Жаңалықтар

Келесі жылы мектеп пәндері 100% электрондық оқулықпен қамтылады

Келесі жылы мектеп пәндері 100% электрондық оқулықпен қамтылады
Фото: Жеке мұрағат 05.10.2023 14:49 3699

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек», – деп айтқан еді. Жолдау аясында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі электронды оқу басылымдарын сараптау және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Мейіржан Серікбайұлынан сұрады.

Спикердің сөзінше бүгінде орталықта оқу материалдарын цифрландыру бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.

Электронды оқулықтардың дәстүрлі оқулықтан артықшылықтары –мультимедиялық, интерактивті контенті мен функциялары. Мұндай мүмкіндіктер білім сапасын жақсартуға жене баланың оқуға деген қызығушылығын арттыруға көмектесетініне сенімдіміз. Қазіргі таңда орта білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылған электронды оқулықтардың жалпы саны 436-ға жетті. Бұл оқу пәндерінің 80%-ы цифрлы оқулықтармен қамтылғанын білдіреді. 2024 жылы барлық мектеп пәндерін электронды оқулықтармен 100% қамту жоспарлануда, – дейді бөлім басшысы.

Бүгінгі таңда негізінен білім жүйесінің барлық сатылары электрондық оқулықтар жасаумен шұғылданып келеді. Бүгінде бұл орталықтан электронды оқулықтар бірінші сараптамадан өтеді.

Электронды оқулықтарды жасап шығарумен баспалар және ІТ-компаниялар айналысады. Ал республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы дайын оқулықтарды сараптамадан өткізеді. Оқу әдебиетінің сапасын бағалау және іріктеу жүйесі бірнеше кезеңнен тұрады. Ғылыми және педагогикалық сараптама, сынақ, пәндік комиссияларда қарастыру. Сонымен қатар өңірлерде мұғалімдермен оқулықтарды талқылау, қоғам мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық талқылау ұйымдастырылады, – дейді ол.

Cараптама – орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтарды және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидаларымен регламенттелген.

Осы кезеңдерден өткен басылымдар оқулықтар мен ОӘК тізбесіне енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдайтын пәндік сараптама комиссиясының қарауына беріледі. Мектеп оқулығының сараптамасына сарапшы сертификаттары бар ғалым және орта білім беру ұйымдарының кемінде екі педагогы-практигі тартылады.

Электронды оқулықтарға сұраныс биыл өскен. Спикердің айтуынша электронды оқулықтарды сатып алу жергілікті атқарушы органдар құзіретінде.

Оларды пайдалану өзектілігі биыл айтарлықтай артты. Айтып өткеніміздей, орта білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылған электронды оқулықтардың жалпы саны 436-ға жетті. Тағы 255 электронды оқулық сараптамада, – дейді электронды оқу басылымдарын сараптау және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Мейіржан Серікбайұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға