Жаңалықтар

Керекудегі тұңғыш театр

Театр – өмірдің айнасы
21.11.2016 08:18 13439

Керекудегі рухани қара шаңырақтың ордасы саналатын – Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрының тарихы тереңде.

Керекудегі тұңғыш театр

Ертістің Кереку өңірі – аса ірі, әрі көрнекті өнер адамдары шыққан қасиетті мекен. Ұлттық театр өнерінің қалыптасуына зор үлес қосқан драматург, жазушы, мемлекет қайраткері, алаштың арысы атанған – Жүсіпбек Аймауытов, қазақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері – Жұмат Шанин, театр өнерінің хас шебері, дарынды актер, тұңғыш кинорежиссер – Шәкен Айманов, талантты актер, қазақ өнерінің айнасы – Қаукен Кенжетаев та осы өңірдің тумалары. Кейіннен театрды кімнің атымен атаймыз дегенде – бірауыздан Жүсіпбек Аймауытовтың есімі беріліпті.

Тарихы тереңде

Өңірдегі тұңғыш қазақ театр 1938 жылы 17 қаңтарда Комсомол атындағы Бесқарағай колхоз-совхоз театры негізінде құрылған. Алғашқы директоры және режиссеры болып Қадыр Хамзин бекітілді. Талантты өнер иесі ұйымдастырушылық мол қаблетінің арқасында қысқа мерзімде жаңа театр ісін ұршықша үйіріп алып кетті. Павлодар театрының тұңғыш сахна шымылдығы Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» қойылымымен ашылды. Спектакльдегі басты рөлдерді жас әртістер Қапиза Хамзина – Айман, Бықия Асылбекова – Шолпан рөлін орындады. Кейін репертуарды «Еңлік-Кебек», «Қыз-Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесалары толықтырды.

1990 жылы сахналанған «Айман-Шолпан» спектаклінен естелік сурет

Қайта түлеген қазақ театры  

Театр тарихына байланысты тарихи деректерге үңілсек, қазақ театры өз орынын соғыс жылдары эвакуциямен келген Харьков театрына босатып беріп, өзі гастрольдік сапармен ауылдық жерлерде жүруге мәжбүр болыпты. Соғыс аяқталса да қазақ театры қала көрермендерімен қайта қауыша алмады. Облыс басшылары қазақ театрының көрермендері ауылды жерде тұрады деген сылтаумен облыстық қазақ драма театрын ауданаралық совхоз-колхоз театры дәрежесіне түсіріп,Лебяжі ауданының орталығына қоныс аудартады. Бұл шешім қазақ театрына жасалған тікелей қиянат еді. Себебі ұжымның кәсіби әртістерінің басым көпшлігі түрлі себептермен ауылға бара алмады. Осылайша 20 жылдан астам тарихы бар Павлодар облыстық драма театрына ашықтан-ашық қиянат жасалып, жұмысы тоқтатылды.

Керекудегі тұңғыш театр

Кейіннен 1989 жылы театр жұмысы қайта түлеп, өңірде театр ашу идеясы ұсынылды. Сол кездегі қалыптасқан тәртіп бойынша облыста театр ашуға рұқсатты Қазақстан мәдениет министрлігі беретін. Осылайша 1990 жылы 13 наурызда қаулы қабылданып, театр басшысы, директоры мен режиссері тағайындалды.

Т. Жүргенов атындағы театр және өнер институтының сол кездегі ректоры, белгілі театр сыншысы, мелекет және қоғам қайраткері Әшірбек Сығаевтың қолдауымен музыкалы комедия бөлімшесінің соңғы курс студенттері толығымен жаңа театрға өндірісітік тәжірибеден өтуге жіберілді. Сол жылы институт тәмамдаған жалынды жастар толығымен театр труппасына қабылданды. Павлодар театры 1990 жылы 7 желтоқсанда «Айман-Шолпан» музыкалы комедиясын сахналап, алғаш рет шымылдығын түрді. Содан бері бұл күн – театрдыңғ туған күні болып саналады. Алғашқы премьераға театр өнерінің бір топ саңлақ жұлдыздары Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов, Әшірбек Сығайев, Қаукен Кенжетаев, Бағыбек Құндақбаев, Есмұқан Обаев, Жақып Омаров, Баққожа Мұқаев, Қадыр Жетпісбаев, Асқар Егеубаев сынды азаматтар қатысты.

1992 жылы 21 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен театрға Жүсіпбек Аймауытовтың есімі берілді. Жыл өткен сайын театр ұжымы шығармашылық шеберлігін шыңдай түсті. Осы кездері репертуар Ғ. Мүсірепоытың «Ақан сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», М. Әуезовтың «Қаракөз», Ж. Аймауытовтың «Шернияз», Д. Исабековтың «Әпке», У. Шекспирдің «Король Лир», А. Чеховтың «Шағала» секілді қойылымдармен толықты.

Театрдың бүгінгі тынысы

Театрда өзінің симфониялық оркестрі, балет тобы ашылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Рахымжановтың басшылығыменоркестр қыруар жұмыстар атқарды. Соның арқасында музыкалық күрделі қойылымдар сахналауға мүмкіншілік туды. Е. Брусиовский мен Ғ. Мүсірепвтың «Қыз Жібек» операсы, И. Штраустың «Жарқанат», И. Кальманның «Сильва» оперетталарын қазақ театрлары жетістігіне жатқызуға болады.

Керекудегі тұңғыш театр

Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық дарама театрына Мұхтар Байжұманов басшылық етіп отыр.          

 «Баянсыз бақ» қойылымы

Театрда Т. Атамбек, М. Байжұманов, А. Таспаева, Г. Қайырбекова, Г. Саймасова, Т. Әбдірахимова, Б. Шәнім, Д. Ұябай, Құспанова Дина, Атамбек Талжібек, Омарова Гүлжанат сынды т.б. әртістер қызмет етуде.

«Қызыл алма» қойылымы

Театр жиі гастрольдік сапарға шығып тұрады. Аз уақыттың ішінде Астана, Алматы, Москва, Санкт-Петербург, Омбы қалаларында өнерлерін көрсетті. Түркияның Стамбул, Конья қалаларында, Мысырдың Каир қаласында өткен халықаралық фестивальдерге қатысып, лауреат атанып келді.

«Метранпаж деген не?» қойылымынан үзінді

2014 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Атаулы күнге байланысты Павлодарда республикалық аймақтық театрлар фестивалі өткізілді. Фестивальге Астана, Қарағанды, Өскемен, Талдықорған, Семей және Павлодар қалаларынан тоғыз театр қатысты. «Ар алдаспаны – Аймауытов» атты тарихи драмасы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық дарама театры арнайы сыйлыққа ие болды. Театр ғимараты алдында Жүсіпбек Аймауытовқа арналған ескерткіш орнатылды.

Керекудегі тұңғыш театр

Театр биылғы маусымын «Әбілмансұр, Сабалақ, Абылай» атты тарихи драмамен ашыпты. Бұл спектакльде бүкіл қазақтың басын қосып, бір тудың астына жинаған Абылай ханның балалық және жастық шағы баяндалады.

«Әбілмансұр, Сабалақ, Абылай» қойылымы

«Әбілмансұр, Сабалақ, Абылай» қойылымы

Театр репертуарында «Қылмыскерлер», «Қара көзілдірікті келіншек», «Адасқандар», «Қызыл алма», «Күтпеген кездесу», «Досымның үйленуі», «Филумена Мартурано», «Ең әдемі келіншек», «Мұрагерлер», «Әпкенің әлегі»,  «Бір түп алма ағашы», «Атау-кере», «Метранпаж деген не?», «Ақнұр», «Қысылғаннан қыз болдық», «Күшік күйеу», «Келіндер көтірілісі», «Өмір сүргім келеді», «Болмаған оқиға» атты қойылымдар бар.

Театрдың толық фотосуретін мына альбомнан көре аласыздар!


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттер театрдың жеке мұрағатынан алынды

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға