Келер жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 50 млрд теңге бөлінеді
Қызылордада «Ауыл аманаты» бағдарламасына арналған республикалық семинар аясында секциялық отырыстар өтті. Қатысушылар «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырып, өңірлер арасында тәжірибе алмасты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Еске салсақ, «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес басталды. Оны іске асыру үшін өткен жылы 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд. теңге бөлінді.
Бүгінгі таңда 2023 жылы бөлінген қаражат шеңберінде 95,6 млрд теңгеге 16 мың шағын несие беріліп, 17 мың жұмыс орны құрылды, 7,1 млрд теңгеге 337 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылды. Ағымдағы жылы бөлінген қаражат шеңберінде 4,7 млрд теңгеге 426 шағын несие беріліп, 614 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2,6 млрд теңгеге 105 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылды», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
АШМ мәліметінше, бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін 2025 жылы 50 млрд. теңге қарастырылған, оның ішінде Түркістан облысына - 7,4 млрд теңге, Қызылорда облысына - 5,5 млрд теңге, Жамбыл облысына - 5 млрд теңге, Ақтөбе облысына - 4 млрд теңге және т.б. бөлінеді.
Министрлік шағын несиелендіру рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Ауыл аманаты» цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілді. «АӨК-дегі экономикалық саясаттың талдамалық орталығы» ЖШС-мен бірлесіп, өтінімдерді электронды түрде беруге және қарауға мүмкіндік беретін шағын несиелендірудің ақпараттық жүйесі әзірленіп, іске қосылды.
Кредиттеу процестерін автоматтандыру онлайн-режимде өтінім беруді қамтамасыз етеді, микрокредит беру процестерін жеделдетеді және оңтайландырады, шешім қабылдауға адами факторлардың қатысуын төмендетеді, сондай-ақ деректердің егжей-тегжейлі мониторингі мен талдауын жүргізуге ықпал етеді. Қазіргі уақытта ақпараттық жүйе барлық өңірлерде жұмыс істейді және қарыз алушылардан өтінімдер қабылдау жүзеге асырылуда.