Жаңалықтар

Кеңестік кезеңде еліміздегі жер атаулары 70% өзгерген

Кеңестік кезеңде еліміздегі жер атаулары 70% өзгерген
Фото: © Pixabay.com 17.05.2023 18:14 1409

Шығыстың ойшылы Конфуций осыдан екі мың жыл бұрын Қытай билеушілерінің біріне мемлекетте оң нәтижемен жұмыс жасауы үшін «Егер атаулар дұрыс болмаса, сөздердің негізі болмайды. Сөздердің негізі болмаған жағдайда іс те жүрмейді және халық та не істерін білмейді» деген екен. Кеңестік кезеңде еліміздің жер, су атауларының 70% өзгертілді. Ұлаңғайыр даламыздағы Қызылқайын, Бөрлі, Жусанды, Алтынды, Қоғалы сынды әдемі атаулардың барлығы Федоровка, Каменевка, Борисовка, Михайловка атанып кетті.

Ірі қалаларымызда Семипалатинск, Степногорск, Целиноград атанды. Тәуелсіздік алғалы көптеген елді-мекендер мен жер суларымыздың тарихи атауы өзгергенмен бұл жұмыста Солтүстік өңірлер баяу жұмыс жасап келе жатқаны рас.

Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіптің айтуынша:  «Астана мен Алматы қалаларында, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында ілгері басқанымен, Шығыс, Солтүстік, Батыс және Арқа өңірлерінде жер-су атаулары әлі де сол бұрынғысынша қалып келеді. «Әсіресе, Қарағанды, Павлодар қалаларында, ономастикалық тұрғыдан қарағанда қоғам да, саясат та өзгермегендей, қып-қызыл, әлі Ильичтің рухында тұр. Өскемен, Қостанай, Петропавл жағында әлі де жағдай жетісіп тұрған жоқ. Жетістік бар ма? Бар. Ең бірінші жетістік ҚР «Ономастика туралы» Заңы қабылданды» деді.

Кеңестік кезеңде еліміздегі жер атаулары 70% өзгерген

Алайда, жүйелі жұмыс жүргізіп тарихи атауларымызды қайтару үшін бұрыңғы заңдарда көрсетілген «елді мекенде тұратын тұрғын халықтың кем дегенде 50% қолдап дауыс деру керек» деген жері бұл мәселенің түйінің шешуге кедергі  келтіріп отырғандығы байқалады.

Солтүстіктің көптеген ауылдарында жүз пайыз өзге ұлттар тұратын елді мекендер бар. Олардың идеологиялық ескірген атауларды өзгерту мәселесіне келгенде шовинистік көзқарастары оянып кететіні жасырын емес.

Ал қазақтардың арасында елді мекендер мен көшелерге атау беруде өздерінің руларына, ата-бабаларына бұра тарту мәселелері көптеп кездеседі. Мысалы: Солтүстікте Махамбет пен Исатай атында ауыл немесе көше жоқ.

Батыста Мағжан Жұмабаев атында көше немесе ауыл жоқ. Тіпті бүкіл қазақтың ойшылы, ақыны әлем мойындаған Абайды мойындамай тек ғана семей өңірінің еншісіне қалдырып келе жатқанымыз өтірік емес.

«Бар қазақтың баласы» деген түсінік жоғалғалы қашан. Көшелерді қарасаң сол ауылда туып өскен немесе ауданда еңбек істеген адамдардың ғана есімдерін қойғылары келеді.

Сондықтан да ауылдарға, мектептерге, алаңдарға адам есімін беруде «сенікі», «менікі» деместен, ұлтқа ортақ ұлы тұлғалардың есімін берген жөн. Мұны жергілікті мемлекеттік басқару органдарының басшылары қатаң бақылауы тиіс. Көбінесе «Қайынды», «Қарағайлы», «Бұлақсай, «Ақбұлақ»  секілді қазақи атауларды да қойғаны жөн. Тіл мәселесі мен ономастика саласы өте мсаңызды сала. Солтүстік өңірлерде әкімдік жанындағы тілдерді дамыту басқармалары да жемісті жұмыс жасауы қажет. Солтүстік қазақстанның, Қарағанды, Павлодар облыстарының тілдерді дамыту басқармаларының тіпті үндері шықпайды. Қоғам олардың атқарып жатқан жұмыстарынан бейхабар.

Мысалға, Ақмола облысының әкімдігі тілдерді дамыту басқармасын осыдан бес жыл бұрын жауып тастады.

Қазір ішкі саясаттың бір бөлімі ретінде ғана жұмыс істеп отырған тіл саласы жалтақтап, құзіреті кеміп қалғаны рас. Бұл мәселе бірнеше мәрте көтерілгенмен Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев мырза селт етер емес. Ономастика мәселесіндеп арқа төсіндегі Ақмолада Степногорск қаласы, Целиноград ауданы, Бурабай ауданның Щучинск қаласы, Жарқайын ауданының Державинск қаласы, Бұланды ауданының Макинск қаласы, Астрахан ауданы атаулары  әлі күнге дейін өзгертілмеді.

Бұл тек ірі аудан орталықтары. Бұндай ауылдар батыс өңірлерде де жеткіліті. Ресеймен шекаралас Орал қаласының төңірегі түгел телінген атауларға тұнып тұр.

Ал Николаевка, Михайловка, Константиновка, Яровславка, Капитоновка әлі де толып жатыр. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы ахуал тіптен мүшкіл. Әрине, бәрін жоққа шығаруға болмас. Алайда, өте баяу тіпті әдейі уақытын созып отырған сияқты көрінеді. Болашақ ұрпағымыз Ярославка, Кругловка емес Дәуқара мен Егіндіағаш ауылында туып өстім дегеннің өзі идеология емес пе? «Ұлтқа қызмет ету мінезден», деп Әлихан бабамыз айтқандай, кей шенеуніктерге мінез жетіспейтін сияқты.

2009-2019 жылдары жетпіс пайыздан астам өзге ұлттар тұратын Ақмола облысының Аршалы ауданында 350 ден астам көше мен 11 ауылдың атауын ың-шыңсыз ақ өзгертіп жіберген едік. Мұндай жұмыстарды жүргізу үшін батылдық, шешендік пен қатар терең тарихи білім қажет екені сөзсіз.

Әр аудан, ауыл әкімдері өздері басқарып отырған елді мекеннің тарихын терең білгені жөн. Сонда ғана идеологиялық әдістермен өзге ұлттарды көндіруге болады. Әрине, бұл мәселе де бас ал десе шаш алуға болмайды. Қазақстанда туып өсіп, өмірін елге арнаған қаншама өзге ұлтты жерлестерімізде баршылық. Олардың есімдеріне мүлдем тиісуге болмайды.

Керісінше оларды көтермелеп, тіпті ескерткіштер қою керек. Себебі олар біздің азаматтарымыз. Көпэтносты қазақ мемлекетінде трайбализмге, русофобияға жол бермей өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай жұмыс жасаудың түрлі тәсілдерін құра отырып «Бір тілді, біртұтас Қазақстан» құруға болатынын ойлаған жөн.

Осыған байланысты ономастика саласын жетілдірудің оның маңыз, мәртебесін арттырудың бірнеше жолын ұсынбақшымын.

Биік мінберлерден қанша айтылғанмен, ономастика мәселесінде нақты нүктесін қойып жүйелі жұмыс жүргізудің кезі келген сияқты. Ономастикалық мәселені жоғары деңгейде қарастыру қажет. Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет Комитетінде ономастика басқармасы бар.

Бар жоғы екі адамнан тұратын басқарманы  Мәдениет Комитетінен, Архив, құжаттама және кітап істері Комитетінің геральдика басқармасының құрамына қосып жатыр.

Құзіреті жоғары, елдік маңызы бар жұмыстарды атқарып отырған басқарманы жетімсіретпей, Мәдениет және спорт министрлігінен Ономастика департаментін құратын кез келген сияқты.

Архив істері Комитетіне жақында барлық кітапханалар берілді. Сонымен бұл Комитеттің құзыреті өскен сайын штаты қосылмаса ананың басын бір шалып, мынаның басын бір шалып жүргенде нәтиже болар қояр ма екен? Мәдениет және спорт министрлігінің құрамындағы республикалық ономастикалық комиссияны Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөнінде республикалық комиссияға қосуды ұсынар едік.

Ұлттың рухы оның тілінде. Рухы сөңген ел құлға айналады. Жан –жағына жалтақтап өскен халықта құлдық сана қалыптасады. Ұл, қыздарымызда «Бұл елдің әрбір тасы, жотасы, өзені, тауы мен айдың көлі, асқар таулары менікі» деген сезім оянбай, Қазақ өзінің қасқыр мінезді, жауынгер батыр халық рухына қайта келуі неғайбыл.

Оның басты шарты ана тілімізді дамыту.Қалаларымыз бен ауылдарымызға, көшелерімізге, табиғи көрікті мекендерімізге өз атауларын қайтару. Бұл идеологиялық ауқымды жұмысты ұрандатпай, шулатпай, қолданыстағы заң нормаларын пайдаланып отырып жүзеге асыру басты мақсатымыз болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға