,  зерделі, бірбеткей кісі еді.   Руы қыпшақ,  одан Қойбақ.  Сол кісінің өз аузынан естіген әңгімем бұл. Сол нағашым айтатын: "Еңбек" ауылында Нәрікбай деген (Руы қыпшақ, одан лақ) аңшы кісі болды. Өзі мерген,  өзі дархан. Көп сөзге жоқ.  Сол Нәрікбайдан аңшылықтың қыр - сырын үйренейін деп қасына еріп көп жүрдім.  Жас кезім. Елуінші жылдардың басы шамамен. Нәрікбай ол кезде елуді алқымдап шау тартып қалған кісі.  

Екеуміз таңның атысы,  күннің батысы аң аулаймыз. Нәрікбай аңшы мені баулып жүр.  Бір күні қызды - қыздымен ит өлген жердегі  "Жыланшық" өзенінен бір - ақ шықтық. Ол кезде аң- құс мол.  Елден ұзап кеткендіктен  бүгінгі "Радник" совхозының жеріндегі ( Қазір ол жерде ауыл жоқ) "қызыл тамға" жетіп қондық.  Мидай  дала.  Жаз айы.  Бір кезде Нәрікбай: " Тап осы маңда Кейкі батыр мені елге қайтарып жіберді. Сол жолы өзі де мерт болды" деп бір әңгіменің ұшын шығарды. Мен елең ете қалдым. 
 Соны сезген Нәрікбай аға мына әңгімені айтып берді: " Кейкінің мергендігі, батырлығы аңыздай айтылып ел іші гу- гу етіп жатқан тұс. Ақ пен қызыл бірі қашып,  бірі қуып, елден береке кетіп,  "ертеңіміз не болмақ" деп үрей құшағында жүрген заман. 
Жас адам- мас адам ғой,  Қабырғадан Жыланшыққа Кейкі батырды іздеп шықтым. Менің де мергендікпен, аңшылықпен ел аузына іліне бастаған шағым.   "Жалғыз жортқан абаданды" осы "Қызыл тамнан " таптым. Басында батыр маған сенімсіздікпен қарап,  сырын ашпай,  саяқ жүрген аңшы болып көрінгісі келді...  Ел ішінде қарулы отряд Кейкіні тұтқындауға шығыпты  деген қауесет желдей есіп тұрған кез.

Көбіне түнде жортамыз. Әр оқты санап атады.  Мен құсап көздеп жатпайды,  не кереметі барын білмеймін,  ұмсынып қалса болды,  жалп еткізеді. Сөзге сараң.  Намазын қаза етпейді. Аяғында ұзын сапты құрым етік. Оны жатарда бір - ақ шешеді. Соған мәсіх тартады.  Үстінде шекпен.  Оны жамылып жатады.

Шоқша сақалды,  шүңірек көз,  ат жақты сұсты кісі еді. Шашы тап- тақыр.

Байқаймын үнемі дәретпен жүреді. Бір жолы беліне буынып алған ақ матаны көзім шалды. Менің сұқтанғанымды байқап: Ақыретім ғой,  кім біледі қаңғыған бір оқ тиіп мұрттай ұшсам,  бір мұсылман кебіндер.  Ит - құсқа жем болсам, әйтеуір орап көмер деген дәме ғой- деді. Ылғи дәретпен жүруінің мәнісін кейін түсіндім ғой мен бейбақ.

Содан қанша уақыт өткені есімде жоқ, екеуміз тағылар секілді көшіп жүреміз ылғи. Бірақ "Қызыл тамға" айналып соғып отырамыз.  Себебі Кейкінің ет - жақындары құрт - май, ірімшік кейде қымыз әкеп тастайды сол арадағы ұраға. 

Маған мылтықты қалай атуды, қалай шапшаң көздеуді, мергендіктің сан түрлі әдістерін үйретті. Бір күні азық - түліктің  арасынан кішкентай қоңырқай қағаз шықты. Арапша жазуы бар. Кейкі батыр оқып шығып, түнеріп отырып қалды. Сол түні көз ілген жоқ. Менде ештеңе сұраған жоқпын. Азанда таң намазын оқып алып,  маған қарап: - Әй, бала,  сен енді еліңе қайт.  Мені көрген жоқсың.  Соңыма ертіп сенің обалыңа қалғым келмейді. Мен Қытай асамын- деді бар болғаны.  Сөйтіп батырмен қоштасқанмын - деді Нәрікбай аңшы. Нағашым Көшек марқұм осыны айтып,  біраз уақыт үнсіз отырып қалған еді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға