коллаж El.kz

Кептелісті басқаруға болады: отандық инженер-ғалым жаңа жүйе ұсынды

06.04.2026 09:15

Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда көлік кептелісі күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып кетті. Ол тек уақытты алып қана қоймай, жүйкеге салмақ түсіріп, күн тәртібін бұзады.

Енді бұл мәселені алдын ала болжауға мүмкіндік бар. Ұлыбританияда жұмыс істейтін қазақстандық ғалым Әсемгүл Қожабек кептелістің қай жерде, қай уақытта күшейетінін анықтайтын жүйе ұсынып отыр. Біз инженер-ғалыммен осы туралы сұхбаттастық.

Кептеліс неге маңызды мәселе?

Әсемгүл Қожабектің айтуынша, кептелістің адам өміріне, қала тіршілігіне, экономикаға әсері біз ойлағаннан да әлдеқайда көп.

Көлік кептелісінің негізгі салдары:
– уақыттың босқа кетуі;
– жүйкеге салмақ түсуі;
– денсаулыққа кері әсері;
– ауа сапасының нашарлауы;
– экономикаға шығын келтіруі.

Көлік кептелісі – тек уақыт жоғалту ғана емес, ол адамдардың жүйке жүйесіне, денсаулығына кері әсер етеді және қоршаған ортаға зиян келтіреді. Мысалы, Ұлыбританияда бір жүргізуші жылына орта есеппен 59 сағатын кептелісте өткізеді, ал бұл ел экономикасына шамамен 11 миллиард фунт стерлинг шығын әкеледі. Бұл тақырып мен үшін де өзекті, себебі кептелістің қиындықтарын көргенмін, – дейді ол.

Әсемгүл Алматыда өскен, мектепке бару үшін күн сайын шамамен үш сағатын жолда өткізген. Сол кезден-ақ оны «осы мәселені шешудің жолы бар ма?» деген сауал мазалаған.

Ғылымға бет бұруы

Әсемгүл ғылымға кездейсоқ келген жоқ. Ол Алматыдағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын №81 қазақ мектебінде білім алды. Алғашында «Халықаралық қатынастар» мамандығын таңдаймын деп ойлап, ата-анасымен және ұстаздарымен әңгімелескеннен кейін оның ойы өзгерген. Әкесі ғылымның артықшылығын түсіндірсе, анасы екеуі еңбек нарығын саралап, болашағы бар салаларды бірге қарастырған.

Оқи отырыңыз:

Мамандық таңдау мен үшін кездейсоқ шешім болған жоқ. Бұл шешім – нарықты талдау, қабілеттерімді және жеке ерекшеліктерімді ескеру, сондай-ақ ата-анам мен ұстаздарымның бағыт-бағдары арқылы қалыптасты. Үйде математик Асқар Жұмаділдаев және ғалым-академик Зейнолла Қабдолов сияқты тұлғалардың еңбектері жиі айтылып, ғылымға деген қызығушылығымды одан әрі арттырды. Дайын білімді жаттаудан гөрі, құбылыстар арасындағы байланысты түсінуге және «неге?» деген сұраққа жауап іздеуге деген ұмтылысым ғылым жолын таңдауыма негіз болды, – дейді ғалым.

Ол бакалаврды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Механика-математика факультеті «Қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін «Болашақ» бағдарламасымен инженерлік менеджмент бағытында білімін жалғастырып, ғылымға біржола бет бұрған.

Солдан оңға: жолдасы Асқар, әріптесі Dr. Emili, Әсемгүл Қожабек, PhD жетекшісі әрі соавторы Dr. Wei Koong Chai

Халықаралық жобаны қалай ұтып алды?

Қазақстанға оралғаннан кейін Әсемгүл ғылым жолын жалғастыруға мүмкіндік іздей бастаған. Осы кезде ол Ұлыбританиядағы Bournemouth қаласына қатысты ғылыми жобаға тап болады. Бұл қала туристік аймақ ретінде белгілі болғанымен, 2019 жылы көлік кептелісі жоғары қалалардың қатарына енген. Сол мәселені зерттеуге арналған арнайы шәкіртақы жарияланып, Әсемгүл бірнеше кезеңнен өтіп, Bournemouth University мен BCP әкімдігі ұсынған бірлескен бағдарламаны жеңіп алған.

Бұл менің жеке жетістігім ғана емес, ол ата-анамның сенімі мен батасы, Қазақстандағы салық төлеушілердің қолдауы және отбасымның демеуінің нәтижесі. Барлығына алғыс білдіремін, – дейді ол.

Әріптестерімен Transport for London Hackathon-ында
Әсемгүл студенттерімен

Қазір Әсемгүл Heriot-Watt University-де зерттеумен айналысады, сонымен қатар SDU-де студенттерге сабақ береді. Осылайша, ол бір жағынан ғылыми ізденісін тереңдетсе, екінші жағынан тәжірибесін жас мамандармен бөлісуге мүмкіндік алады.

Кептеліс «эпидемия» сияқты таралады

Ғалымның зерттеуіндегі ерекшеліктің бірі – көлік кептелісін «эпидемия» ретінде қарастыруы. Яғни бір көшеде пайда болған кептеліс оған жақын жолдарға әсер етіп, біртіндеп басқа бағыттарға таралады. Бұл идея бұрынғы зерттеулерде айтылғанымен, Әсемгүл мен оның әріптестері оны тереңдете түсіп, нақты жол желісінің өзара байланысын ескерген.

Алдыңғы модельдер қала жолдарын бірдей қарастырып, олардың арасындағы нақты байланысты ескермейтін. Ал біз жолдардың бір-бірімен қалай байланысқанын есепке алып, кептелістің сол байланыстар арқылы қалай таралатынын зерттедік. Осылайша модельді шынайы жағдайға жақындаттық, – дейді ол.

Модель қалай жұмыс істейді?

Әсемгүлдің сөзінше, қала жолдары бір-бірімен байланысқан тұтас жүйе ретінде қарастырылады. Егер бір жерде кептеліс пайда болса, ол оған жақын бағыттарға әсер етіп, біртіндеп басқа учаскелерге таралады.

Модель осы байланыстарды есепке алып, кептелістің қай бағытта және қаншалықты жылдам таралатынын болжайды. Соның арқасында қай жерде жағдай ушығуы мүмкін екенін алдын ала көруге болады, – дейді ғалым.

Кептелісті алдын ала болжау қалай көмектеседі?

Әсемгүл бұл зерттеу кептелісті бір күнде толық жоятын шешім емес екенін ашық айтты. Десе де ол мәселені дұрыс әрі уақытылы басқаруға көмектесе алады. Ең бастысы – қай жерде және қай уақытта кептеліс пайда болатынын алдын ала болжау.

Зерттеу негізінде қабылдануы мүмкін шаралар:
– бағдаршам уақытын реттеу;
– қоғамдық көлік үлесін арттыру;
– баламалы бағыттарды ұсыну;
– ең проблемалы көшелерге басымдық беру;
– ресурстарды тиімді бөлу.

Зерттеу кептелістің қай жерде және қай уақытта пайда болатынын алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Бұл қала билігіне уақытылы шешім қабылдауға көмектеседі. Мәселен, қоғамдық көлік үлесін арттыру, бағдаршам уақытын реттеу немесе баламалы көлік шешімдерін енгізу сияқты нақты шаралар қабылдауға болады, – дейді ол.

Ғалымның айтуынша, олардың ұстанымы – алдымен модельді ғылыми тұрғыда дамыту, нақты деректермен тексеру және нәтижесін дәлелдеу. Бірақ сонымен қатар зерттеуді тек академиялық ортада қалдырмай, оны саясаткерлер мен қала басқару органдарына түсінікті тілде жеткізу де маңызды.

Егер қалалар тарапынан қызығушылық болса, модельді нақты деректер негізінде бейімдеп, пилоттық жоба түрінде енгізуге дайынбыз, – дейді Әсемгүл.

Алматыға енгізуге бола ма?

Әсемгүл Қожабек модельді кез келген қалаға бейімдеуге болатынын айтады. Ең бастысы – жеткілікті дерек болуы керек. Оның сөзінше, Алматыда мұндай жүйені енгізу үшін жол қозғалысына қатысты мәліметтерді жинап, инфрақұрылымды соған бейімдеу қажет.

Жүйені енгізу үшін қажет негіздер:
– жол қозғалысы туралы нақты деректер;
– камералар мен сенсорлар;
– икемді бағдаршам жүйесі;
– дамыған қоғамдық көлік;
– баламалы бағыттар.

Біздің модельді кез келген қалаға қолдануға болады. Деректер болса болғаны. Бұл жүйе кептелістің қай жерде және қай уақытта басталатынын, сондай-ақ оның қашан шарықтау шегіне жететінін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Әрине, бұл кептелісті толық жояды деген сөз емес. Бірақ дұрыс әрі уақтылы шешім қабылдауға көмектеседі, – дейді ол.

Оның айтуынша, мұндай деректерді «Сергек» сенсорлары, камералар және басқа да бақылау жүйелері арқылы жинауға болады. Ал қозғалысты тиімді реттеу үшін бағдаршам жүйесін икемді басқару, қоғамдық көлікті дамыту және баламалы бағыттарды ұсыну қажет.

Британия парламентіндегі таныстырылым

Биылғы 17 наурыз күні Әсемгүл өз зерттеуін Ұлыбритания парламентінде таныстырған. Оның айтуынша, бұл өзі үшін ерекше тәжірибе болған. Жоба алдымен Heriot-Watt University ішіндегі іріктеуден өтіп, кейін STEM for Britain көрмесіне ұсынылған. Бұл алаңды көпшілік «жас ғалымдардың Оскары» деп атайды.

Мектепте оқып жүрген кезімде қазақ тілінде пікірсайысқа қатысып, британиялық парламенттік дебат үлгісін үйренгенмін. Сол кезде қолданған тәсілдерді енді нақты зерттеуді таныстыруда, дәл сол парламент қабырғасында қолдану мен үшін ерекше әсер қалдырды, – дейді ғалым.

Парламенттегі таныстырылым кезінде саясаткерлер де жобаның практикалық маңызына назар аударған. Соның ішінде Эдинбург қаласынан сайланған депутат Scott Arthur зерттеуде қандай деректер қолданылғанына және жобаның әрі қарай қалай дамитынына ерекше қызығушылық танытқан. Ол бұл модельдің көлік саясаты мен қала жоспарлауда қалай пайдалануға болатыны туралы нақты сұрақтар қойған. Бұл зерттеудің тек теориялық емес, қолданбалы мәні де жоғары екенін көрсетеді.

Англиядағы өмірі

Қазір Әсемгүл отбасымен Англияның оңтүстігіндегі Ла-Манш жағалауындағы Борнмут қаласында тұрады. Бос уақытында отбасымен жағажайда серуендеп, үйректер мен тиіндерді тамақтандырады, велосипед тебеді.

Әсемгүл жолдасы Асқармен, ұлы Диярмен
Ұлы Дияр анасының жұмыс орнымен танысуда

Сенбі күндері ұлы Диярмен бірге LEGO club пен үй жанындағы кітапханаға бару олардың жақсы дәстүріне айналған. Англияда өмір сүру арқылы футболмен жақынырақ танысқан. Әсемгүл – Bournemouth клубының жанкүйері, сонымен қатар «Қайратты» да қолдайды. Отандасымыз Ислам Чесноков шотландиялық Hearts клубына ауысқалы бері оның да ойынын көруді жоспарлап жүр. Болашақта Дастан Сәтпаевты да барып қолдағысы келеді.

Жастарға маңызды кеңес

Әсемгүл ғылымға қызығатын жастарға, әсіресе қыздарға бірнеше кеңес берді. Оның пікірінше, ғылымдағы ең маңызды қасиеттердің бірі – сұрақ қоя білу, мықты ортадан қорықпау және тез нәтиже күтпеу.

Ғалым ұстанатын қағидалар:
– сұрақ қоюдан қорықпау;
– өзіңнен мықты адамдардың ортасына ұмтылу;
– табанды болу;
– қызығушылықты жоғалтпау;
– тез нәтиже күтпеу;
– қоғамға қажет бағыттарды таңдау.

Біріншіден, сұрақ қоюдан қорықпау керек. Дұрыс қойылған сұрақ кейде дайын жауаптан да маңызды. Екіншіден, өзіңізден мықты адамдардың ортасына ұмтылыңыз. Үшіншіден, ғылымда нәтиже бірден келмейді. Әр тәжірибені үйрену мүмкіндігі деп қарастырыңыз. Ең бастысы, қызығушылықты жоғалтпай, табанды болу керек, – дейді Әсемгүл Қожабек.

Зерттеуге деген ұмтылыс

Әсемгүл алдағы уақытта да ғылымдағы жолын жалғастырып, зерттеулерін тереңдетпек.

Өзім тәуелсіздік құрдасымын. «Отыз – орда бұзар» дегендей, өз зерттеулерімді тереңдетіп, ғылымдағы жолымды жалғастыра бергім келеді. Зерттеуші ретінде басты мақсатым – күрделі құбылыстарды терең түсіну және оны сапалы, дәлелді зерттеулер арқылы дамыту. Сондықтан мен үшін қоғамға нақты пайда әкелуге бағытталған ғылыммен айналысу өте маңызды, – дейді ол.

Қазақстанмен байланыс үзілмейді

Әсемгүлдің сөзінше, ғылымда шекара жоқ. Қай елде жұмыс істесе де, туған жерімен байланысы ешқашан үзілмеген. Оның ата-анасы, туған-туыстары, студенттері Қазақстанда тұрады. Сондықтан әр зерттеуінде «осыны Қазақстанға қалай қолдануға болады?» деген ой қатар жүреді.

Өімді Қазақстаннан кеткен адаммын деп есептемеймін. Қай жерде жүрсем де, Қазақстанмен байланысым үзілмейді. Ғылымға қосқан үлесім елімізге де оң әсер етеді деп сенемін, – дейді ғалым.