Кенияда шетелдік туристер мінген ұшақ апатқа ұшырады
Кенияда шетелдік туристер мінген шағын ұшақ ұшу алаңынан көтерілгеннен бірнеше минут өткен соң апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға салдарынан 11 адам қаза тапты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 28 қазан күні таңғы сағат 5:30 шамасында тіркелген. Mombasa Air Safari әуе компаниясына тиесілі жеңіл моторлы ұшақ Масаи-Мара ұлттық қорығына бет алған болатын. Ұшақ Диани әуежайынан ұшқаннан кейін шамамен 40 шақырым қашықтықта, орманды әрі таулы аймақта жерге құлаған.
Әуе компаниясының мәліметінше, ұшақ ұшқаннан кейін ұшқыш байланысқа шықпаған. Әуежай диспетчерлік қызметі онымен 30 минут бойы хабарласуға тырысқан, кейін ұшақ апатқа ұшырағаны анықталған.
Апат салдарынан 11 адам көз жұмды: олардың 8-і – Венгрия азаматы, 2-еуі – Германия азаматы, ал тағы біреуі – кениялық ұшқыш.
Қазіргі уақытта тергеу органдары апаттың нақты себебін анықтап жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға кезінде Кенияның оңтүстік-шығыс жағалауында қатты жаңбыр жауған.
Масаи-Мара ұлттық қорығы – Кениядағы ең ірі табиғи аймақтардың бірі. Ол әлемге әйгілі сафари турларымен және жабайы табиғатты бақылауға арналған бағыттарымен танымал. Туристер көбіне осы өңірге жеңіл ұшақтармен қатынайды.

