Жаңалықтар

Кеше тәжірибе жетіспей қалды – Әділ Ғалиахметов

Кеше тәжірибе жетіспей қалды – Әділ Ғалиахметов
10.02.2022 16:11 2433

Бүгін ҚР Ұлттық олимпиада комитеті Бейжің қаласынан шорт-трекшілердің кешегі өнеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. 

Айта кетсек, кеше Әділ Ғалиахметов шорт-тректен 1500 метрге жүгіруден финалға өтіп, 8-ші орын алған болатын. Мұндай жетістік еліміздің шорт-трек тарихында алғаш рет тіркеліп отыр. 

Баспасөз жиыны барысында спортшы кешегі сайыста не жетіспей қалғанын және алдағы сайысқа дайындық қалай жүріп жатқаны жайлы айтып берді.

Соңғы жылдары жарысқа дайындалып, үлкен тер төктік. Осы жарыста Қазақстан шорт-трегінің дамып келе жатқанын көрсеттік. Құттықтап жатқан барлық жанкүйерлерге алғыс білдіремін. Ертең 500 метрге жүгіруден сайысқа қатысамын, қазір соған дайындалып жатырмыз. 500 метрге жүгіруден бізде Денис Никишин, Абзал Әжғалиев сынды өте жылдам жүгіретін спортшылар бар. Олар кеше финалға шыққан спортшыларды талай рет озған болатын. Бүгін соңғы жаттығуымызды жасап, қандай формада екенімізді тексереміз, – деді спортшы.

Кеше Әділ қатысқан жарыстың финалында 10 спортшы өнер көрсеткен еді. Бір сәтте отандасымыз суырылып алдыға шықты, алайда қарсыластары оны ығыстырып, қайтадан алдыға өтуіне жол бермеді. Спортшы бұған қатысты өз ойын білдірді.

Менде тәжірибе жетіспей қалды. Өйткені шорт-тректе көптеген нюанс бар, адам өте қатты жылдамдықпен сені басып өтеді, бұл кезде оның артынан қалмай ілесіп отыру үшін үлкен жылдамдықпен жүгіруің керек. Бұлай жасауға менде тәжірибе жетіспеді. Жылдамдықты арттырып, ілесіп отырайын дегенімде мені басып озып отырды. Жетістіктің барлығы тәжірибемен келеді деп ойлаймын, әр сайыс өткен сайын нәтижемді жақсарта түсемін, – деді Ғалиахметов.

Сонымен қатар ол жарыс кезінде мұз айдыны еріп, жарысқа кері әсерін тигізігенін айтты.

Мың метрге жүгіргенде мұз еріп, жүгіруге ауыр тиді. Ал, дайындық кезінде ондай болмады, сондықтан жақсы нәтиже көрсетіп жүрдік. Бірақ бәрі бір күнде өзгеріп кетті. 1500 метрге жүгіргенде мұз жақсы болды, ол кезде көптеген әлем рекордтары орындалды және Қазақстан рекордын орнаттық, – деді ол.

Шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков өз кезегінде мұздың неліктен өзгеріп тұратынын түсіндірді.

Дайындық кезінде адам аз болады, сондықтан мұз бастапқы қалпын сақтап тұрады. Ал, жарыс кезінде адам көбейіп, жарық прожектірлері қосылады. Оның барлығы мұздың еруіне әкеледі, – деді Қарсыбеков.

baq.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға