Жаңалықтар

Келесi жылы елiмiзде асқынған қатерлi iсiкке ота жасала бастайды

Әдiлбек Мұқажанов
13.10.2016 11:30 2873

Келесi жылдан бастап елiмiзде iш қуысының канцероматозы, яғни iш қуысына түгел таралған қатерлi iсiкке ота жасауды қолға алу жоспарланып отыр. Ендi iш қуысы органдары обырының асқынған IV сатысы саналатын ауруды қазақстандықтардың өздерi емдейтiн болады. Құны шетелде 100 мың долларға дейiн жететiн операцияны отандық хирургтер тегiн жасамақ. Бұл жақсы жаңалықты Онкология орталығы хирургия департаментiнiң басшысы Әдiлбек Мұқажанов жеткізді.

Келесi жылы елiмiзде асқынған қатерлi iсiкке ота жасала бастайды

«Iш қуысының канцероматозы тоқ iшек, тiк iшек, асқазан мен әйелдер жыныс бездерiнiң обырынан туындайды. Бұндай диагнозбен адам 1-3 ай өмiр сүредi. Науқастың өмiрiн бiршама ұзарту үшiн iш құрылысына шауып кеткен iсiк пен iш қуысын пердесiмен бiрге алып тастау керек. Отадан кейiн iш қуысын химиялық препараттармен 100 минут бойы тазартып, залалсыздандыру қажет. Қазақстанда бұндай операция жасалмайды. Көбiнесе ол шетелде, АҚШ, Еуропа, Оңтүстiк Корея мен Жапония сияқты дамыған мемлекеттерде жасалады. Соны бiз өз тәжiрибемiзге енгiзбекшiмiз. Қазiр елiмiзде канцероматоз ауруына шалдыққан науқастарға химиялық терапия мен симптомдық ем ғана жасалады. Осы арқылы науқастардың өмiрiн жарты жылға ғана ұзартуға болады. Ал шетелде жасалатын операцияның арқасында адамдардың өмiрi бес жылға ұзарады», - дейдi Ә.Мұқажанов.

Маманның айтуынша, шетелде бұл ота өте қымбат тұрады, оның бағасы 50 мың доллардан 100 мың долларға дейiн құбылады. Баға отаның күрделiлiгi мен отадан кейiнгi емге байланысты қалыптасады.

Келесi жылы елiмiзде асқынған қатерлi iсiкке ота жасала бастайды

«Бiздiң онкология орталығымыздың үш дәрiгерi «Болашақ» бағдарламасы бойынша бiр жарым жыл бойы АҚШ-тың Питсбург қаласындағы Питсбург университетiнiң медициналық орталығында тәжiрибеден өтiп келдi. Қазiр бiздiң мамандарымыз дайын, қажеттi құрал-жабдықтарды әзiрлеп жатырмыз. Бiз келесi жылдан бастап бұл операциялар Қазақстанда жасала бастайды деп ойлаймыз. Оталар қазақстандық науқастарға кепiлдендiрiлген тегiн медициналық көмек аясында жасалмақ. Қазiр бiз бұл операцияны қалай өткiзу керек, қандай дәрiлер қажет, қанша күн жатып емделу керек екендiгiн анықтап, хаттама дайындап жатырмыз», - дейдi Ә.Мұқажанов.

 Келесi жылы елiмiзде асқынған қатерлi iсiкке ота жасала бастайды

Бүгінгi таңда АҚШ-та осы әдiстеменi енгiзiп, қолданып жүрген ең мықты мамандардың бiрi, Питсбург университетiнiң медициналық орталығыны докторы, профессор Дэвид Бартлетт төртiншi күн бойы осы әдiспен қазақстандық науқастарға ота жасап, отандық хирургтерге шеберлiк сабағын өткiзiп жатыр. Доктор 4 күнде 4 науқасқа ота жасады. Бұл профессордың Қазақстанға үшiншi рет келуi. Ол елiмiзге 2013 және 2014 жылдары келiп, тәжiрибемен бөлiскен болатын.

«Бiздiң операция iсiк ауруы асқынған адамдарға жасалып, олардың өмiрiн ұзартуға көмектеседi. Бүгiн бiз асқазанында iсiгi бар науқасқа ота жасадық. Оның iсiгi асқазанынан шығып, өтiне де жайылып кеткен. Iсiктi асқазаннан және ол тараған барлық жерлерден алып тастадық», - дедi Д.Бартлетт.

 Келесi жылы елiмiзде асқынған қатерлi iсiкке ота жасала бастайды

Онкология орталығының маманы Әдiлбек Мұқажановтың мәлiметiнше, қазiргi таңда елiмiзде канцероматоз ауруымен 3 мыңнан астам адам тiркелген және бұл толық статистика емес. Қазақстанда операцияға мұқтаж адамдардың саны аз емес, дейдi ол.

«Елiмiзде және бүкiл дүниежүзiнде қатерлi iсiктi диагностикалау және емдеу проблемасы бар. Халқымыз ерте тексерiлiп, өзiне ерте диагностика жасауы керек. Қазақстанда бұған барлық жағдай жасалған, бiзде қазiр түгел облыстарда дәрiлер де, хирург мамандар да жеткiлiктi. Елiмiзде кеш диагностикалау пайызы жоғары, өйткенi азаматтарымыз медициналық көмекке тым кеш жүгiнедi, алдын-ала тексерулерден өтпейдi, скринингтiң өзiне келгiсi келмейдi. Неғұрлым ерте келiп, көмек алып, аурудың IV сатысына жеткiзбесе, толық жазылып кету мүмкiндiгi бар. Iсiк ауруының I және II сатысында адам 90-100 пайызға жазылып кете алады», - деп қорытындылады Ә.Мұқажанов.


Ақпарат - Baq.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға