Жаңалықтар

Келесі жылы аудан және облыс әкімдерінің сайлауы өтеді

2023 жылы сайлау пилоттық режимде, ал 202 жылдан бастап жаппай өткізіле бастайды
Келесі жылы аудан және облыс әкімдерінің сайлауы өтеді
Фото: gov.kz 10.12.2022 07:20 1599

Келесі жылы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды El.kz Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.

Пилоттық режимде алдымен облыс мәслихаттары облыс әкімінің ұсынысы бойынша аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін және сайлау өтетін күнді бекітулері қажет.

Кандидаттарды ауыл әкімдерін сайлау үдерісіндегідей, яғни тіркелген саяси партиялар және жоғары тұрған әкім ұсына алады. Егер ұсыну мерзімі аяқталған кезде бір ғана канди­дат болса, оған балама ретінде облыс әкі­мі екінші кандидатты ұсына алады. Ал кандидаттар мүлдем болмаса, онда облыс әкімі екі кандидатураны ұсынады, - дейді ведомство.

Сондай-ақ тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырады. Егер мәліметтер бұрыс не анық болмаса, аумақтық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеуден бас тартуға құқылы.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлау науқанын өткізудің жалпы кезеңі шамамен 60 күн, оның ішінде сайлау қорытындыларын шығаруға және нәтижелерді белгілеуге бөлінген күндерді есептемегенде 50 күнді құрайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға