Жаңалықтар

«Кейде таңғы ұйқыдан тұрғанымда мұрныма металл иісі келеді» – 97-дегі ақсақал өткен күндерін еске алды

«Кейде таңғы ұйқыдан тұрғанымда мұрныма металл иісі келеді» – 97-дегі ақсақал өткен күндерін еске алды
Фото: Ұлан СЫДЫҚОВ 01.10.2023 09:00 15198

1 қазан – халықаралық қарттар күні. Мерекеге орай бұл мақаланы қазыналы қартымызға арнауды жөн көрдік. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – тоқсанның төріндегі металлург Әбілхан Баймағамбетов. Қария бүгінде Ақтөбе қаласында тұрады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Абыз ақсақал – мұндағы іргелі кәсіпорын Ақтөбе ферроқорытпа зауытының тарихын қалаған жанның бірі. Ақсақалымызбен тілдескен сәтте сол жылдардағы еңбек жолын сағынышпен еске алды. Құт дарыған қара шаңырақ балқытушыға тек жақсылықтар әкелген екен. Өмірлік жар, баспана және тұрақты табысын ғана емес, тіпті туған күнін де сыйлаған.  

Әбілхан Баймағамбетовтің төлқұжатында туған күні де, әкесінің де аты болмаған екен. Өмірге келген күнін күнтізбедегі жорамалдаған бір күнмен атап өтетін қария зейнетке шығар алдында ғана екінші қаңтарды өзінің туған күнін етіп жаздырған.

Менің жасым негізі 97-де. Біз ауылдан әрі шалғайда тұрдық. Мен өмірге келгеннен кейін әке-шешем аудан орталығына жеткенше туған күнімді шамамен жазып жіберіпті. Сондықтан қазір менің жасым төлқұжат бойынша 95-те, – деп күлді металлург.

«Әлі есімде. Бір әпкем «сен дүниеге келгенде жердің бәрі көктеп, дала құлпырып, сәуір айының сұлуланып тұрған кезі болды», деп бастады әңгімесін қазыналы қарт.

Жақсы сөз жарым ырыс деген осы. Өмірім мәнді де мағыналы өтті. Кейін зауытта зейнетке шығуға құжат дайындап жүргенімде, лайықты еңбек демалысына жіберу үшін менің нақты туған күнім керек екенін айтты. Бірден паспорт жасатуға бардым. Бірінші қаңтар мереке болғасын, бұл болмас деп екінші қаңтарға жаздырдым. Міне, содан бері екінші қаңтарда туған күнімді тойлап келеміз, – дейді қария.

Отан алдындағы борышын өтеп келіп, Ақтөбеге қайта оралған соң, полиция болуды армандапты. Бірақ ішкі істер органдарына жұмысқа тұру үшін кем дегенде бір ай күту заңы ол кезде де бар еді. Күнкөрістің қамымен, уақыт оздырмай жұмысқа тұру керек болғасын, тағдыр қарияны зауытқа алып келді. Еңбек жолы бірінші балқыту цехының бесінші пешінде басталған ақсақал осы жерден зейнетке де шықты.  

«Кейде таңғы ұйқыдан тұрғанымда мұрныма металл иісі келеді» – 97-дегі ақсақал өткен күндерін еске алды

фото: Ұлан Сыдықов 

Бастапқыда Ақтөбедегі кірпіш зауытына кіруді ойлағанмен, балқытушылыққа кетуді шештім. Металлургия таңсық, қызық мамандық болып көрінді. Сөйтіп 1952 жылы зауытқа жұмысқа тұрдым. Ең алғашқы ауысымым күні кешегідей әлі есімде. Бірден түнгі ауысымға түстім. Оңай болмады, бірақ қорықпадым. Темір балқытуға да бап керек. Пеш қасында еңбектену төзім мен сабырды қажет етті, – деді балқытушы болып жұмыс істеген қарт.

Әбілхан ақсақал соңғы жылдардың оңай соқпағандығын айтады. Пандемия кезінде жұбайы мен үлкен ұлынан айырылып, біраз есеңгіреп қалыпты. Бұрынғыдай емес, көп нәрсені ұмытып, есте сақтау қабілеті нашарлаған көрінеді.

Кейде таңғы ұйқыдан тұрғанымда мұрныма металл иісі келеді. Ыстық пеш, балқыған темірдің еркелей аққан суреті көз алдыма елестейді. Зауыт түсіме кіреді. Жұмысымды сағынамын. Мен мұнда өмірлік достарыма айналған Смағұл Үкібаев, Ғалиасқар Құрақбаевтармен таныстым. Кейін отбасыларымызбен араласып, сыйластығы үзілмеген жолдастарға айналдық. Олармен  өткен әр сәтті, әркез қуаныш пен қиындықта бірге жиналатын кездерімізді сағына еске аламын, – дейді абыз ақсақал.

Әбілхан ақсақал жұбайын да осы зауыттан кездестіріпті. Екі әріптес сол кездегі кәсіпорын қызметкерлері тұрған аудан «махамбетовкада» пәтер жалдап тұрған екен. Жұмыстан үйге қайтар жолдары бір болған көршілердің өмір жолдары да тоғысып, отау құрады. Екі жастың құрған отауы құтты болып, алты бала тәрбиелеп өсіреді. Қыздарының бірі Гүлшира бүгінде ата-анасының қызмет еткен жерінде жұмыс істейді.

Қария қазір қызымен бірге тұрады. Жасы егде тартса да, металлург үйдегі ер адамның шаруасына қызын мүлдем араластырмайды екен. Зейнетте болса да, қыста қар күреп, жазда бау-бақшаны баптап, маңайын жинастырып жүреді.

Бұрынғының металлургтері қазіргіден де мықты  болаты. Балқытушы сарқылмас күш пен төзімділікті қажет етеді. Зауыт бізді қай жағынан да ширатып, мықты етіп шығарды. Пештің жанында уақыттың қалай зырғып кеткенін байқамаушы едік. Басшылық маған зейнетке шығуды айтқанда, кеткім келмеді. Үйренген пешімнен кету қиын болды. Бергені көп болды, – дейді ол.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Баймағамбетовтер әулетіне алғашқыда барак үй береді. Кейін үш бөлмелі үйдің кілтін ұстатқан. Бірақ Әбілхан қария ол үйден бас тартыпты. Оған себеп үлкен отбасы жер үйде тұрғысы келді. Содан олар зауытқа жақын жерден жер алып, үй салады. Кәсіпорын қарап қалмай, отбасыға құрылыс материалдарын алуға көмектеседі. Бүгінде әулет үшін ол үйдің әр кірпіші ыстық.

Осы үйге қонақ көп келетін. Ата-анамның цехтағы достары, әріптестері біздің үйге жиналатын. Сот сәттер әлі күнге дейін альбомда сақтаулы тұр. Тіпті әкем зейнетке шыққанда әріптестерінің сыйға тартқан шығыс стиліндегі вазасы да әлі бар. Бұның барлығы әкем үшін де, біз үшін де құнды естеліктер, – дейді қызы.

Әбілхан Баймағамбетов зауыттың аңыз адамына айналған екен.Талай заманды басынан өткеріп, көпті көрген қария  бір нәрсенің өзгермейтінін, сол қалпында қалатынын және бұл металлургия екенін тілге тиек етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға