Жаңалықтар

Керей мен Жәнібек жаңа мемлекет емес, жаңа жүйе құрды – тарихшы

Мемлекет тарихы институтының директоры, тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілмен сұхбат.
Керей мен Жәнібек жаңа мемлекет емес, жаңа жүйе құрды – тарихшы
Фото: qagro.wordpress.com 02.01.2023 11:00 5984

Қазақ хандығы тәуелсіздігінен қалай айырылды?

– Көрші мемлекеттерде түрлі қақтығыстар болып жатқанда тыныштық пен тұрақтылықтың ауадай қажет екенін сезінеміз. Біз де талай дүрбелеңді басынан өткерген тағдырлы ұлтпыз ғой. Тамыры терең тарихымыз бар. Сол тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, бірде өркендедік, бірде құлдырадық. Бұған билік арасындағы алауыздық пен ауызбіршілік тікелей әсер етті. «Алтау ала болғанда – ауыздағы кетті, төртеу түгел болғанда – төбедегі келді» дегендей...

– Дұрыс айтып отырсың. Біз мың жылдық тарихымызда бірнеше империя құрған ұлтпыз. Ғұндардан бастап Түрік пен Шыңғысханның ипериясына да біздің бабалардың қатысы бар. Ал Алтын Орда қазақ империясы болды. Жан-жақтағы елдерді бағындыру, жаулап алу секілді жолдардан біз де өттік. Бұл империялық саясат, империялық көзқарас. Бірақ сол саясаттың қателік болғанын тарих дәлелдеді. Себебі, сол саясат алып империяның құлдырауына, ыдырауына дейіп алып келді. Аяғында ұлы империямыздан айырылып қалдық.

Тарихымыздағы Керей мен Жәнібектің Әбілхайыр ханға қарсы тұруы – жаңа мемлекеттің құрылуы емес, жаңа саясаттың пайда болуы. Әбілхайыр, Керей, Жәнібек бұлар әр түрлі ұлттың өкілдері емес, туысқан, аталас саяси тұлғалар.

– Бірақ біздің қазақ атануымызды тарихшылар сол кезеңмен байланыстырады ғой.

– Бұл пікірді дұрыс деп те, бұрыс деп те айтуға болады. Себебі ол кезеңдері қазақ деген этностық емес, әлеуметтік термин болды. Өз руынан, тайпасынан, ұлысынан бөлініп саяқ жүрген жас жігіттерді қазақ дейтін болған. Жәнібек пен Керейді қазақтар деуінің де себебі осында жатыр.

Ал туысқан адамдар неге бір-біріне қарсы шықты?! Себебі саяси көзқарастары әр түрлі болды. Содан ел ішінде азаматтық қақтығыстар басталды. Әбілхайыр, оның немересі Мұхаммед Шайбани және оны қолдаған әмірлер, әмірлерді қолдаған халақ бұрынғы империялық саясатты жүргізгісі келді. Жошы ұлысын, Алтын орданы қалпына келтіруді аңсады. Керей мен Жәнібек және оларды қолдаған халық бұл саясатқа қарсылық білдірді. Бұлар қазіргі тілмен айтқанда демократияны қалады. Халық неге Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлады?! Оған себеп, Керей мен Жәнібектің әмірлерге, ұлыстарға еркіндік беруі. Сондықтан бұны саяси жоба деп айту дұрысырақ. Ал империя болуды армандаған ағайындарымыз Мұхаммед Шайбанимен бірге Мәуренахрға барып Өзбек хандығын, яғни шағын имперясын құрды. Сол кездердегі қазақ, ноғай, өзбек арасындағы соғыстардың барлығы да азаматтық соғыстар еді. Түрлі саяси жобалардың арасынан XVII ғасырда қазақ жобасы жеңіске жетті.

Керей мен Жәнібектен бастау алған сол саяси жобаның басты ұстанымы тыныштық, достық, бейбітшілік болды. Осы жолды ұстанған билеушілер үнемі жеңіске жетіп отырды.

«Біз, қалмақ пен қазақ – өзбекпіз»

– Керей мен Жәнібектен бастау алған саяси жоба – жеңімпаз жоба дедіңіз. Бірақ қазақ хандығы неге тәуелсіздігінен айырылып қалды?

– Тәуке ханнан кейін жағдай қиындап кетті. Біз тарих туралы айтқан кезде дағдарысқа ұшыраған кезіміз жайлы айтқымыз келмейді. Айтқан күннің өзінде оған сыртқы факторлардың әсерін айтамыз. Көршілес Ресей, Қытай империяларының күшеюін, өсуін, Қоқан, Бұқара хандығын себеп қыламыз. Ал шын мәнісінде, 18-19 ғасырларда ұлы дала өркениетінде үлкен дағдарыс болды.

Бізге үлкен қауіп төндірген жоңғар емес. Тарихшылардың сөзіне қарасаңыз біз ешқашан жоңғарға шапқыншылық жасамағандай, тек жоңарлар ғана бізге шабуыл жасай бергендей көрінеді. Бұл да біздің тарихымыздағы бір миф. Болмаса біз де жоңғардың елін шауып келіп, соғыс ашып отырдық. Біздің қаншама аналарымыз, әжелеріміз қалмақтың қыздары ғой. Аталарымыз оларды олжалап әкеліп әйел қылған.

Жоңғар мен қазақ үлкен ұлы дала өркениетінің екі бөлшегі еді. Бірі – түркі мұсылмандарының, екіншісі – моңғол тілдес буддистердің сарқыты. Еуропа өсе бастағанда осы екі өркениет бір-бірімен соғыса бастады. Қалдан Сереннің Әбілхайырға айтатын сөзі бар: «Біз, қалмақ пен қазақ – өзбекпіз. Ал Хиуалықтар – сарт. Сондықтан бірігіп Хиуаны алайық» дейді. Өзбек дегені Алтын орданың көшпелі халқы деген сөз. Бірақ Әбілхайыр бұған келіспейді. «Біз хиуалықтармен – мұсылманбыз. Ал сен – қалмақсың» деп жауап береді. Бұл ұлы дала өркениеті іштей түркі мұсылман, моңғол буддисі болып бөліне бастады деген сөз. Сондықтан қазақ жерін жаулап алған қалмақтар халықты буддизм дініне кіргізуге күш салған.

Ал біз үшін шын мәнісінде қауіп болған Цин империясы мен Ресей империясы. Бізде оларға қарсы тұрар ішкі бірлік болмады. Әсіресе Ресеймен қақтығыс болғанда. Бұл алауыздық Абылайдың кезінде басталды. Біздің қаншама би, батырларымыз Абылайға қарсы Ресейге хат жазды. Қай батырдың қандай хат жазғанына дейін деректер бар.

Мәселен 1821 жылдан 1841 жылға дейін Ғубайдулла хан болды. Бірақ біз оны білмейміз. Себебі оны Ресей хан деп мойындаған жоқ. Кенесары  Ресей губернаторына Ғубайдулланы босату туралы талап қойып жазған хатында «Ғубайдулла хан Уалиханов» деп жазады. Яғни, Кенесары оны хан деп қабалдаған. Кейін Ресей Кенесарының талабын орындамай, Ғубайдулланы босатпаған соң 1841 жылы Кенесары хан болып сайланады.

Бірақ ел арасында бірлік болмады. Сұлтандардың көбі Ресейге болысып кетті. Сол алауыздықтың салдарынан біз тәуелсіздігімізден айырылып қалдық. Қазақтан ешқашан бөлініп, бір-біріне қарсы қару көтеріп соғыспаған халық еді. Тарихта алғаш рет Кенесары ханның кезінде ғана қазақ пен қазақ соғысты.

– Біздің ішкі бірліктің ыдырауына Ресей империясының да ықпалы болған шығыр. Себебі олар расында да бізден күшті болды ғой.

– Әрине, Ресей империясы бізден мықты болды. Бірақ олар біздің далаға кіре алмас еді, басып алмас еді. Негізгі себеп – ішкі бірліктің жоқтығы. Мәселен, Ақмола бекінісін орыстар салған жоқ. Оны өзіміздің қазақ Қоңыр Құлжа салдырды. Сосын Ресей оған сұлтан атағы мен қарамағына жүз казак беріп қойды.

XIX ғасырдың ортасынан кейінгі зар заман поэзиясында қазақтың болашағы жоқтығы, енді ұлттың басына ақырзаман орнағаны айтылады. Себебі сұлтандар, билер тіпті молдаларға дейін ақшаға, шенге сатылып кеткенін айтып қамығады. Өздерін бүкіл әлемнің қожайыны ретінде елестетіп жүрген көшпенді мемлекеттің өкілдері енді кәпірлердің құлы болды да қалды. Сонда ұлттың әлемдік деңгейдегі көзқарастарының барлығы да дағдарысқа ұшырады. Бұл интеллектуалдық дағдарыс болды. Себебі болашақ, еркіндік, егемендік туралы ойлау мүмкін емес. Ұлт ретінде, мемлекет ретінде болашақ жоқ. Осындай тығырыққа тіреліп тұрған уақытта Абай қазаққа болашақты жарқын қылуға болатын жаңа жол сілтеді. Рас, ел арасында тұтастық жоқ, барлығы ұсақталып кеткен. Абайдың өз сөзімен айтқанда, «Бас басына би болған өңкей қиқым». Бірақ Абай бір жолдың барын анық білді және сол жолмен жүруге шақырды. Ол – оқу, үйрену, білім алу.

Шала қазақ деген кімдер?

– Абайды ұстаз тұтқан алаштықтар да осы жолмен жүргісі келді ғой. Жапониядан үлгі алып, Еуропадай дамыған, ғылымға көп көңіл бөлген ел болуды армандады.

– Қазақ хандығының жойылуы мен алаштықтардың арасында елу жылдай ғана уақыт өткен. Алаштықтардың да негізгі идеясы – тұтастық, бірілік, татулық, еркіндік болды. Алаш деген сөздің өзі этникалық емес саяси термин. Алты алаш дегенде жалғыз қазаққа қарата айтылмайтын. Мәселен, Потанинді Алаштың ақсақалы деді. Демек, осы идеяны қолдаған, осы мемлекетте тұратын азаматтардың барлығы бір алаштың баласы.

Ал Кеңестік жүйе бізді осы бірліктен айыру үшін бірнеше аймаққа бөліп тастады. Біз осы күнге дейін оңтүстіктің қазағы, солтүстіктің қазағы деп бөлініп жүрміз. Кейде «Семей Алаш тарихының басында тұрды» деген пікір айтылады. Ол ситуативтік жағдай еді. Сол кездері Алаш әскері ақтармен бірігіп Семейді қызылдардан босатып, Алаштың ордасын құрды. Әлихан да, Ахмет те, Міржақып та, Халел де батыс, шығыс деп бөлінген жоқ. Тек азаматтық соғыс кезінде бір-бірімен байланыс болмай қалды. Сол себептен ғана Ойыл уәлаяты, Торғай бөлімі, Шығыс бөлімі болды. Бірақ барлығын бір тұтас қарады.

Қазақ зиялылары күшейіп бара жатқандықтан Кеңес үкіметі ұлттар арасында дау қалатындай бөле бастады. Тәжік пен өзбектің, қырғыз бен тәжіктің, қазақ пен өзбектің шекараларында әлі күнге дейін бітпей келе жатқан дау бар. Мұның барлығы да ішкі тұрақсыздық тудыру үшін жасалған саясат. Біз әлі күнге дейін сол жүйенің құрбаны болып отырмыз.

Ақ Орда ыдырап, Қазақ хандығы құрыла бастаған тұста қазақтар мен өзбектер тек саяси себеппен ғана бөлінген, бірақ этникалық тұрғыда бір халық болды. Сондықтан кейбір деректерде өзбек-қазақ деп бірге айтылды. Тіпті қазақтар сол заманда өздерін «92 баулы өзбекпіз» деп те атаған. Өйткені 92 баулы көпшелі тайпалар – Алтын Орданың байырғы халқы саналды. Ал бұл алып мемлекетті – қазақтар, көшпелі өзбектер, ноғайлар, башқұрттар мен татарлар құраған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өз жазбасында: «Біздің арғы тегіміз – ұйғырлар, біз – өзбекпіз» дейді. Бірақ ол қазіргі ұйғырлар мен өзбектерді айтып отырған жоқ. Себебі қазіргі ұйғырларды – ұйғыр деп 1924 жылдан, ал  – өзбек деп 1920 жылдардан бастап қана айта бастаған. Ұйғырларды ол кезде тараншы деген. Сонда Шәкәрімнің ұйғыр деп отырғаны көне түрік империясы.

XX ғасырдың басында Көкшетауға келген Щербинаның далалық өлкені зерттеудегі экспедициясы кезінде жазып алынған қызық дерек бар. Жергілікті тұрғындардан осы өлкеде қай уақыттан бері тұратынын, кім екендерін сұрағанда «Барлығымыздың арғы тегіміз – өзбек. Өзбектен қазақ, қырғыз, қалмақ, естек тараймыз» деген. Қазақтың «өзбек – өз ағам» деуінің сыры осында. Яғни, барлық өзбек бір-бірімен ағайын.

Кезінде бізде шала қазақ деген түсінік болған. Олар қазақ емес, бірақ қазақтың арасына сіңген, кірме ұлттар. Егер әкесі сарт немесе қазанның татары болып өздері қазақтың арасында жүрсе, оларды шала қазақтар деп атаған. Ал қырғыз, қалмақ, естек, башқұрт, түркімен қазақтың ішіне енсе қазақ болып саналған. Тек ру болып қана айтылады. Мәселен, қырғыз руы, естек руы деген секілді. Себебі барлығы бір өзбек.

– Өткеннен бүгінге ойыссақ. Бүгінде тәуелсіз, еркін, бейбіт елміз. Бірақ біз осы тыныштықтың қадірін біліп жүрміз бе?

– Бізде қазақ пен қазақ соғыспайды деген түсінік болатын. Бірақ қазір қауіп бар. Соңғы отыз жыл бойы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп сөз жүзінде айтқанымызбен оны жан жүрегімен түсінетін қоғам қалыптасқан жоқ. Өкінішке орай әлі де Кеңестік жүйені армандап жүрген адамдар бар. Әрине, Тәуелсіздік алған жылдардан бері ішкі әлеуметтік-экономикалық мәселеде біраз қателіктер кетті. Бірақ бұл жүйеден қателіктер кетті екен деп қайта коммунистік кезеңді аңсау тіпті сорақылық. Себебі коммунизм деген ешқашан орындалмайтын қиял ғана. Осы жолды таңдау арқылы гүлденіп кеткен бірде-бір ел жоқ.

– Өткен жылдың басындағы Қаңтар қырғыны біраз үрей туғызды. Осындай жағдай қайталанбау үшін халық нені түсіну керек, билік нені ескеру керек деп ойлайсыз?

– Қазір қоғам арасында бөліну бар. Бұл соңғы уақытта болып жатқан Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты болып тұр. Бірақ біздің ішкі жағдайымызды өзіміз реттеп, өзіміз шешпесек, сырттан келіп ешкім шешіп бермейтінін түсінуіміз керек. Ешқашан бізге сырттан көмек болмайды.

Ол үшін билік пен халық арасында ашық талқылаулар болу керек. Билікке қарсы сын айтқан адамның бәрін қамап, қудалаудан мәселе шешілмейді. Егер екі адамның пікірі бір болмаса олар бір-біріне жау деген сөз емес. Барлық күрделі мәселе келісім арқылы ғана шешіледі. Күшке салып шешім қабылдаудың соңы жақсылықпен аяқталмайды.

Біздің тарихтан алар сабақ көп. Талай империя құрып, талай империядан айырылған ұлтпыз. Бізде біріксек, ашық талқыласақ кез келген дағдарыстан шығудың үлкен тәжірибесі бар. 

Негізі ең бірінші саясатты жүргізуші Президент пен министрлер емес, жергілікті әкімдер. Мәселен, қаңтар қырғыны кезінде кейбір облыс орталықтары тыныш болды. Халық жаппай алаңға жиналған кезде облыс әкімі елдің алдына шығып, жағдайды түсіндіре алды. Сөзін тыңдата алды. Себебі, ол әкімдерге халықтың сенімі болды. Бірақ бізде ондай әкімдер тым аз болып тұр. Ал кей облыстарда өкінішке орай қан төгілді. Сондықтан жаңа Қазақстанда, ең алдымен, жергілікті билік өзгеру керек. Жергілікті әкімдер институты өзгермей, бізде өзгеріс болмайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға