Астана қаласы әкімдігі

«Келешек мектептері» жобасы білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтереді – Ғани Бейсембаев

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде соңғы алты жыл ішінде елімізде білім беру инфрақұрылымын дамытуда бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі. 

Министрдің айтуынша, Қазақстанда миллион оқушыға шақталған мыңнан астам заманауи мектеп салынды.

«Жайлы мектеп» – бұл XXI ғасыр талаптарына сай келетін заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам. Бұл жай ғана мектеп ғимараттары емес, бұл – болашақ ұрпақтың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуеті қалыптасатын инновациялық білім кеңістігі, – деді Ғани Бейсембаев.

Министрдің мәлімдеуінше, енді бұл жобаның атауы «Келешек мектептері» деп өзгертіледі.

Бұл атау жаңа мектептердің басты миссиясын нақты көрсетеді. Бұл Қазақстан балалары үшін тең мүмкіндіктер беретін болашақ мектептері, – деп атап өтті министр.

Жоба аясында бүгінге дейін еліміздің түкпір-түкпірінде 100-ден астам жаңа мектеп салынды. Бұл мыңдаған оқушы үшін білім алу жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді. Мәселен, Астанада «Жайлы мектеп» стандарты бойынша 9 мектеп ашылып, үш ауысымда оқыту мәселесін біршама шешуге сеп болды.

Ғани Бейсембаев «Келешек мектептері» жобасы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық басымдықтардың бірі ретінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.