«Келін» телехикаясының жұлдызы Астанаға келді
2 наурыз күні Астанадағы «Қазмедиа орталығында» «Қара шаңырақ», «Келін» телехикаяларының басты кейіпкерлері Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин және Сидхарт Шукхланың қатысуымен баспасөз маслихаты өтті.
Басқосуға «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Олжабайқызы және «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының директоры Ілияс Башарұлы қатысты.
«Мен Қазақ еліне келер кезде бұл елден не күтерімді білмедім. Бірақ, әуежайдан түскен сәттен бастап, қазақ халқының өте қонақжай халық екенін байқадым. Сіздер де біздер сияқты отбасы құндылықтарына үлкен мән бересіздер», – дейді Сидхарт Шукхла.
Актердың афтограф-сессиясына сауда-ойын сауық орталығында 23 000 адам жиналды. Жанкүйерлер сүйікті әртісімен суретке түсіп, тілмаштың көмегімен емін-еркін сөйлесуге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, ол келген сәттен бастап бірнеше фотосессияға қатысып, тіпті, кейбір адамдардың суретке түсуден шаршаған жоқсың ба, деп сұрағанын айта келе: «Сол сәттерде айналамдағы адамдар, әсіресе, қыздар сұлулықтарымен тәнті етті. Тіпті, Қазақстаннан кеткім де келмей қалды. Өкінішке қарай, бүгін еліме ораламын. Сіздердің қонақжайлылықтарыңызды сағынатын боламын», - деді С.Шукхла.
Танымалдылығы турасында қойылған сауалға актер: «Актер болмас бұрын мен модель болдым. Ал «Келін» – мен түскен төртінші телехикая. Танымалдылығыма келер болсақ, «Келінге» дейін мені екі адам білетін. Ал, қазір төрт адам таниды», – деп жауап берді.
Сөз алған Ләззат Олжабайқызы: «Ұлттық арна эфирінен көрсетіліп жатқан «Қара шаңырақ» және «Келін» телехикаялары – отбасылық құндылықтарды насихаттайтын туындылар. Бүгінде шетелдік туындылардан телеарнамызда тек «Келін» телехикаясы ғана көрсетілуде. Біз отандық өнімдерді барынша қолдауға күш салып жатырмыз», – деді.
«Келін» телехикаясы туралы Сидхарт Шукхла: «Келін» Үндістанда да танымал және үздік телехикаялардың бірі деуге болады. Жұртты телехикаяның қалай аяқталатыны қызықтырады. Ал мен жоғары рейтинг беретін телехикаяның соңын не үшін күтесіздер деп жауап қатамын?», – дейді.
«Қазақстанның киноиндустриясы туралы көп біле бермеймін. Бірақ, сіздердің елге келгелі бері қазақтың актерлерімен таныстым. Байқағаным, олар халық арасында өте танымал, халық оларды жақсы көреді»,- дейді актер.
Театр мен киноның қайсысын таңдар едіңіз деген сауалға актер Азамат Сатыбалды: «Бұл - бөліп-жарып қарауға болмайтын сұрақ. Актерлер киноға да түсіп, театрдан да шет қалмауы керек. Себебі, театр - актерліктің іргетасы. Біз - театр актерлеріміз, қызметімізді де сол жерден бастадық. Кино - маусымдық қана. Ал, егер бұл аралықта театрға бармай қойсаң, қарайып қаласың. Актер үнемі жұмыс істеуі қажет. Актердің танылуы үшін, театрда ойнау жеткіліксіз. Сүйікті актерін кино арқылы таныған көрермен театрға да келетін болады», - дейді.
Актер туралы қысқаша ақпарат
Сидхарт Шукхла Мумбайда дүниеге келген. 34 жаста. 2008 жылдан бері актер шеберлігін шыңдап келеді. Бұдан бұрын сән бизнесінде қызмет атқарған. «Жұлдыздармен би билеу» шоуына қатысқан. Үстел теннисімен және футболмен шұғылданады. 2013 жылы Үндінің телевизия Академиясы Сидхартқа «Жыл әртісі» атағын берген болатын. Сол жылы жыл сайынғы «Zee Gold Awards»ТВ сыйлығының нұсқасы бойынша ол ең «беделді» актер атанды. Үндінің «Stardust» кино туралы журналы 2014 жылы оны киноиндустриядағы «Үміт күтетін жас актерлердің бірі» деп баға берген болатын. Ал Үндінің жыл сайынғы «Filfare awards» киносыйлығы үнді тілінде түсірілген фильмдердегі жетістіктері үшін Сидхарттты «Ерлер дебюты-2015» сыйлығына ұсынды. Қазіргі уақытта сидхартүндінің белгілі продюсері Каран Джохармен үш фильмге түсу үшін шартқа қол қойды.
Айгүл ШЕРНИЯЗОВА