Кейбір анимелерде өлімді романтикалап көрсетеді — балалар психологы
Балалар мен жасөспірімдердің психологиялық саулығы – бүгінгі қоғамның назар аударуы тиіс маңызды бағыттарының бірі. Жас ерекшеліктеріне тән күйзелістер мен ішкі дағдарыстар кейде терең психоэмоционалдық күйге алып келуі мүмкін. Осындай сәттерде баланың жан дүниесін түсініп, уақытында қолдау көрсету – ата-аналар мен ұстаздардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда суицид мәселесін кеңірек талқылау мақсатында біз балалар мен жасөспірімдер психологы Ақгүл Амантайқызымен әңгімелескен едік. Сұхбат барысында маман баланың ішкі күйзелісін танып-білу, суицидке итермелейтін факторлар, алдын алу жолдары туралы өз тәжірибесімен бөлісті.
El.kz: Ақгүл ханым, қазіргі таңда қоғамда суицид мәселесі қаншалықты өзекті?
Ақгүл Амантайқызы: Өте өзекті. Қазіргі таңда Қазақстан суицид деңгейі бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы орындарда тұр. Бұл – кәдімгідей алаңдататын жағдай. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасындағы жағдай өте күрделі. Бұл тек бір отбасындағы мәселе емес, бұл – бүкіл қоғамға дабыл қағатын жайт. Суицидке итермелейтін жағдайлар баланың психоэмоционалды жағдайымен тікелей байланысты.
El.kz: Бұл мәселе неден басталады? Балалар мен жасөспірімдерді тығырыққа тірейтін не?
Ақгүл Амантайқызы: Қазіргі таңда көптеген бала отбасында әкесі мен шешесі бола тұра өзін жалғыз сезінеді. Себебі ол бала эмоциялық жағынан қамтылмаған. Кішкентай кезінен ұрыс естіп, таяқ жеп өскен балалар бар. Қазір көп ата-аналар «Бізді кезінде ұрды, ұрысты – өлген жоқпыз» дейді. Бірақ қазіргі балалар мүлдем басқа. Олар алдыңғы буынға қарағанда психоэмоционалды түрде әлсіздеу келеді. Сондықтан отбасындағы сәл ғана қысымның өзі балаға үлкен әсер етеді.
El.kz: Яғни, бала үшін қолдаудың жоқтығы үлкен қауіп пе?
Ақгүл Амантайқызы: Иә, бала өзін ешкімге керексіз сезінген кезде, оны ешкім түсінбеген кезде, мәселесінен шығатын жол жоқ деп ойлаған кезде суицид – жалғыз шешім сияқты көрінеді. Бұл – ең қорқыныштысы.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
El.kz: Суицидке бейім адамның қандай белгілері бар? Ата-ана баласындағы өзгерістерді қалай байқай алады?
Ақгүл Амантайқызы: Белгілер өте көп. Мұндай бала үнемі мұңайып жүреді, қуана алмайды. Кейде көңіл-күйінде күрт өзгерістер болады: бірде тұйықталып, мұңға түсіп кетеді, енді бірде жасанды түрде шаттанғандай көрінеді. Ұйқысы мен тәбеті бұзылады. Бала жиі «мен ешкімге керек емеспін», «сендер мені жақсы көрмейсіңдер», «мен артықпын» деген сөздерді айтып жүруі мүмкін. Сондай-ақ қоштасуға ұқсас «мен өлсем, не болар еді?», «менсіз жақсырақ болатын шығар...» деген сияқты әңгімелер айтады. Бала өлім туралы жиі сөз қозғап, интернеттен суицидке қатысты ақпарат іздеуі мүмкін. Сондықтан ата-ана баласының «Google» іздеу тарихын, қандай контент қарап жүргенін бақылап отыруы қажет.
El.kz: Жасөспірімдердің мұндай күйге түсуіне әлеуметтік желілердің де әсері бар шығар?
Ақгүл Амантайқызы: Әрине. Әлеуметтік желілердің әсері – өте үлкен. Балалар, тіпті ересектердің өзі бейсаналы түрде өзін басқалармен салыстырады. Желідегі «табысты», «бақытты» адамдарды көргенде, бала өз өмірінің мәнсіз, бос екенін сезінеді. Тағы бір маңызды нәрсе – қазіргі анимелер мен кейбір сериалдарда өлім романтикаланып көрсетіледі. Мысалы, екі ғашықтың біреуі қайтыс болып, екіншісі оны сағынып, қайғырып жүреді. Бұл өлімді сұлулықпен байланыстырады, ал жасөспірім оны дұрыс қабылдамай, соны қайталағысы келеді.
El.kz: Ал отбасындағы қарым-қатынас ше? Ата-аналар балаларына қалай қолдау көрсете алады?
Ақгүл Амантайқызы: Эмоционалды қолдаудың жетіспеуі – басты себептердің бірі. Ата-ана мен баланың арасындағы әңгіме көбіне «Бүгін не жедің? Сабақ қалай өтті?» деген сияқты үстірт сұрақтармен ғана шектеледі. Терең диалог жоқ. Ата-ана баласының көңіл-күйін, сезімін түсінуге тырыспайды. Сондықтан баланы тыңдауды, қабылдауды, ашық сөйлесуді үйрену керек. Баланың шындығына ашуланбау, оны кінәламау, қандай күйде болса да қабылдау – бұл аса маңызды.
El.kz: Қоғамда психологқа жүгінуге деген қорқыныш немесе ұялу байқалады. Бұл кедергіні қалай жоямыз?
Ақгүл Амантайқызы: Бұл жерде бірінші кезекте психологиялық сауаттылық қажет. Психологқа бару – әлсіздік емес, керісінше – күш пен батылдықтың белгісі. Бұл – ішкі сауығудың, дамудың бастамасы. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, әлеуметтік желілерде психологқа жүгінуді қалыпты нәрсе ретінде насихаттау керек. Ата-ана психологқа баруды «сенде проблема бар» деген күйе жағумен емес, қалыпты жағдай ретінде көрсетуі тиіс. Осы арқылы ғана балада бұл үрей жойылады.
El.kz: Өз тәжірибеңізде суицидке бейімділік танытқан балалармен жұмыс істедіңіз бе?
Ақгүл Амантайқызы: Қазір мен балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс істеймін. Тікелей суицидке барған балалар менің алдыма келе бермейді. Бірақ ондай бала өте көп. Көбіне ата-аналар баласының суицидке бейім екенін тым кеш – яғни бала суицид жасауға талпыныс жасаған кезде немесе қол жұмсамақ болғанда ғана байқайды. Ал бұған дейін келіп, алдын алатындар өте аз.
El.kz: Суицидтің алдын алу үшін қандай нақты шаралар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
Ақгүл Амантайқызы: Біріншіден, мектептерде «Эмоционалды интеллект пен психология» пәнін енгізу қажет. Баланы ашық сөйлесуге, ойын айтуға үйрету керек. Ол үшін біз, ересектер баланың жан сырын тыңдауды үйренуіміз керек. Ата-аналар мен мұғалімдерге баланың психологиялық жағдайын ажырата білуді үйрету қажет. Бала депрессияда жүр ме, қысымда ма – осыны дер кезінде сезе алу өте маңызды. Сонымен қатар жастарға арналған тегін психологиялық көмек желілері, сайттар мен қолжетімді ресурстар көбеюі тиіс.
Біз балаларды тыңдай алатын, түсіне алатын қоғам құруымыз керек. Бұл – тек ата-ананың ғана емес, барша қоғам мүшелерінің жауапкершілігі. Бала – болашақ. Оның өмірі мен ішкі әлемі бәрімізге ортақ.
El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

