Жаңалықтар

Кенесарының өлімнен аман қалуы туралы

Кенесарының өлімнен аман қалуы туралы
04.11.2015 10:46 3280

Кенесары туралы әртүрлі аңыздар бар, әртүрлі қызықты деректер бар. Соның бірі Кенесарыны өлімнен, қауіптен аман алып қалған Ахметжанның көрегенділігі жайлы. Егер ол ескертпесе, сондай-ақ, ескертудің өзін байыппен, парасаттылықпен жеткізбесе Кенесары оқыс қимылдап құрбан болып кетуі мүмкін еді. Ендеше, сол аңыз туралы сөз етейік.

Кенесарының өлімнен аман қалуы туралы

Кенесарының бір әйелі орыс патшасының қолына түсіп қалыпты. Содан кейін Кенесары Атбасар қаласын шауып, екі жүз орысты ұстап алып, қаланың алғашқы салған орнын жоқ қылып, өртеп жіберіпті.

Кенесары орыстан тұтқын ұстағанда қас қарая көшіп, шолпан туа елді қондырып, солай екі-үш көшкен соң, тұтқынды бос қоя беріп, отын тасытқызып, от жаққызып, жұмыс жасатады екен.

Бұрын көрмеген жерлері болған соң, қайдан келіп, қайда тұрғанын біле алмай, тұтқындар басы айналып қаша алмайды екен.

Сол тұтқын орыстардың өздеріне: «Менің әйелімді қайтарып берсең, мен қолымдағы тұтқындарды аман-сау түгел босатамын, өзім саған шарт қойып бағынамын, бір жылға дейін әйелімді қайтармасаң, түгел қолымдағы бар орыстарды бірін қалдырмай қырамын», – деп патшаға хат жаздырыпты. «Осы жазуды патшаға жеткіз», – деп, хатты беріп, бір орысты Атбасарға апарып тастайды.

Ол хатты поштамен патшаның қолына тигізеді.

Патша хатты алған соң мақұлдап, әйелді көп сыймен қайтарып қоя береді. Әйел елге келгенде, жұрт ханның ордасына жиналып, ханыммен амандасып, біреулер: «Орыс халқы қандай ел екен?», – деп сұрапты. Ханым: «Орыс өнерлі ел болады екен», – дегенде, Кенесары әйелді көзімен атып жібере жаздапты.

Әйел басқа сөз айта алмай, патшаның жіберген қымбатты сыйларын шығара бастайды. Ел берген сыйларға разы болып, көріп отырғанда, ханым құлпырып тұрған бір көк шұбар сандықты алдына қойып, қалтасынан кілтін алып: «Осы сандықты патша өз қолынан беріп, кілтін ашқанда хан өз қолымен ашсын деп, тапсырып беріп еді», – деп кілтті ханға беріпті.

Кенесары ашуға ыңғайлана бастағанда, оң жағында отырған Ахметжан Кенесарының кілт ұстаған қолын ұстай алып: «Тақсыр, осы патша бізбен басында қас еді ғой, абайлап ашсақ қайтеді?», – десе керек.

Кенесары тоқтай қалып, түрулі тұрған есіктің дәл алдынан, анадай жерде көрініп тұрған төмпейдің үстіне сандықты қойғызып, өзі үйдің төрінде отырып, садақпен көздеп тұрып, тартып қалғанда, сандық тарс етіп атылып кетіп, төмпейді көтеріп тастап, өзі қайда кеткені белгісіз жоқ болып кетіпті.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға