Жаңалықтар

Келесі жылы да су шаруашылығы мамандарының еңбекақысын көтеруді жалғастырамыз - министр

Келесі жылы да су шаруашылығы мамандарының еңбекақысын көтеруді жалғастырамыз - министр
Фото: gov.kz 27.09.2024 01:30 466

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі су шаруашылығы құрылыстарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Министр ең алдымен Самарқанд су қоймасына барды. Нұржан Нұржігітов нысанның жұмысымен танысып, техникалық және тұрғын үй-жайларды аралап, жұмысшылармен сөйлесті.

«Биыл «Қазсушар» қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға өсті. Еңбекақысы тариф есебінен төленетіндердің де, республикалық бюджеттен алатындардың да айлығы көтерілді. Келесі жылы да біз су саласындағы мамандардың еңбекақысын көтеру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі лайықты түрде бағалануы тиіс»,- деді министр.

Нұржан Нұржігітов Ынтымақ су қоймасында су тасқынының дабыл жүйесін тексеріп, жергілікті ГЭС жұмысымен танысты.

Одан әрі министр Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Министр ведомствоның негізгі жұмыс бағыттары туралы баяндамадан бастады. Нұржан Нұржігітов жаңа Су кодексінің кәсіпорындардың суды қайта пайдалануы жөніндегі ережелерді мұқият түсіндіріп берді.

«Мемлекет басшысы кәсіпорындардың таза ауыз суды ұтымсыз пайдалануы мәселесін бірнеше рет көтерді. Сондықтан біз жаңа Су кодексіне кәсіпорындарға суды тазартып, қайта пайдалануды міндеттейтін норманы енгіземіз. Осы норма күшіне енген күннен бастап екі жыл ішінде кәсіпкерлер тазарту жүйелерін орнату жоспарын ұсынуы тиіс»,
- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Қарағанды облысының тұрғындары министрге суармалы су тарифі, су саласындағы еңбекақы, жерасты суларын қорғау, Қ.Сәтбаев атындағы каналдың сорғыларын қайта жаңарту, өңірдің суармалы жерлерінің көлемін ұлғайту, еріген қар суын жинау және т.б. мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Ашық форматтағы әңгімеден кейін Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке қабылдады.

Одан кейін министр Шерубай-Нұра су қоймасына барды. «Топар» МАЭС басшылығымен су қоймасынан электр энергетикасының қажеттіліктеріне су беруді ұлғайту мәселесін талқылады.

Министр Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Жартас су қоймасына да барды. Нысан өңірдің 10 500 га суармалы жерін сумен қамтамасыз етеді. Жергілікті шаруалардың айтуынша, биыл су тапшылығы байқалмаған. Көктемгі тасқын кезінде Жартас су қоймасына 468 млн текше метр еріген қар суы келді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға