Жаңалықтар

Кенесары-Наурызбай

Абылайдың қалмақтан алған әйелінен Қасым хан туған, бір әйелінен Уәли хан туған. Абылай Бөген бойының Боралдаймен ұштасқан жерінде ауырып жатып, Көкшетаудағы баласы Уәли ханды шақырады.
24.02.2015 09:31 7558

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан «Бабалар сөзі»  атты 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлермен бөлісейік. Бұл 100 томдықта еліне қорған болған хандардың өмірі туралы да деректер беріледі. Соның ішінде Кенесары-Наурызбай туралы жазылған деректерді ұсынамыз.

Кенесары-Наурызбай

Абылайдың қалмақтан алған әйелінен Қасым хан туған, бір әйелінен Уәли хан туған. Абылай Бөген бойының Боралдаймен ұштасқан жерінде ауырып жатып, Көкшетаудағы баласы Уәли ханды шақырады.

Уәли хан Көкшетаудан ауырып жатқан әкесіне он алты күн салт атпен жүріп жетеді. Абылай ауырып жатып елдің билерін жиып алып, баласы Уәли ханды орнына хан сайлағанын айтады.

Абылай өлісімен оның балаларының арасынан араздық туып күшейіп, Қасым ханды «қалмақсың, хан емессің» деп шеттете бастайды. Оған шыдамаған Қасым хан бөліне көшеді. Екі ұл арасынан жанжал шығып, ол бала-шағаға шейін араздасуға алып келеді. Бұл араздық Кенесары мен Шыңғыс арасын да шығады.

Қасым ханның бір әйелінен: Есенкелді, Сарыжан, Ағадай, Кенесары, Бопы, Көшек, бір әйелінен - Наурызбай, бір әйелінен Үсен туған. Уәли ханның баласы Шыңғыс және басқалары Петерградқа оқып, «ұлы» шенге ие болып, қазақ даласын патша әскерінің басып алуына жәрдемдескен.

Уәли хан ауылына патша салдаты келеді-міс, Қызылжар, Ақмешітке патша салдат тұратын кірепіс салады деген хабарды естісімен Кенесары ауылы Көкшетауды тастап, Түркістанға қарай қаша көшеді. Кенесары қашып көшіп келе жатып, Түркістан барып «Қазақ дуанын» шақыратынын хабарлайды.

Кенесары Наурызбайдың бірнеше ауылмен қашып бара жатқанын және «Қазақ дуанын» шақыратынын Уәли хан ауылы есітіп, қасына салдат алып, көп адаммен артынан қуады. Қуғыншыдан хабар алған Кенесары ауыл еркегімен бірге жасырынып кетеді. Ауыл шабуылға дайындалып еру болып отырып қалады.

Көкшетаудан келген көп қуғыншы Кенесары ауылын шауып, оның бар жарар мүлкін, малын алып, қатын-балаға шейін таяққа жығып, Кенесары, Наурызбайды қолға түсіре алмай, Кенесарының Күнімжан деген әйелін біраз адаммен ұстап алып кетеді. Кенесары Күнімжанын жанынан жақсы көреді.

Сондықтан іздеп келмей тұрмайды, сонда өзін ұстаймыз деп жоспар құрады. Бұл оқиғадан соң Кенесары көп қол жинап, Ақмешітке кеткен Күнімжанға барады. Кенесары астыртын жаушы жіберіп, Ақмешіт қаласында бекініп жатқан үш жүз салдаттың барын біледі. Ескі шапанға май құйып, патша әскері жатқан ағаш дуалға от қоймақ болады.

Қалмақ Қараберкін деген майлаған шөп арқылы дуал түбіне от қойысымен дайындалып тұрған Кенесарының атшы жігіттері, найзаның басына түйреп тұрған бір-бір бума қу ақ шөпті шауып барып жанған отқа тастайды.

Өрт күшейіп, салдаттар сөндіре алмай, ағаш қорғаннан қашып шығысымен аңдып тұрған Кенесары үш жүз салдатты түн ішінде жеңіп, ондағы қару-жарағын қолға түсіріп, тұңғыш рет Кенесары қаруланады.

Тұтқыннан Күнімжанды таба алмай, Ақмешіт қаласындағы барлық ұлықтардың қатын-қызын айдап, қайтып ауылына келеді.

Ақмешітті патша салдатынан тазартумен қатар, өзіне көп сарбаз жиып алады. Қатын-баласынан айырылғандардың ізденуімен Күнімжан барлық ауыл дүниесімен қайтарылып, қолға түскен әйелдерін қайтып алады. Ағыбай, Бұғыбай, Беркін, Жұман т.б. өзіне серік көп батырлар жиналады. Міне, Кенесары, Наурызбайдың патшаға қарсылығы осылай басталады.

«Қазақ дуанын» шақырып, оған көп ел қатысады. Қатар жатқан қырғыз, өзбек халқына дуан атынан сарбаз көмек сұрап он екі адам жібереді.

Патшаның сыбайласы Уәли хан ауылына қарсы күресуге шақырады. Стамбулға әскер оқуына бала жібермек болып, халықты патшаға қарсы күреске шақырады. Бастығы Нысанбай етіп, Піспек, Тоқбаққа кісі жібереді. Ташкенге адам жібереді. Өзбек халқы оны мақұлдап, патшаға қарсы күреске күш жинап, Ақмешітпен Түркістан арасындағы әскерімен қазақтардың ұрысына қосылады.

Ол сарбаздарды Кенесарының Сыздық деген баласы басқарып жүреді. Ол кезде Кенесары ауылы Әулиеатаға қарай көшіп келе жатады. Қырғыздардан көп жігіт алып, патша салдатына қарсы бармақ болады. Алдынан Піспек барған адамдары шығып, қырғыздардың «игі жақсылары» сарбаз бермей, қайта өзімізді мазақтап, көп әуреледі дейді.

Сол қарсаңда Кенесарының өзі мініп жүретін Тортөбел аты ұрланады. Оны қырғыздың ұры жұмсайтын «игі жақсысы» ұрлатып алып барады. Екі жақты бірдей қорлық көрген Кене хан өжеттікке салып, ауылын шауып, қорқытып, сарбаз алмақ болады. Кенесары, Наурызбай қырғыздармен сол ұрыста 1849-50 жылдары өлген. Сонда Кенесары қырық алты жасында, Наурызбай жиырма төрт-жиырма бес жасында екен.

Наурызбай өлген соң оның әйелін Кенесарының Тайшық деген баласына қосқан. Онан бір жылға жетпей Жүніс деген бала туған. Ол бала Наурызбайдан қалды деп белгіленген. Жүніс сексен екі-сексен үш жасында өлген. Кенесары, Наурызбай өлген соң ауылы кейін үрке көшіп, Түркістан үстіне келген.

Кенесарыұлы Сыздық бастаған қазақ, қалмақ, өзбектер Түркістанда жеңіліп, Ташкен барған. Ташкенде қырық екі күн ұрысып, ашыққан халық қақпаның бір жағын ашып қашқан. Бұхар мен Хиуа хандықтары Сыздыққа бағынбай, патша әскерінің алдынан сырнайлатып шыққан.

Оған патша «жеңілдік» беріп, Хиуа, Бұхар хандығы көп жылдар өмір сүрген. Одан күдер үзген Сыздық Үргеніш, Қашқар барады. Ол кезде Кенесарының бір баласы Жаппар жүрген бір топ Ерназар, Бекет батырлар қолға түскен. Жаппар сол салдат ұстағаннан кейін он төрт жылдан соң босап келіп, ауылында өлген.

Сыздық Үргеніш, Қашқарда ақырғы рет жеңіліп, қолына оқ тиіп Индияға жүріп, Қытай қызын алып, Сәвей содан туылған.

Қытай әйел Сыздық өлгеннен кейін ашуланса, басқа бір тілмен (шүлдірлеп дейді) сөйлеп, жан адам түсінбейді екен. Оны қариялардың көбі көрген. Патша үкіметі қазақ елін қырғыз, өзбектерді тегіс жаулап, отарлап алып болған соң, Сыздық өз еліне келіп өлген.

Патша Сыздыққа: «тұқымыңнан салық, салдат алмаймыз» деп жарлықта жазған деседі. Оған Сыздық иланбаған.

Сыздық батыр жеті жерде жол тосып, патша әскерімен ұрысқан. Ең алғаш Қазалыда, Ақмешітте (Ақмешітте жеңілген соң, Кенехан сарбаз жинауға кеткен). Бірақ көп адам қарумен қаша ұрыс қылып, Сыздық жалғыз қалған деседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға