Жаңалықтар

Кедейлік, сені қайтейін?

Кедейлік, сені қайтейін?
28.02.2022 17:00 3757

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, пандемияға дейін, 2020 жылдың басында әлемде 736 миллион адам немесе дүниежүзі халқының 10 пайызы кедейлер қатарында болған. Әлемдегі кедейлер саны пандемия уақытында күрт артқан. Иә, COVID індетінен кейін қыруар өндіріс орындары тоқтап, жұмыссыздық көрсеткіші 2 есеге артты. Осы жағдайға байланысты БҰҰ «әлемде аштық пен жұмыссыздық күрт көбейді» деп дабыл қағып, әлем елдерін кедейлікпен белсенді күресуге шақырған болатын. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш кедейлік пен теңсіздік мәселесін көтеріп, «мұны тез арада тоқтатып, қарыз дағдарысымен күресуіміз керек және ең мұқтаж елдердің дағдарыстан сауығып кетуі үшін инвестиция алуын қамтамасыз етуіміз қажет», – деген еді. БҰҰ кедейлік шегін негізгі тауарлар мен қызметтерді (азық-түлік, киім-кешек, тұрғын үй, су, электр қуаты, оқу, медициналық көмек) сатып алуға қажетті табыс деңгейі ретінде анықтайды. Халықаралық сарапшылар кедейлік деңгейі салыстырмалы ұғым, ол белгілі бір елдегі әл-ауқаттың жалпы деңгейіне де байланысты екенін айтады.

Кедейлік, сені қайтейін?

Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда әлемнің 2 миллиард 200 миллион тұрғыны кедей. Бұл дегеніңіз жер шарын мекендеген халықтың 14%-ы кедей дегенге саяды. Оның 11%-дан астамы абсолютті кедей, қазақшалап айтсақ, тақыр кедей. Оған қоса 780 миллионнан аса адам халықаралық ең төменгі кедейлік шегі көрсеткішінен (1,9 доллар) төмен жағдайда тіршілік етеді. Дүниежүзілік банктің есебінше, Қазақстанда күніне 1,9 долларға өмір сүретін тақыр кедей жоқтың қасы. Бірақ бұл біздің елде жағдай тәуір дегенді білдірмесе керек. Салыстырар болсақ, елімізде кедейлік көрсеткіші 2002 жылы 28% болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 2% төмендеген. 2019 жылы еліміздегі кедейлік көрсеткіші 9%-ке дейін түскенмен, пандемиядан бері ол көрсеткіш күрт артуы мүмкін.

Пандемия да, әлеуметтік әділдік мәселесіндегі кемшіліктер де қосыла келгенде Қазақстандағы кедейлер мәселесі өзекті болып тұр. Мұны өз сөзінде ел президенті де растады. «11 қаңтарда парламентте айтқанымдай, бай мен кедей арасындағы алшақтық жол беруге болмайтын деңгейге жетті. Жемқорлық жағдайында табыс алшақтығы оқ-дәрі толы бөшкеге жаққан сіріңкедей әсер етті... Халықаралық сарапшылар, атап айтқанда KPMG Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында деп тұжырымдайды, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды. Яғни, жылдық табыс 1,3 мың доллар деген сөз. Мұндай ақшаға өмір сүру әрине мүмкін емес», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың айтуынша, Қазақстан дүниежүзіндегі төменгі күнкөріс деңгейі ең төмен елдердің бірі. Біздің мемлекет бұл көрсеткіште Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің қатарында тұр. «Еуропалық елдерде кедейлік орташа табыстың 60 пайызы деңгейінде белгіленеді. Сонымен бірге пандемия басталғаннан бері тұрмысы төмен үй шаруашылықтарының қаржысына инфляцияның өсуі нұқсан келтіріп, соған байланысты әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеп кетті. Мысалы Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары. Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар. Ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызын құрайды. Яғни 36 мың теңгенің 70 пайызы», – дейді ол.

Кедейлік, сені қайтейін?

Бұл тұрғыда әлеуметтік әділдік мәселесі де алға шығады. Жалпы әлеуметтік әділдік ұғымын қалай түсінеміз, елдегі кедейлік, әлеуметтік жік, топтар, теңдік пен баршаға бірдей лайықты өмір мәселесі қалай қозғалып отыр деген сауалды әлеуметтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Гүлнафис Орынбасарқызы Әбдікероваға қойған едік.

«Абсолютты әлеуметтік әділдік ұғымы утопия да шығар. Бірақ әлеуметтік әділдік орнауы үшін халықтың кедей топтарының мөлшері белгілі бір шектен төмен түспеуі керек. Елде кедейлер көбейіп, байлар мен кедейлер арасы күрт алшақтаса ешқандай да әлеуметтік әділдік орнауы мүмкін емес. Әлеуметтанушылар айтатын орта топ ұғымы бекер қозғалмайды. Себебі қандай елде де кедейлер мүлдем жоғалып кетпейді. Мұндағы басты мәселе орта топтың көбеюі. Сол жағдайда ғана қоғамда әлемуеттік жағдайы жақсарған адамдар тобы, тиісінше қоғам әл-ауқаты көтеріледі. Жалпы, қазіргі жаһандану жағдайында бүкіл әлем мен Қазақстандағы өзгерістер, әлеуметтік әділдік ұғымын орнату принципі, кедейлікпен күресу, әлеуметтік теңдік орнату жағдайлары бір-бірімен тығыз байланысты. Халықтың тұрмыс-тіршілігі де, жұмыссыздық та өте өзекті жағдай. Мұның барлығы әлеуметтік әділдік принциптеріне негізделген азаматтық қоғам құрудың басты ұстанымдары. Кешегі қаңтар оқиғасы, оның алдындағы түрлі халық толқулары әлеуметтік әділдік мәселесіндегі кемшіліктердің бар екенін айқын көрсетіп берді. Бұл жағдайды билік тез түсініп, бірқатар бағдарламалар ұсынуға тырысып жатқаны да құптарлық іс. Бір нәрсе анық болмағы керек: қандай жағдайда да ел ішіндегі әлеуметтік әділдік, кедейлікпен күрес, теңдік мәселелері «жабулы қазан» күйінде қалмауы тиіс», – дейді әлеуметтанушы Гүлнафис Орынбасарқызы.

Кедейлік мәселесін Парламенттің жоғарғы палатасында сенатор Мұрат Бақтиярұлы да көтерген болатын. Ол кедейлік деңгейінің статистикасын төмендетіп көрсету мәселені шешу емес екенін де баса айтқан еді. «Жергілікті атқарушы органдар, Үкімет жұмыссыздық пен кедейлік деңгейін үнемі төмен көрсетумен келеді. 2021 жылы Үкімет елде 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетсе, кедейлік деңгейі 4,5%-дан аспайды деген ресми ақпарат берді. Осы шындыққа сәйкес келе ме? Бізде статистикалық мәліметтер облыс әкімдері мен Министрліктердің ыңғайына қарай, бұрмаланып беріліп келген. Елдегі осы кезге дейінгі кедейлік деңгейін анықтауда қолданып келе жатқан Қазақстандық тәсіл кедейлікті төмендетіп көрсетіп келеді. Кедейлік шегін өлшейтін әлемдік стандарттарға шығуға бізге не кедергі болып отыр? Сондықтан да Үкімет бірінші кезекте кедейлікпен күресудің жаңа жүйесін жасау керек. Келешекте жалған статистикадан толыққанды арылу керек», – деген еді сенатор.

Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында да кедейлік көрсеткішін азайтудың нақты көрсеткішін белгілеу керегін жеткізген болатын. «Қазақстанның басты әлеуметтік проблемасының бірегейі – халықтың басым көпшілігінің кедейлігі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Әрбір басқару деңгейінде кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштерін белгілеу керек деді президент. Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған. Табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға – 3,2 АҚШ доллары, табысы орташадан жоғары елдер үшін – 5,5 АҚШ доллары. Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құрайды. Ресейде күніне 6 доллар. Ең төменгі күнкөріс деңгейі өте төмен болғанның өзінде 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны ресми түрде 998 мың болды. Ал бейресми сарапшылар бұл көрсеткіш 1,5 миллионға тең екенін, тіпті одан да жоғары екенін айтады. Халықтың жаппай кедейлігі мемлекет үшін де өте қымбатқа түседі. Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей келеді», – дейді Е.Саиров.

Мәжіліс депутаты өз сауалында әлеуметтік көмек пакетін алу мәселесін де қозғаған еді. «2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке сұраныс өсіп, мұқтаж адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған адамдардың саны азайды. Бұл фактор өз кезегінде зәру азаматтардың әлеуметтік жағдайын төмендетіп жіберді», – дейді Е.Саиров. Депутат елдегі кедейлік мәселесін шешу үшін: елдегі жалпы ішкі өнім деңгейінің халықаралық стандарттарына сәйкес, Қазақстанда кедейлік шегін арттыру; қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу; ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіре отырып, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру; екі төменгі жалақы мөлшерінде табыс алатын азаматтарды жеке табыс салығынан босату; ең төменгі жалақыны жыл сайын индексациялау мәселесін шешу; ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы сақтандыру жүйесін жетілдіру керек деп есептейді.

Кедейлік, сені қайтейін?

Әлеуметтанушы Г.Әбдікерова кедейлікпен күрестің негізгі сипаты әлеуметтік әділдік принциптеріне негізделуі керек деп есептейді. «Әлеуметтік әділдік – қоғамның материалдық және рухани даму деңгейі арқылы объективті түрде анықталатын адамдар арасындағы қарым-қатынастың ең жоғары принципі. Ол адамдар, әлеуметтік топтар арасындағы теңдік өлшемі десе де болады. Иә, әлеуметтік әділдіктің ұстыны өзгермелі, бір кездері ол әдет-ғұрып пен мәдени дәстүрге тәуелді болды, кейде үлкен әлеуметтік топтардың мүддесіне, материалдық және рухани даму деңгейіне байланысты болды. Қазір жеке адамға қатысты барлық кемсіту тоқтатылып, құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігі бекітілгенде ғана әлеуметтік әділдік орнады деп сеніммен айта аламыз», – дейді.

Кедейлікпен күрестің тетігін мемлекет басшысы өз сөзінде айтып өтті. «Азаматтардың бақуаттылығы және әлеуметтік қамсыздығы мемлекеттің басты назарында болуы керек. Санмен ойынды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» сияқты теминдермен бүркемеленуді жақсы көреді. Бұл әлеуеметтік еңбек саласын сапалы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Жұмыс нақты әрі әр азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың әр деңгейінде кедейлікті төмендетудың нақты көрсеткіштерін бекіту қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға