Жаңалықтар

Кемел адам – өзгелерге үлгі болатын идеал

Адам жанының ең биік бөлігі – сана.
Кемел адам – өзгелерге үлгі болатын идеал
16.04.2017 18:29 10144

Әр қоғамның кемел адам бейнесі жайында өз түсінігі болады. Кемел адам – өзгелерге үлгі болатын идеал. Оның қандай болатыны қоғамда қалыптасқан рухани құндылықтарға байланысты.

Антика қоғамында кемел адам тұжырымдамасы сана культіне сүйенеді. Ежелгі грек ойшылдарының айтуы бойынша адамның жаны үш бөліктен тұрады: сана, ерік және сезім. Адам жанының ең биік бөлігі – сана. Кемел адам еркі мен сезімін ақыл-ойы, санасына бағындыра алатын адам. Бірақ барлық адамның санасы жақсы дамыған деп айта алмаймыз. Кемел адам болу үшін әрдайым ойыңды жетілдіріп, ақиқатты табуға ұмтылу қажет. Сократ бойынша адам кездескен қиыншылықтарды жеңе отырып ақиқатқа ұмтылады, соның нәтижесінде жақсылық пен зұлымдықты ажырата алады. Платон тұжырымдамасы бойынша кемел адам – мінсіз мемлекет азаматы, қоғамның ең жоғарғы өкілі – ойшыл-философ. Бірақ философ болмаса да әрбір адам жеке басының мәселелерін мемлекеттен жоғары қоймауы керек, әйелдерді үй жұмысынан босатып, балалар тәрбиесін мемлекет өз мойнына алуы қажет. Әрине дәуірге тән кемел адам бейнесін бір философтың көзқарасымен елестетуге болмайды, Платонның идеясын сынға алғандар да көп болды. Бірақ жалпы алып қарасақ антика дәуірінің өмір сүру салты әр азамат белсенді түрде  мемлекетке қызмет ететін полис-қалалармен байланысты.

Батыс дүниетанымымен салыстырғанда Шығыс мәдениетінде адам санасы жоғары тұрмайды. Ой-сана, ерік, сезім, интуицияның алар орны әртүрлі. Батыс көзқарасында дүниені тану сыртқа, табиғатты, қоғамды тануға бағытталады, ал Шығыс К.Юнг классификациясы бойынша интроверт. Өзіңді өзгерту сыртқы әлемге әсер етуден де қиын. Буддизмге сәйкес кемел адам өз қалауыңнан бас тарта алған адам.     

ХХ ғасырдың соңында гуманисттік психология қалыптасты. Бұл бағыттың жарқын өкілі А. Маслоу кемел адам атанудың жаңа концепциясын жасап шығарды. А. Маслоу: «Ең басты Үлкен Проблема жақсы адам қалыптастыру. Адамдар жақсы болуға тырыспаса жойылып кетуі мүмкін, тіпті биологиялық түр болып сақталсақ та әрдайым қорқыныш пен үрей сезімімен өмір сүретін боламыз». А. Маслоу бойынша «Жақсы адам» белгілері:

  • шындықты қабылдау;
  • өзіңді, өзгелерді, табиғатты қабылдау;
  • шынайылық, қарапайымдылық;
  • міндетіңді басты орынға қою;
  • жалғыз болу қажеттілігі;
  • автономдылық, қоршаған ортаңнан тәуелсіздік;
  • адам мінезінің демократиялық құрылымы;
  • мақсатыңның айқын болуы, жақсылық пен жамандықты ажырата білу;
  • философиялық әзіл;
  • тұлға қылып қалыптастыратын шығармашылық;

Ғарифолла Есімнің тұжырымдамасы бойынша жақсы адамдар деп пайғамбарлар, әулиелер, хакімдер және кәміл адамдарды айтамыз. Шәкәрім ең жақсы адам не қылған кісі дегенде көпшілікке Абай дәстүрімен сұрақ қойып отыр. Абай жақсы адамның кім екенін отыз сегізінші сөзінде былайша талдап берген. Ол үшін, оның Хауас сәлим деген ой-тұжырымына назар аударайық. Хауас сәлим араб сөзі, оның қазақша мағынасы адамның өзіне тән болған дұрыс қасиеті, мінез-құлқы. Бұл дұрыстыққа адам қалай жеткен дегенді Абай былайша түсіндірген. Адамның Хауас сәлим, яғни жақсы адам атанауы үшін алты шарт қажет, олар: жақсы тән саулығы, жақсы туыс, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз. Адамда жоғарыда айтылған қасиеттері болса ол «аты адам болады», ал ісімен жақсы болу үшін келесі үш мәселені меңгеруі қажет: «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық...»

Алла тағаланы танымақтық тек оған сену емес,оның кереметтерін тану, оны Жаратушы деп түсіну, мойындау. Жаратушыны танып-білуге тура жол жоқ, оны біз тек өз құдіретімен жаратқандары арқылы білмекпіз. Бар болмыстың бәрі Жаратушының кереметтері, яғни Жаратушыны тану деген сөз бүкіл жаратылысты тануға талпыныс. Ғылымдар типологиясын қарасақ жаратылыстану ғылымдары деп физика, биология, химия т.б. айтамыз, бұл ғылымдардың бәрі жаратылыс құбылыстарын, заңдылықтарын зерттейді. Сондықтан Жаратушы идеясын мойындаған адамның жаратылысты тану арқылы Алланы танымақтығы айқын болады. Алла тағаланы танымаққа бастайтын жол – ғылым.

Адамның «өзін танымақ» дегенге келсек бұл проблема төңірегінде психология, философия ғылымдарында көптеген теория, концепциялар бар. Адам өзін өзгелер арқылы таниды. Орыс тілінде өзін танымақты «самопознание» дейді, бұл арнайы білім саласы болып табылады.

«Дүниені танымақ» дегеннен дүниетаным ұғымы шығады. Философия ғылымының басты мақсаты – дүниені тану. Абай дүниенің көркін сезіну, білу, тану адамның өзіне нұр, көрік береді деген. Адамның асыл қасиеттерінің бірі нұрлы ақыл да осыдан шыққан.   

Әр нәрсенің екі жағы болатындықтан жақсы адамға қарама-қарсы жаман адам болады. Біз жаман адамды жан-жағымыздан іздейміз, өзімізден жамандықты көрмейміз. Демек, біз үшін жаман адам бізден өзге жан. Адамның жаман атануы нендей жайларға байланысты? Адам тумысынан жаман болып өмірге келе ма, әлде өмір талқысы оны қағып-соғып, шалажансар етіп тына ма? Жақсылықтың жақсылығы жамандық немесе оның нышаны болған жерде ғана анықталады, ал жамандықтың нышаны не нәрседе, қай мезгілде болмасын байқалады. Жақсы адам деп кісі ҿлтірмеген адамды айтуға болады. Кісі өлтірген адамды жақсы адам деп айта алмаймыз. Егер адамның идеясы кісі өлтіруге жұмыс істесе, ол жақсы адам емес. (Ғарифолла Есім, Абай туралы философиялық трактат)

Ғарифолла Есім «Жақсы қазақ» болудың жеті бағытын көрсеткен. Жақсы қазақ болуы үшін бай немесе ауқатты болуы керек, қазіргі жақсы қазақ іскер болуы керек, дәстүрін жақсы білу, қазақ қызын идея деп тану, ата, әке, немере арасындағы сабақтастық.

«Мәңгілік ел» ұлттық идеясы – бұл тәуелсіздігімізді және мәдени дәстүрімізді, қазақ халқының саяси–этникалық бірлігін, ата-бабаларымыздан қалған мұраны, ұрпақтар сабақтастығын сақтап қалудың жаңа концепциясы. «Жаңа қазақ» концепті ұлттық «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру үшін қажет, себебі ұлы мемлекетті тек лайықты адамдар ғана жасай алады.

«Жақсы қазақ» идеясы – инновациялық ұғым. Ұлтымыздың имиджі мен беделін көтеру үшін ізгі ниетпен еңбек ету, жаңа нарселерді ашу, жақсылыққа ұмтылу қажет. Ешкім ойлап таппаған, аналогы жоқ нәрсені жасау – инновация. Міне, Жақсы қазақ идеясы және Мәңгілік Ел философиясы - инновация. Жақсы қазақ болмаса, біз Мәңгілік ел орната алмаймыз.

Есеналина Айжан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға