«Кендірлі» су тұщыту зауыты қаншалықты тиімді болады
«Кендірлі» су тұщыту зауытын құру өңірдің су мәселесін шешуше септігін тигізеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Маңғыстау облысындағы «Кендірлі» теңіз суын тұщыту зауытының құрылысы жалғасып жатыр. Болашақ жаңа зауыттың қуаты тәулігіне 50 мың текше метр тұщы су өндіруге жетеді. Бұл жаңа нысан Жаңаөзен қаласы мен оның айналасындағы елдімекендердегі ауыз су тапшылығын шешуге бағытталған.
Жаңа зауыттың құрылысы өңірдегі ауыз су мәселесін шешуге және «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Зауыттың толық іске қосылуы Жаңаөзен тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуін қамтамасыз етіп, өңірдің өнеркәсібінің тұрақты дамуына ықпал ететін болады.
ҚМГ төрағасы Асхат Хасенов зауыт құрылысын қарап, оның негізгі өндірістік ғимараттары – су тұщыту цехы, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар, бас сорғы станциясы мен басқа да қосалқы алаңдар құрылысын тексерді. Ол жоба өңірді ауыз сумен қамту саласында маңызды қадам екенін атап өтті және оны іске асыру өңірде су тапшылығын шешу жолындағы негізгі шешімдердің бірі екенін айтты.
Бұл зауыт Жаңаөзен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар, ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды әсер етіп, халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді, - деді ҚМГ басшысы.
Оның айтуынша, 2025 жылдың мамыр айының соңына дейін су тұщыту зауытын толық аяқтап, пайдалануға беру тапсырылды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына 654 адам мен 200-ден астам құрылыс техникасы жұмылдырылған. Бұған қоса, Жаңаөзенге тұщытылған су жеткізу үшін ұзындығы 201 км болатын магистральды су құбыры мен 80 км-ден астам электр желілері салынды.
Зауытты іске қосу барысында 116 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бұл жоба өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту және тұрғындарға сапалы ауыз су жеткізуді қамтамасыз ету үшін маңызды рөл атқаратын болады.